Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеке клиникалар МӘМС жүйесіне өтеді

Жеке клиникалар МӘМС жүйесіне өтеді

Биылғы жылдың басты жаңалығы деп елде енгізілген міндетті медициналық сақтандыру жүйесін атап жүрміз. Осыдан екі жыл бұрын жобасы жасалып, қаншама талқылаулар мен пікірталастардан өткен жаңа жүйе шын мәнінде тиімді ме? Мұны халық қаншалықты түсінді? Медициналық сақтандыру сапалы қызметтің кепілі бола ала ма? Осы секілді сауалдарға жауап іздеп, Шиелі ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиевамен сұхбаттасқан едік.

– Бұған дейін де медициналық сақтандыру жайлы көптеген ақпараттар айтылып жүр. Бірақ халыққа түсінікті болу үшін тағы бір қайталап өтіңізші, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қандай қызметтер кіреді?
– Жаңа жүйе екі медициналық көмек пакеттері арқылы жұмыс істейді. Алғашқысы – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Яғни бұрынғысынша республикалық бюджеттен қаржыландыратын тегін медициналық көмек. Бұл пакет Қазақстанның барлық азаматтарына қол жетімді болады. Ол мыналарды қамтиды: әлеуметтік маңызы бар аурулар, жедел жәрдем және санитарлық авиация, бастапқы медициналық санитарлық көмек, шұғыл жағдайларда стационарды алмастыратын және стационарлық көмек, паллиативті көмек.
Екіншісі – сақтандыру пакеті. Бұған жаңадан құрылған медициналық сақтандыру қорынан көзделген қызметтер кіреді. Атап айтсақ, жоспарлы медициналық көмек, жоғары мамандандырылған медициналық көмек, амбулаториялық емхана және стационарлық көмек көрсету барысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, консультативті-диагностикалық көмек, оның ішінде ТМККК пакетіне кірмейтін созылмалы ауруларды динамикалық емдеу, ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу, балаларды мамандандырылған деңгейде тексеру, бағасы қымбат зертханалық қызметтер (гормондар, дәрумендер, онкомаркерлер, антиденелер, ПЦР), КТ, МРТ секілді бағасы қымбат диагностикалық қызметтер т.б. көмек түрлері жатады. Жоғарыда айтқанымыздай, енді мұның барлығы тұрғындарға қордың есебінен тегін ұсынылады.
– Иә, жаңа жүйенің дертіне дауа іздеген жандарға біраз жеңілдік беретінін байқадық. Ал ауырмаған азаматтар қорға аударған ақшасын кері қайтара ала ма?
– Жалпы бұл әлеуметтік, яғни қалың жұртшылыққа арналған сақтандыру. Бір отбасында зейнеткер де, бала да, жұмыскер немесе мүгедек те болуы мүмкін. Алып қарасаңыз, сіздің зейнет жасындағы әке-шешеңіз үшін де, 18 жасқа дейінгі балаларыңыз үшін де жарнаны үкімет төлейді. Сіз ауырмасаңыз да қарт кісілердің басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Біреу дәрігерге қаралмағанымен, біреуге күрделі де қымбат операция жасау қажет болуы мүмкін. Міне, қорға жиналған ақша осындайда қажет. Мысалы, кардиохирургиядағы бір операцияның орташа құны 3,5 млн теңге тұрады. Мидың қатерлі ісігі диагнозын тексеруге кететін ақша да аз емес. Ал мұны халықтың басым бөлігінің қалтасы көтермейтіні рас. Яғни біріміз бәріміз үшін принципі енгізіледі. Денсаулық үшін мемлекет қана емес, жұмыс беруші мен жұмыскерлердің өздері де жауапты болады.
Егер біз әр адамды өзінің жинаған ақшасына емдейтін болсақ, ол ештеңеге жетпес еді. Бір ғана өкпе қабынуы сынды кең таралған ауруды емдеу құны 100 мың теңге шамасында тұрады, аппендицитті алып тастау 70 мың теңгеге жуықтайды. Яғни медициналық көмек әркімге жинаған ақшасы шеңберінде көрсетілетін болса, ол жоғары технологиялы операцияларды былай қойғанда, тіпті қарапайым ауруларды емдеуге де жетпейді. Сондықтан қорға жинақталған қаражат қоғамның, көпшіліктің игілігіне жаратылады.
– Негізінен міндетті сақтандыру Қазақстан үшін жаңа дүние емес. 1990 жылдардағы қателіктерді болдырмас үшін қандай сақтық шаралары қолға алынды?
– Көпшіліктің көкейінде жүрген, жанды сұрақты қойып отырсыз. Әлбетте, 1990 жылдардағы әлеуметтік, экономикалық жағдайды қазіргімен салыстыруға болмайды. Өйткені, ол жылдары денсаулық сақтау саласында тиісті инфрақұрылымдар болған жоқ. Ол тұста экономика дағдарыс әбден шегіне жетіп тұрған кез болатын. Нанын тауып жей алмай отырған жұртқа жарна жайлы айтудың өзі ауыр тиетін заман еді. Зейнетақы, жалақы дер кезінде төленбей, адамдар маңдай термен тапқан нәпақасын айлап, тіпті жарты жылдап күтетін кездер де есімізде. Ал түскен қаржының біраз бөлігі денсаулық сақтау саласының мұқтаждықтарына жұмсалды. Түсім мен шығын арасында пайда болған айырма салдарынан қор төлем қабілетінен айырылды. Дей тұрсақ та, әр нәрсенің жақсы да, жаман да жағы болатынын мойындау керек. Сол жылдары медицина саласына нарықтық экономиканың негізгі принциптері шамалап болса да енгізілді және саланы дамытуға ықпал етті. Ал қазір экономикалық жағдай едәуір тұрақталды. Мемлекеттік емдеу мекемелері заманауи қондырғылармен қамтылды. Медициналық көмекті соңғы үлгідегі техниканың көмегімен көрсететін жеке меншік клиникалардың да үлесі артты. Елімізде шетелдерде ғана жасалатын күрделі операциялар көптеп жасалып жатыр. Шетелде оқып келген дәрігерлердің тәжірибесі талай науқасты ажал аузынан алып қалуға көмектесіп жатқанын мойындау керек. Сол себепті медицина саласы да, мемлекет те міндетті сақтандыруды енгізуге дайын деп айтуға әбден болады. Қаржы жайына ойысар болсақ, әлбетте, бұрынғы қателіктер ескерілген. Жарна «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы Ұлттық банктегі есеп-шотқа түседі. Ешкімнің қолына қолма-қол ақша тимейді. Емханалар мен клиникалар көрсеткен медициналық қызмет ақысы сол шот арқылы тікелей төленеді. Онда да нақты көрсетілген қызмет бойынша берілген құжаттар, атқару актілері талап етіледі. Сондықтан ақшаның басқа мақсаттарға жұмсалуы мүмкін емес.
– Барлығымыз жұмысқа қажетті 086 анықтаманы алу үшін медициналық тексеруден өтеміз. Осы қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне немесе кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіре ме?
– Бұл МӘМС пакетіне де, КТМКК пакетіне де кірмейді. Ол жеке төленетін ақылы қызмет болып табылады. Сондықтан азаматтар №86 анықтаманы алу үшін бұрынғысынша қажетті сомманы төлеп, дәрігерлердің тексеруінен өтеді.
– Егер аударымдар мен жарналарды дер кезінде төлемеген жағдайда қандай да бір шара қолданыла ма? Айыппұл салынуы мүмкін бе?
– ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 31-бабы 1-тармағына сәйкес, дер кезінде аударылмаған аударымдар мен (немесе) жарналарды мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады. Және оған қоса кешіктірілген әр күн үшін (қорға жарна төлейтін күнді қоса алғанда) ҚР Ұлттық банкі бекіткен қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімақы төленеді.
– Жеке меншік клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса ма?
– Жеке меншік клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алады. МӘМС жүйесіне қатысатын барлық денсаулық сақтау мекемелерінің 30 пайызын жеке меншік клиникалар құрайды.
– Ал біздің аудандағы жеке емдеу нысандары жаңа жүйені қаншалықты қабылдады?
– Әзірше аудандағы мемлекеттік емхананы міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне енгізуге басымдық берілуде. Бірақ жеке клиникалар да сақтандыру қорымен келісімшартқа отыруы қажет. Менің білуімше әзірге мемлекеттік тапсырыс ­аясында жұмыс жасап жатқан «Әдемі тіс» және «Алма дент» тіс емханалары ғана аталған қор арқылы қызмет көрсетуді бастаған. Уақыт өте келе барлық жеке денсаулық сақтау орындары жаңа жүйе бойынша жұмыс жасайды деп ойлаймын.
– МӘМС туралы мәліметтерді қайдан алуға болады?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы мәліметтерді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес, акционерлік қоғамының www.fms.kz сайтынан алуға болады.
Сонымен қатар Қазақстан республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты нормативтік құқықтық актілерінің жобасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің www.mz.gov.kz интернет-ресурсында орналасқан.
– Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығын халыққа түсінікті етіп нақты атап өтіңізші.
– Ең бірінші артықшылығы деп – медициналық қызметке азаматтардың қалтасынан шығатын шығынның қысқаратынын айтар едім. Одан соң әр адам медициналық ұйымды өзі таңдай алады тексерілуде, ем қабылдауда жеке немесе мемлекеттік емханаларды өзінің қалауы бойынша таңдайды. Осының арқасында ауруханалар мен емханалар арасында бәсекелестік орнап, науқастарға «таласу» жағдайлары орын алады деп күтілуде. Сондықтан әр медициналық мекеме халықты өзіне тарту мақсатында көрсетіліп отырған медициналық қызметтердің сапасын көтеруге күш салады, науқастарға жасалатын көмек сапасы жақсарып мен дәрігерлердің, орта буын қызметкерлерінің біліктілігі артады. Сондай-ақ сақтандыру пакетінің сомасы шектелмеген және төленген жарна көлеміне бағынбайды. Мұнымен қоса сақтандыру пакетіне қажетіне қарай өте қымбат жоғары технологиялық операциялар да кіреді.
Айта кетейін, Шиелі ауданаралық ауруханасында 2020 жылы медициналық сақтандыру есебінен 1 млрд 196 млн 224 мың теңгеге медициналық көмек көрсету ­жоспарланып отыр. Оның 72 744,5 млн теңгесі реабилитацияға, 418 226,3 млн теңге кеңес-диагностика қызметіне, 705 253,7 млн теңге тәуліктік стационарда және күндізді емделу стационарында көрсетілетін көмекке арналады деп жоспарланған.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлхан Яхия

14 қаңтар 2020 ж. 492 0