Жаңа жүйеге қосылатын күн жақын: дайындық қалай?
Жаңа жылды Қазақстанның денсаулық сақтау саласы үлкен өзгерістермен қарсы алғалы тұр. Өйткені, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылады. Иә, көптен күткен жаңа жүйенің басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Бұл еліміздің әр азаматына қатысы бар реформа.
Айналамызда медициналық міндетті сақтандыру елімізде тамырын жайса, біздің еш ұтылмайтынымыз айқын деген пікірді ұстанушылар көп. Себебі, қазіргі таңда түрлі сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндер жан-жақтан көмек іздеп, халыққа алақан жаюға мәжбүр болып отыр. Ал шетелде ота жасалу тікелей мемлекеттік квота арқылы жүргізіледі. Квоталар сырқат балалардың біріне бұйырса, екіншісіне жете бермейтіні тағы бар. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген дамыған елдерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі оңтайлы жолға қойылған. Мәселен, Германия, Франция, Голландия, Австрия, Бельгия, Швейцария сияқты 16 мемлекетте міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қолданылады. Нәтижесінде дамыған елдерде сырқатты ерте кезінен анықтап, емдеу жете қолға алынған. Ол үшін халық жиі медициналық тексерістерден өтуі керек. Бұл шара аурудың асқынуының алдын алып, мүгедектердің санының қысқаруына септігін тигізбек. Ауруды ерте кезден емдеген, асқынып кеткеннен кейін емдегеннен әлдеқайда арзанырақ.
Әрине, ММС-тың арқасында біз де медицина саласындағы барлық кемшіліктерден арыламыз деп айту қиын. Дегенмен бұл жүйе әлеуметтің әл-ауқатын біршама жоғарлатудың бірден-бір жолы.
Медициналық сақтандыру уақыт талабынан туындап отыр. Бұл жүйе бiрiншi кезекте халық үшiн тиiмдi, жұмыс берушiлер үшiн де ыңғайлы. Ең бастысы, аталған жүйе азаматтарға медициналық көмектi кеңiнен алуға мүмкiндiк бередi. Иә, ол елiмiздiң барлық сақтандырылған азаматтарының жынысына, жасына, әлеуметтiк дәрежесiне, тұрғылықты жерiне және табысына қарамастан бәрiне бiрдей тең дәрежеде медициналық және дәрiлiк көмекке қолжетiмдiлiгiне кепiл болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қазан айының өзінде 10 млрд теңге түскен. Ал жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, қорға жиналған жарнаның жалпы сомасы 224 млрд теңгені құрайды екен.Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталып, болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Бұл ретте еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.
Салық қызметінің мәліметі бойынша Шиелі ауданында 8050 салымшы тіркелген, ал жарнапұл мөлшері 151 млн 899 мың 505 теңгені құрап отыр. Иә, бұл жаңа жүйені енгізуге бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі деуге болады. Себебі бұл ретте жыл бойына түрлі шаралар ұйымдастырылып, ауқымды акциялар өтті.
– Медициналық сақтандырудың нәтижесінде процестің ашық жүргізілуіне қол жеткіземіз. Жемқорлықтың туындау қаупі төмендейді. Ақпарат онлайн-режимде таралғандықтан, мәліметтер дер кезінде жаңартылады. Барлық процедуралар ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) арқылы жүргізіледі. Сөйтіп, процедураларға кететін уақыт қысқарады және қағазбастылықтан арыламыз.
Одан кейінгі маңызды бағыттардың бірі – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары. Жұртшылықпен кері байланыс орнатылған. Ол 3 бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі – «Азаматтарға арналған үкіметтің» 1406 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығы арқылы жүргізілетін түсіндіру жұмыстары, медициналық көмек мәселелері, жарна төлеу жолдары, төленетін жарна көлемі мен өсімпұлдар туралы толық мәлімет беріледі. Сонымен қатар, халықтың шағымдары мен өтініштері қаралады, халықтың медициналық қызметке қанағаттану деңгейі бағаланады.Екіншіден, қызмет көрсету мен дәрі-дәрмек беру процесі пациенттермен кері байланыс арқылы бақыланады.Үшіншіден, 2020 жылдан бастап Қордың барлық филиалдарында азаматтарды қабылдауға арналған стационарлық кабинеттер ашылады. Олар call-орталықтарының баламасы ретінде жұмыс істейді. Өзге елдердегі сақтандыру қорларының тәжірибесі негізінде шағымдарды басқару жүйесін құру көзделіп отыр, – дейді аудандық емхананың профилактика бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Оразбекова.
Қазіргі заман – жаңа заман. Нарық талаптарына сәйкес біз жан-жақты білім жинап, заман ағынымен қатар жүзуіміз керек. Қай тәсіл өмірімізді жеңілдететінін жете зерттеп, оны қолданысқа енгізудің жолын табуымыз қажет. Сол жаңашылдықтың бірі медициналық сақтандыру. Бұл өз кезегінде, медициналық қызмет көрсететін мекемелердің, олардың қызметкерлерінің, жеке машықтанушы дәрігерлердің еңбегінің саны мен сапасына нақты баға беруге мүмкіндік тудырады. Басқаша айтқанда, науқастарғаемхана мен дәрігерді таңдау құқығы беріледі. Жалпы алғанда, медициналық сақтандырудың дамуы қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтып, осы саладағы жұмысты біршама жүйелеуге жол ашады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ