Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өскен Өркен (Қайраткер, сазгер, қаламгер Өркен Исмаил 70 жаста)

Өскен Өркен (Қайраткер, сазгер, қаламгер Өркен Исмаил 70 жаста)

2000 жылы Шиелінің іргелі азаматы, қаламгер Қален Әбдешұлының жауапты редакторлығымен Алматыда шыққан «Шежірелі Шиелі» энциклопедиялық тарихнама кітабында өңірдің бетке ұстар азаматтарының қатарында Әбу Балмұқамбетұлы, Бәкір Палымбетов, Әли Палмұхамедов, Әзімхан Исмаилұлы, Асанбек Бәкірұлы, Құрманбек Бәкірұлы, Өркен Исмаил туралы жеке-жеке өмірбаяндық деректер беріліп, суреттері қоса басылған. Бұл тұлғалы азаматтардың барлығы тектері әртүрлі жазылғандарымен, бір атаның ұрпақтары еді. Осы әулеттің өмір тарихына зер салсақ, еліміздің бір ғасырдан астам шежіресінің ықшам жиынтығын көргендей, сыр тартқандаймыз.

ХІХ ғасырда Сыр бойында Жөлекте Палымбет, Бәйімбет, Нарымбет есімді шаруа баққан ағалы-інілі туыс жандар өмір сүреді. Жұрт қатарлы азын-аулық мал өргізген, егіншілікті кәсіп еткен адамдар екен. Палымбеттің ұсталық өнері де бар. Біздің әңгімеміз сол үш ағайынды азаматтан Палымбет және оның ұрпақтары туралы болмақ. Оның Әбу, Бәкір және Әли деген үш ұлы өседі.
Бұл патшалық Ресей Орталық Азияны – Сыр бойы, Жетісу қазақтарын, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түркімен жұртын біржолата өзіне қаратқан, осы өлкеде орталығы Ташкент болған Түркістан губернаторлығы аумақтық басқару құрылымын құрып, орыстар дендеп енген ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басы, атақоныстағы халықтар тарихы, тағдыры енді отарлаушы мемлекеттің билеуімен өрбіген заман еді. 1905 жылы Орынбор-Ташкент темір жолы толық пайдалануға берілді. Ресей жергілікті билікке қарауындағы бұратана халықтардан адамдар тарту қажеттілігімен де орыс-бұратана бастауыш мектептерін аша бастаған.
Міне, осы тұста келешек заман барысын аңдай алған Палымбет үш ұлын да Жөлекте ашылған орыс-бұратана бастауыш мектебіне берген екен. Палымбеттің үлкені Әбу 1897 жылы дүниеге келіпті. Ол Жөлек орыс-бұратана бастауыш мектебін және Перовск (қазіргі Қызылорда қаласы) қалалық орыс мектебін бітірген алғашқы қазақ балаларының бірі еді. Сыр елінде кеңес өкіметі орнаған кезде көзі ашық, сауатты Әбу 1919 жылы Жөлекте алғашқы ауыл шаруашылық коммунасын (ұжымдық шаруашылықтың бір түрі) ұйымдастырушылар қатарында болады. Билеуші большевиктер партиясы (коммунистік партия) мүшелігіне өтіп, партия, кеңес органдарында басқару жұмыстарына тартылады. 1921 жылы Түркістан аудандық атқару комитетінің төрағалығына сайланса, 1922-1925 жылдары Ташкент облыстық милициясының бастығы болады, Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің мүшелігіне сайланады. 1930-1931 жылдары Балқаш аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Одан әрі партияның жұмсауымен жаңадан көтеріліп келе жатқан ірі өндіріс Қарсақбай мыс қорыту зауытында 1931 жылдан басшылық жұмыста Қаныш Сәтбаевпен бірге еңбек етеді. 1933 жылы сонда жүріп дүниеден озғанда Қаныш Сәтбаев, Қарсақбай аудандық «Қызыл кенші» газетінің редакторы, ақын Әбділда Тәжібаев іскер де абзал азаматтың өмірден мезгілсіз кеткеніне қимастықпен тебірене көңіл айту жазған екен.
Дән атасы Ыбырай Жақаев 1980 жылы Алматыда басылып шыққан «Өмір жолдары» деген әдеби жазбасын жазушы жерлесіміз Оразбек Бодықов жазған тартымды естелік кітапта, Шиелі шежіресі тұнып тұрған осы құнды мұрада Шиелі ауданына еңбек сіңірген қайраткер азаматтардың бірі ретінде Бәкір Палымбетовті айрықша атайды. 1899 жылы дүниеге келген ортаншы ұлы Бәкірді де әкесі алдында айтып кеткеніміздей, Жөлек орыс-бұратана бастауыш мектебіне береді. Кеңес заманында ұжымдастыру жұмысына белсене араласқан Бәкір 1933 жылы «Ащықұдық» колхозы (ұжымдық шаруашылық) басқармасының төрағасы болып сайланып, 17 жыл осы шаруашылықты басқарады, ауылды, елді көтерді. Бұл қазіргі Бала би ауылы.
Кіші ұлы Әли 1901 жылы дүниеге келген. Ол да Жөлек орыс-бұратана бастауыш мектебінде оқиды, кейін заң мектебін бітіріп, Шиелінің алғашқы кәсіби заңгеріне айналады. Шиелі милиция бөлімінің тұңғыш бастығы, Сарыағаш аудандық сотының төрағасы, 1931-1934 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, 1935 жылы республика Жоғарғы Сотының алқа мүшесі болады, басқа да жауа­пты қызметтерді атқарады. 1941 жылы неміс басқыншыларымен Ұлы Отан соғысы басталған кезде өз еркімен майданға сұранып, ортақ еліміздің азаттығы жолындағы сұрапыл соғыста 1943 жылы опат болады.
Адам дүниеге келеді, дүниеден өтеді. Одан не із, қандай іс, неткен өнеге қалады кейінгі ұрпаққа? Бұл мәңгілік сұрақ. Осы орайда мақаланы тектері құжаттарында әртүрлі жазылып кеткен (Балмұқамбет, Палмұхамед) Палымбет әкенің үш ұлы Әбу, Бәкір және Әли туралы баяндаудан бастауымның мәнісі – бүгінгі Тәуелсіз елімізге бастау болған кешегі кеңестік Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына өз қал-қадірлерінше еңбек сіңірген осы үш арыстың ұрпақтарға өнегесі ендігі әңгіменің арқауы болмақ.
2015 жылы «Асылдың алуан қыры» деген мақала жазғанмын. Шиелі ауданының көрнекті азаматы Әзімхан Исмаил аға туралы ол дүнием Әзекеңе арналған естелік кітапқа енді. Осы мақаланың басында Палымбеттің Бәйімбет, ­Нарымбет деген ағалары болғанын айтқан едік. Медицина қызметі халыққа дендеп ене қоймаған өткен ғасырдың елуінші жылдарына дейін елде шиеттей балалардың өлім-жітімі өте көп болған. «Алла берді» деп ата-аналардың тууды шектемеуі ғана халқымызды аман алып қалған еді. Бәйімбеттің ұлы Исмаилдың Әділхан деген баласы, басқа да перзенттері шетінеп, тұяқсыз қалған кезде Палымбеттің ұлы Бәкір баласы Әзімханды ата дәстүрімен Исмаил ағасының бауырына салған екен. Атаның аты өшпесін, жалғаса берсін деген қайран ата салтымыз-ай!
Міне, сол Бәкір Исмаилдың тел ұлы Әзімханды бүгінгі Шиелі түгілі Сыр еліне таныс­тырып жату артық болар. Мамандығы педагог Әзекең өткен ғасырдың елуінші жылдарында билеуші Коммунистік партия елімізде ауыл шаруашылығын көтеруге басқа салалардан білікті отыз мың маманды тарту ұранын көтергенде, Шиелі ауданындағы Ленин атындағы колхоз басқармасының төрағасы болып сайланған екен. Ол бүгінгі «Алғабас», «Бестам» және Әбділда Тәжібаев ауылдарын біріктірген үлкен шаруашылық еді. Осы шаруашылықты 17 жыл басқарды (осы ретте әкесі Бәкір Палымбетовтің «Ащықұдық» колхозын 17 жыл басқарған өнегесін еске алыңыз). Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің (Парламент) депутаты болып сайланды. Еңбекшілер депутаттары Шиелі аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметіне көтерілді. Зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық өмірден тыс қалмай, 12 жыл Шиелі аудандық ардагерлер ұйымын басқарды. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанып, өмірден өтті. Шиеліде, Алғабаста көшелерге Әзімхан ­Исмаил есімі беріліп, аяулы рухы есте қалдырылған.
Бәкір ақсақалдың тағы бір ұлы Асанбек те елге танымал азамат болды. Ол 40 жыл өз ауылында (Ащықұдық, кейін Қазақстанның 30 жылдығы, қазір Бала би) педагог болып жемісті еңбек етті, оның ішінде 27 жыл сол орта мектепті басқарды. КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің озаты атанды.
Асанбектің інісі Құрманбек Бәкірұлы күріштің бірнеше жаңа сұрпын, солардың ішінде «Маржан» дақылын өсіріп шығарған көрнекті агроном ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы». ­Палымбет (Бәйімбет) атаның немерелері Әзімхан, ­Асанбек және Құрманбек ата-әкелерінің ерен еңбек дәстүрін осылай жалғастырды.
Әулеттің келесі буыны – Өркен Исмаил әңгімеміздің арқауы Палымбет (Бәйімбет) атаның шөбересі. Оның өзі бүгінгі күні өркен жайған, ұрпақ өсірген, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, «Алтын алқалы» ардақты ана зайыбы Рая жеңгей екеуі немере сүйген өнегелі ата-ана, жалғасып келе жатқан ата даңқына лайықты еңбегімен Сыр еліне қадірлі азамат. Биылғы жыл Өрекеңнің азамат өмірінің айтулы бір белесі 70 жасқа толып отырған мерейлі шағы. Осы тұста тойға орай айтар игі тілегімді Өрекеңнің бойындағы азаматтық ізгі қасиеттердің бастауы – ата-бабадан келе жатқан тектік бекзат болмыста екенін, зиялы әулет тарихын елге баяндап беру арқылы жеткізуге ұйғардым.
Бұрын бір-бірімізді білгенімізбен, Өрекеңмен жақын араласуымыз 2011 жылдан басталыпты. Елге «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен Шиелі ауданының тарихына арналған тарихи-танымдық энциклопедия «Шиелі» кітабын жазуға Астанадан келгенмін. Сол кездегі аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елді аралауға серік етіп қосқан азаматтардың ішінде Өркен ­Исмаил да болды. Өрекең «Өскен өңір» газетінің редакторы екен. Осыдан елу жыл бұрын 1969 жылы журналистік еңбек жолым басталған, мені баптап ұшырған ыстық ұям – биыл шыға бастағанына 80 жыл толған «Өскен өңір» газетінің редакциясы еді.
Ауылдарды он күндей араладық, ардагерлермен сұхбаттастық, аудан, ауылдар тарихынан сыр тарттық, суретке түсірдік. Жол бойы әңгіме, әркім әр тараптан сөз қозғайды. Сонда біле түскенім – Өрекең аудан, облыста біраз қадау-қадау қызметтерді атқарыпты. Мамандығы – музыкант, жан қалауы – сазгерлік, ақындыққа да бейімі бар. Өз әндеріне өлеңді өзі шығара береді екен. Елге танылған ұйымдастырушылық, қайраткерлік қарымы да жетерлік. Бұл қарымы – ата тегіне тартқан қабілеті.
Абыз ақсақал, диқан ата Ыбырай Жақаев «Өмір жолдары» деген кітабында замандасы Бәкір Палымбетұлын «асыл азамат», Әзімханды «асылдың сынығы» деп жоғары бағалаған. Демек қайраткер Бәкір атаның немересі, Әзімхан әкенің бел баласы Өркенді де асылдың сынығы десек орынды. Ал асыл тас – қай қырынан қарасаң да жарқырап тұратын қасиеті бар баға жеткісіз құнды дүние. Бір сырлы, сан қырлы Өркенді де тегіне тартқан асыл азамат деп бағалау асыра айтқандық болмас еді.
Өркен Әзімханұлының дүниеге келген шағы атасы Бәкірдің «Ащықұдық» колхозын басқарып тұрған кезі, яғни 1949 жыл. Сол ауыл қазір Бала би атында. Өркен Қызылорда мемлекеттік педагогика институты филология факультетінің «Ән және музыка» бөлімін бітіріп, еңбек жолын білім беру саласында әкесі Әзімхан сияқты ұстаздықтан ­бастайды.
Одан әрі ішкі істер органында Шиелі және Жаңақорған аудандарында ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып біраз жыл абыройлы қызмет атқарады, подполковник шеніне жетеді. Осы ретте Ташкент облыстық милициясын басқарған Әбу, Шиелі милициясының алғашқы бастығы болған Әли аталарын қалай еске алмайсыз? Өз басын мұнтаздай тап-таза ұстайтын Өрекең (әкесі Әзімханның өнегесі, Өркеннің әсіресе, шаңдақты, батпақты кездің өзінде ештеңе жұқтырмай, жалтырап тұратын аяқ киім киісі қалай?) басшы ретінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің жан тазалығына, рухани болмысына баса мән береді. Адамның сырты да, іші де сұлу болу керек деген ұстанымды сіңіре білді қызметтестеріне Өрекең! Осы ретте мұндай қасаң жерлерде тек сол саланың арнаулы оқу орындарын бітірген кәсіби мамандар ғана емес, гуманитар білімі бар азаматтардың да қызмет атқаруы ондай орындардың ізгіленуіне көп септігін тигізерін өмір көрсетіп келеді.
Өрекең Шиелі аудандық ішкі істері бөлімінде сазгер ретінде «Жалын» ұлт аспаптар-ән ансамблін ұйымдастырды. Осы өнерпаздық отыз жылдан астам уақыттан бері құрам ауысса да, тарап кетпей, әлі өнерін жалғастырып келе жатқаны қандай ғанибет! Өрекең бүгін де ізбасар жас әріптестері ортасында, ансамбль қызметінен қол үзген емес. Өрекеңнің Асқан деген ұлы қаржы полициясының подполковнигі, бүгінде оның өзі зейнеткер, ал ­Дарын деген кіші ұлы полиция капитаны, Әбу, Әли аталарынан келе жатқан құқық қорғау дәстүрі осылай одан әрі жалғасуда. Ал ортаншы ұлы ­Жалын (оның есімі өзі құрған «Жалын» ансамблі де, ұлым да өміршең болсын деп қойылған екен) Шиелінің №6 кен басқармасында өндіріс маманы.
Үлкен қызы Аруна облыстық мәдениет басқармасында бөлім басшысы, Эльвира мен Әлиясы жоғары білімді педагогтар, егіз қыздары Гүлнара мен Динара информатика мамандығын меңгеріп, еңбек етуде. Қызметтес болған әріптестері ғана емес, жалпы ел арасында қадірлі де жаны сергек Өрекең қоғам өміріне белсене араласып келеді, талай жылдан бері аудандық полиция ардагерлері ұйымының төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары (бұл орайда әкесі Әзекеңнің аудандық ардагерлер ұйымына басшылық еткенін де еске алайық), қашанда байсалды, айтар сөзі салмақты, ұстамы берік іргелі азаматтық болмыс оның рухани келбеті.
Өрекең еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы қиыншылық жылдары абдырап қалған жұртты тығырықтан алып шығар кезде де қайраткерлігін көрсетті, ауыртпалыққа иығын тосты. Милиция жұмысын қоя тұрып, өзінің туған ауылы Қазақстанның 30 жылдығы атындағы ­совхоз тізгінін қолға алды. Ол бір кезде атасы Бәкір басқарған «Ащықұдық» колхозының орнындағы шаруашылық әрі өзінің туған ауылы-тын. Осылай Шиелі тарихында атасы, баласы, немересі шаруашылық басқарған әулет пайда болып еді. Ал олардың әрқайсысы – Бәкір, Әзімхан және Өркен уақыт талабы алғы қатарға шығарған, сол талапқа лайық өз заманының тұлғаларына айнала алды. Кемелдікті керек етер ел басқару ісін Өркен осылай жалғастырып әкетті. «Атадан ұл туса игі, атаға тартып туса игі, ата жолын қуса игі» деген осы!
Жаңа заманда Өркен шаруашылық басқарудан аудан басшылығына көтерілді, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етті. Бұл еліміз социалистік жоспарлы экономикадан бұрын тыжырына жамандалатын капиталистік нарықтық қатынастарға көшіп жатқан аса алмағайып өтпелі кезең еді. Басшылар елді ұйымдастыра, ерте білді.Халық соған төзді, бейімделді.
Бұл сондай-ақ коммунистік идеологиядан теріс айналған, оның орнына елге қандай құндылықтарды, ұстанымдарды ұсыну керек деп ізденіс жүріп жатқан да шақ. Бұрынғы наным, ұғымдар түбегейлі өзгеріп, жаңа мемлекетте ұлттық мүдделерге сай жаңа талаптар қойылған кезде сол талаптар үдесінен шыға білу, іс басындағы азаматтың іскерлік қабілеті, пайым парасаты нағыз көрінетін тұс еді. Әкімнің орынбасары Өркен Исмаилдың міндеті – ауданның әлеуметтік-мәдени дамуы мәселелерін жолға қою, орындалуын қадағалау, халықты, әсіресе, жас ұрпақты рухани тоқыруға ұрындырмай алып шығу. Бұл көзге көріне бермейтін аса шетін міндет еді.
Сол тұста 2000 жылы мыңжылдықтар мен ғасырлар тоғысында Қызылорда облысының әкімдігі өңірдің әр ауданынан шыққан күллі қазаққа, елге әйгілі бір-бір тұлға «Облыстың ХХ ғасыр адамын» анықтауды ұйғарады. Талқылау барысында Сыр елінде Арал ауданынан – ақын Нұртуған Кенжеғұлұлы, Қазалыдан – қайраткер Ғани Мұратбаев, Қармақшыдан – ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов, Жалағаштан – қайраткер Темірбек Жүргенов, Сырдариядан – ақын Асқар Тоқмағанбетов, Жаңақорғаннан – ақын Манап Көкенов «ХХ ғасыр адамы» деп ұйғарылды.
Сол жолы Шиелі ауданынан әр саладан бес бірдей ірі тұлға – қайраткер Мұстафа Шоқай, әнші-жыршы, ақын Нартай Бекежанов, диқан Ыбырай Жақаев, ақын Әбділда Тәжібаев және ғалым-қайраткер Шахмардан Есенов «ХХ ғасыр адамы» аталды. Бір ауданнан осы бес кісі қалай ғасыр адамы атанды?
Өркен Исмаил былай деп еске алады. ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға ауысар тұста халықтың да, өзіміздің де көңіліміз толқып жүрген кез-ді. Мен Шиелі ауданы әкімінің әлеуметтік салалар бойынша, бұрынғыша айтсақ, идеология жөніндегі орынбасары қызметінде едім, ал Әшімхан Оспанов аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болатын. Үнемі шаруа жайын сөйлесіп, ақылдасып жүреміз. Шиеліден шыққан ардақты азаматтардан Мұстафа Шоқайдың, Нартай Бекежановтың, Ыбырай Жақаевтың, Әбділда Тәжібаевтың, Шахмардан Есеновтің үлкен портрет суреттерін салдырып, Шиеліге кіре беріс қасқа жол бойына үлгі-өнеге етіп іліп қойсақ деген ой келді бірде. Бұрын кеңес заманында В.Лениннен бастап үлкен портреттері барлық жерде жаппай ілінетін Коммунистік партия мен Кеңес өкіметі қайраткерлерінің орнын өз халқымыздың мақтанышы, аяулы азаматтардың алуы осылай басталып еді. Төл тарихымызбен, өз шамшырақтарымызбен мақтану, оларды насихаттау, үлгі тұту жаппай жолға қойылды. Оларды облысқа ұсынған кезде атақ-даңқы бірінен-бірі асқан, Шиеліден шыққан шынарлардың бесеуі де еш талассыз «ХХ ғасыр адамы» атанды. Шиеліден ұсынылғандар көп болып кетті деп те ешкім айтпады.
Бұл да Өркен атқарған игілікті істердің бір мысалы. Мен істедім демейді, бәріміз ақылдасып, кеңесіп шештік, бірлесіп атқардық дейді. Қазір Шиеліде мерейлі жасқа жеткен қадірлі ардагерлер суреттерін көрнекі етіп іліп қою, қошеметтеу дәстүрге айналған. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, мәдениет бөлімі басшысының кеңесшісі ретінде мұндай шаралардың бел ортасында тағы да Өркен жүреді. Қолына қалам алып, мәнді ойларын келісті баяндай білетін қаламгерлік қабілет оны журналистік қызметке де алып келді. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің, «Шиелі-Шұғыла» газетінің бас редакторы болып, қаламгерлікпен де танылды. Ел өміріндегі елеулі оқиғалар, шешімін күткен мәселелер туралы ой толғап, пікір тастап жазған мақалалары газеттерге әлі күнге ұдайы шығып тұрады.
2018 жылы Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Сол тұста аудан тарихына арналған «Шиелі шежіресі» кітабы авторларының бірі Өрекең болды. Тағы да жаздың аптабында қажымай-талмай ауданды араладық, Сыр бойын шарладық, Қаратау қойнауын кездік. Қай ауылға барсақ та Өрекең сыйлы, үлкенге де, кішіге де қадірлі, танымал.
Өрекең осы 90 жыл ішінде ауданды басқарған азаматтар туралы «Біріншілер» деген деректі мақала жазды. Бұл бұған дейін жазылмаған тың тақырып еді. «Елтұтқа» деген атаумен «Шиелі шежіресі» тарихи-танымдық анықтамалық жинақ кітапқа енген бұл мақала ауданның жылнамасы іспетті. Осы кітапқа Өркен Исмаилдың әні мен өлеңін өзі шығарған «Шиелім» және өлеңін ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы жазған «Ұлы дала ұланымын» әні де кірді.
Шиелі – талай ақын мен сазгердің шабытын шалқытып, ән мен жырдың арқауына айналған киелі өңір. Шиелі туралы елудің үстінде ән бар, ал өлеңдер қаншама?! Елімізде осыншама мол ән-жырға бөленген бірден-бір аудан, сірә, Шиелі болар. Сол шығармалардың бірі – шиеліліктер әрдайым айтып жүрген аяулы ән, жағымды әуен – Өркен Исмаилдың «Шиелім» әні. Туған ел мен жерге деген аялы махаббат, сырлы сезім тыңдаушыны баурап ала жөнелгенде, ырғағы жеңіл тартымды әнге қосылып кетер едіңіз.
Әнші-сазгер Өркен отыздан аса өлең-ән шығарыпты. Солардың ішінде осы «Шиелім», «Жадыра» (Социалистік Еңбек Ері, қайсар қыз Жадыра Таспамбетоваға арналған), «Сыр ұланы», «Әйелдің жасын сұрама», «Қыздар», «Наурыз-ай», «Өшпес ерлік», «Милиционер көз ілмес», «Полиция маршы», басқа да өлең-әндері радио-телеарналарда әрдайым беріліп, сахналарда, көпшілікте айтылып жүрген танымал өнерпаз. Қазақстанның мәдениет қайраткері Өркен бірде сырнайды қолына алып әнге басса, енді бірде полицейлердің «Жалын» ансамблінің сапында серілікпен жалындап, сахнада шырқап тұрғаны.
Осындай сан қырлы азамат туралы жазып отырғанымда мынадай шумақтар ойыма келе берді.
Пай-пай, атына сай Өркен Аға,
Жетпіс жасқа келіпті өркен жая.
Қатарының ішінде орны бөлек,
Бір сырлы, сан қырлы ерек дара!

Бар сыры жан жары Рая жеңгей ғана,
Ал қырларын айтайын санап қара.
Сазгер, әнші, әкім, милиционер,
Асаба, ақын, сері, қаламгер,
Директор, редактор, ардагер,
Бәрін айт та бірін айт,
Елім деген қамқор ер.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер

Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде 20 желтоқсан күні сағат 16:00-де қайраткер, сазгер, қаламгер Өркен Исмаилдың 70 жылдық мерекелік шарасы өтеді.

19 желтоқсан 2019 ж. 1 269 0