Германияда әлемдегі ең ежелгі шалбардың көшірмесі жасалды
Германияда әлемдегі ең ежелгі шалбардың көшірмесін жасаған, деп хабарлайды «Хабар 24». Осыдан 3 мың жыл бұрын тігілген осы киімді Еуразия даласында жүргізген қазба кезінде тапқан еді. Жәдігерді қалпына келтіру ойы келген Неміс археология институтының профессоры Майки Вагнер сол экспедиция құрамында болған. Көшпелі ата-бабаларымыз киген шалбардың әлем қауымдастығына маңызы қандай болғанын келесі сюжетімізден білесіз. Көшпенділердің бұл ежелгі шалбары 2014 жылы табылған. Археологтар осындай киімді бұрын да тапқан, бірақ бұл ең көнесі болып шықты. Жасы үш мың жылдан асады. Мұны зерттеу барысында тәжірибелі неміс археологы Майки Вагнер анықтаған. Құрғақ жерде жатқандықтан, жақсы күйде сақталыпты. Ол тек жасымен ғана емес, күрделі пішімімен де ерекшеленеді. Әлем археологиясындағы ең маңызды жобалардың біріне қатысуы туралы Майки Вагнер кітап жазған. Бұл туындысының таныстырылымы осыдан 4 ай бұрын Франкфурттегі кітап жәрмеңкесінде өтті. Майки Вагнер, Неміс археология институты еуразия бөлімінің ғылыми директоры: - Кітабымызда шалбарды кім, қайда және неліктен ойлап тапқаны туралы жаздық. Бұл жөнінде тек археология қауымы ғана емес, бүкіл әлем көбірек білуі тиіс. Жүн тілімін зерттеп, бұл шалбардың жасы 3 мың жылдан асатынын анықтағаннан кейін, мұны маңызды жаңалық деп атағаным есімде. Бұл әлемде сақталған ең ежелгі шалбар екенін білдіреді. Оны зиратта ер адамның үстінде таптық. Ол салт атты жауынгер болған деп санаймыз. Неміс зерттеушілері ежелгі шалбардың көшірмесін жасауды шешкен. Бұл жай экпонат ғана емес, оны киіп, атқа мініп те көрді. Алайда бұл үшін бір жыл бойы тынбай еңбек еткен. Фрау Халлгрен ұзақ уақыт ежелгі қолөнер әдістемелерін зерттеп, сәйкес жіпті таңдап жүрген. Ақыры көне шалбардың сырын ашып, дәлме-дәл көшірмесін тігіп шықты. Моа Халлгрен, тоқыма дизайнері, «Жібек жолының модасы» жобасының әзірлеуші ассистенті: - Мәселен тізесінде күрделі ою бар, оны қалай істегенін білген жоқпын. Сол себептен түрлі әдісті байқап көрдім. Оны қайталау оңайға соққан жоқ. Сәйкес келетін мата табу да қиын болған. Шалбар үш бөліктен тігілген. Мен көне тоқыма белдігін қолдандым. Ал қой жүнінен иірілген жіпке арнайы тапсырыс бердік. Бұл шалбар атқа мініп жүруге ойдағыдай жарайтынына көзіміз жетті. Неміс археологтары Қазақстан Жібек Жолының негізгі бөлігі болғанын айтады. Олар елімізге қуана келетінін жасырған жоқ. Ұлы дала елінің әлі талай сырын ашуға болатынына сенімді.
www.24.kz