Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «АРАЛ ДОСТАРЫ»:ӘЛЕМДІК МӘСЕЛЕГЕ ӘЛЕУЕТТІ ҚОЛДАУ АРТА ТҮСТІ

«АРАЛ ДОСТАРЫ»:ӘЛЕМДІК МӘСЕЛЕГЕ ӘЛЕУЕТТІ ҚОЛДАУ АРТА ТҮСТІ

Халықаралық симпозиумда сонымен бірге, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекішев экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған шараның маңызы жоғары екенін және бұған мемлекет ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі және БҰҰДБ тұрақты өкілі Норимаса Шимомура Арал мәселесіне қатысты өз ойын білдірді.
– Біздің қызмет аясына Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру және экологиялық мәселелерін толық жою кірмейтіні құпия емес. Дегенмен, біз осы проблеманың қоршаған ортаға және осы аймақта әрі оның сыртында тұратын миллиондаған адамдарға жойқын әсерін жергілікті халық үшін әлеуметтік және экономикалық көмекті барынша арттыру арқылы азайта аламыз. Ендігі жұмысымыз аймақ тұрғындары үшін лайықты жұмысқа орналасып, үздік сапалы әлеуметтік қызметтерді алуға, өмірлерін жақсартуға көмектесу, – деді ол өз сөзінде.
Симпозиум жұмысының келесі бөлімінде «Астанаға Аралдан сәлем» атты бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар теңіз төскейіндегі халықтың бүгінгі тұрмысымен таныс­ты. Одан соң жобалар мен ұсыныс-пікірлерге кезек берілді. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев және «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Шиего Катсу модератор қызметін атқарып, қатысушыларды ашық пікір алаңына шақырды.
Осы отырыста Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Арал өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға 3 млн. доллар бөлуге ниетті екенін білдірді. Мұны БҰҰ-ның резидент-координаторы, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура мәлімдеді.
– Дүниежүзілік банк, халықаралық Аралды құтқару қоры және көптеген ұйым аталған мәселені шешуге өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аталған проблеманы шешуге ниетті. Біз қызылордалық әріптестерімізбен біріккен жобаны жүзеге асырмақпыз, – деді ол.
Жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаржы көлемі – 3 млн. доллар. Жоба негізінен 3 бағытқа бөлінген. Ол – әлеуметтік, экологиялық және экономикалық салалар. Мәселен, Арал өңірінің тұрғындары бұрын балық шаруашылығымен айналысқанымен, қазір жаппай бұл кәсіпті атқара алмайды. Осы орайда, жоғарыда аталған жобаларда тұрғындарға ақша табудың альтернативті жолдары көрсетілмек. Микроқаржыландырудың механизмдері немесе суды дұрыс пайдаланудың жолдары да қарастырылады. Бұл жұмыстар Арал өңіріндегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға септігін тигізетін болады.
Арал өңірін жан-жақты дамытуға халықаралық қауымдастықтар көмек көрсетуде. Мұндай қолдау облыс­тан да қарастырылмақ. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биыл Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық жол картасына 114 млн. теңге бөлінетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун халықаралық қаржы ұйымының аталған мәселе бойын­ша алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына бір тоқталып өтті.
– Арал экологиялық апаты – тек осы өңірдің ғана емес, әлем назар аударатын мәселе. Қазақстан осындай жаһандық проблемамен күресуде өзінің табандылығын көрсетті. Осыған байланысты Мемлекет басшысына, жергілікті билікке үлкен алғыс айту қажет. Теңізді қалпына келтіруге Дүниежүзілік банк те өз үлесін қосуда. Біз «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асуына қаражат бөлдік. Бұл экологиялық әрі экономикалық мәселенің бетін қайтаруға көмектесті. Ал, екінші кезең бұдан да ауқымды әрі кешенді болмақ. Біз қазір Арал әлеуетін көтеретін тиімді жобаларға мониторинг жүргізудеміз. Мәселен, туризм, әлеуметтік мәселелерге назар аударамыз, – деді ол.
Халықаралық симпозиум барысында Қазақстандағы шетел елшілері, табиғат қорғау мекемелері мен ғалымдар, халықаралық қор өкілдері мен Арал тағдырына алаңдаған азаматтар ойларын ортаға салды. Шараны қорытындылаған облыс әкімі бастамаларға қолдау білдірген азаматтарға алғысын жеткізіп, алдағы уақытта үлкен жобалардың жүзеге асатынына сенім білдірді.

М.ҚҰРМАНӘЛІ.
Астана қаласы.
24 ақпан 2018 ж. 1 174 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930