Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіп ашудың машақаты азайды ма?

Кәсіп ашудың машақаты азайды ма?

Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіп ашу және оны дамыту мәселесі тек мегаполис қалаларда немесе аудан орталықтарында ғана жүзеге асу керек деген шарт жоқ. Бастысы елдің қай аумағында болсын, халықтың жағдайын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталса болғаны. Мәселен, ауылдық жерлерде кәсіп көзін нәсіп қылып отырған отбасылардың шағын және орта бизнеспен айналысуы мемлекет бағдарламасының негізгі жемісі.

Экономиканың жүрегі – бизнес. Мемлекет тарапынан «Атамекен» бастап, «Даму» қолдап, министрліктер атсалысып жатқан бағдарламалар жетерлік. Одан бөлек соңғы жылдары жеке кәсіп ашып, көшбасшы болуға жаппай ұмтылыс байқалады. Дұрыс-ақ. Жер-жерде кәсіпкер болам дегендерге бизнес-тренингтер жиі өткізіліп жүр. Бағыт беріп, жөн сілтеп, жол көрсетіп жатса, құптарлық іс. Алайда, жарнамасы жер жарған бизнес-семинарларға қатысып, кәсібін ашып, пайдаға кенелгендер көп емес. Сол бизнес-тренингке қатысу да – қомақты қаржы. Бүгінгі қоғамда мотивация, стимул, рейтинг деген сөздер сәнге айналып тұр. Қаптаған бизнес-тренингтер «Идеяңнан жоспар жасап, тұтынушы тап» деп өз бидайын өзіне қуырып беріп жүрген жоқ па? Жә, бірді айтып, бірге кететін әдетіміз-ай. Енді тақырыпқа қарай ойыссақ.
Иә, кәсіп ашу үшін тың идея, ұтымды ­жоспар қажет. Көздеген бағытыңыз қандай, оған әлеуетіңіз, төзіміңіз бен уақытыңыз жеткілікті ме? Әлбетте, әр кәсіп әртүрлі. Демек қаржы да идеяның орасандығы мен көлеміне қарай құбылады. Нысанға шағын бизнесті алайық. Бұл кәсіпкерліктің міндеттемелері аз әрі тауар, жұмыс, қызмет көрсетуде кәсіпкер қосымша құн салығынан босатылады. Ал енді кәсібін бастауға кіріскен кәсіпкер оны заңдастыру үшін ең алдымен тіркеліп, жеке кәсіпкер куәлігін алған жөн. Тұрғылықты аймақ бойынша салық органына жеке кәсіпкерді тіркеуге қою үшін арнайы салықтық өтініш жазылады. Бұл өтініш салық органына қабылданғаннан кейінгі үш күн ішінде жеке кәсіпкерді салық төлеуші ретінде тіркеу жүргізіледі және оған жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге алынғаны жөнінде арнайы куәлік береді. Кәсіпкер салық органына салықтық өтініштен бөлек жеке куәлігі көшірмесін, 3,5х4,5 фотосуретін, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркегені үшін төлеген алым сомасын растайтын түбіртек-құжат, тұрғылықты жерін растайтын құжат ұсынады. Осы сынды құжаттарды жинақтап әбігерге түскен кәсіпкер одан әрі бизнес-жоспарына лайықты грантты немесе несиені алуға қам жасайды.
Жыл басы басталғанда жаңа заңдар да күшіне енді. Мәселен, микро және шағын кәсіпкерлік нысандары үш жылға табыс салығын төлеуден босатылды. Оның ішінде табыс салығы оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін салық төлеушілер үшін әлеуметтік салық, шаруа қожалықтары және фермерлер үшін бірыңғай жер салығы бар. Бірақ бұл кәсіпкерлер 2020 жылы онлайн бақылау-кассалық аппарат орнату міндетінен босатылмайды. Өйткені, ол құрылғы бизнес салық төлемесе де, оның айналымын есепке алу үшін қажет көрінеді. Салық органдары өкілдерінің түсіндіруінше, онлайн бақылау кассасы көлеңкелі экономиканың жолын кеседі, салықтық әкімшілікті жақсартып, тексерістерді азайтады. Ал салық ауыртпалығы жер қойнауын пайдаланушыларға, арақ-шарап, темекі сатушыларға, ойын бизнесіне, шетелден тауар импорттаушыларға түспек.
Сонымен қатар астық қабылдау, радиоактивті материалдар айналымы, банк, аудитор, сақтандыру қызметі, несие бюросы және бағалы қағаздар нарығында жұмыс істейтін ШОБ өкілдеріне бұндай жеңілдік қарастырылмаған. Жаңа заң аясында бизнестің зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді төлеуін жеңілдету тетіктері де ойластырылған. Атап айтқанда аталған жарналардың бәрін «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы аударатын бірыңғай төлемге біріктіру ұсынылды.
Ауыл тұрғындары кейде ел үкіметі ұсынып отырған кәсіп ашудың жолдарын білмей жатады. Оның үстіне, жыл сайын түзетулер мен өзгертулер енгізіп, жаңа заңның жариялануы кәсіпкерлердің машақатын азайтпай тұр. Жас кәсіпкер Абай Ташкенбаев – несие алып, кәсібін бастаған жандардың бірі. «Жоспар құрып, оқу оқып, құжат әзірлеп, қаржыға қол жеткізудің өзі біршама уақыт пен қажыр-қайратты қажет етеді. Енді кәсіпкерлерге жеңілдетілген салық түрлері қарастырылуда. Бұл әрине, жақсы жаңалық. Дегенмен кәсіпкерлерге онлайн-кассалық бақылау апаратын орнатуды ұсынуда. Үкімет пен халық үшін тиімді бір жүйеге тұрақтайтын кез жеткен сыңайлы. Кәсіптің сырт келбетін түгендегенше, өнімнің өтімділігін ойласақ, біздің де ісіміз өрге домалайтын еді», – дейді ол. Қолдан келген кәсіппен нәпақасын айырып, отбасын асырауды көздеген кәсіпкер үшін қайта-қайта тексерістен көбірек еңбек етіп, мол өнім жинаған маңызды. Бастысы заңды, адал іс болса болғаны.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ


14 қаңтар 2020 ж. 710 0