Еліміздің шалғай аудандары мен ауылдарының дамуы талқыланды
BAQ.KZ. Еліміздің әрбір аймағы, ең шалғай аудандары мен ауылдарын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін «Nur Otan» елордада барлық аймақтық филиал өкілдерін жинады.
Президент Әкімшілігінің, Үкімет пен Nur Otan партиясының басшылығы партия мүшелеріне мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі бағыттары, Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және елдің жетекші саяси күшінің жұмысын қайта жаңғырту бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. Партиялықтар үшін алғаш рет арнайы оқу-жаттығу тобының отырысы ұйымдастырылды.
Nur Otan партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаев партияның мүшелерін топтастыру және қатарымызға басқа да белсенді азаматтарды тарту міндетін қойғанын білесіздер. Партияның өз ішіндегі демократияны дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. 14 өңірде партияның кадрлық резервіне іріктеу бойынша пилоттық жоба жүргізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет өңірлерді дамытуға қомақты қаражат бөледі. Партияның міндеті – жергілікті жерлерде қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты жұртшылықты хабардар ете отырып, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жобалардың іске асырылуына қоғамдық және партиялық бақылауды ұйымдастыру, - деді өз сөзінде Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Алдағы жылы еліміздің ақпараттық-саяси күн тәртібінде тұрған негізгі бағыттар туралы Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев айтты.
Келер жылға арналған идеологиялық міндеттердің негізгі бөлігі – "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі, адам құқықтары саласында реформалар мен іс-шаралар әзірлеу, сонымен қатар 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамытудың орта мерзімді тұжырымдамасын қабылдау. Осы аталғандардың барлығы партияішілік
алаңдарда толыққанды талқыланып, олар бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар дайындау керек деп есептеймін - деп атап өтті Дархан Кәлетаев партия мүшелерімен кездесуде.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов өз сөзін Елбасының стратегиялық бастамаларын іске асыру мен Мемлекет басшысының қазақстандықтардың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тапсырмаларына арнады. Үкімет қалалардың шет аймақтарын мен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге бөлінетін қаржыны көбейтуді көздеп отыр. 2024 жылға қарай аймақтарды дамытудың жаңа стандартына сәйкес, 3477 ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарын жөндеу,
әлеуметтік нысандар салу арқылы жаңарту жоспарланған.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қала мен ауылдың білім берудегі, спорттық құрылыстардың қол жетімділігіндегі алшақтықты жою бойынша жұмыстар жалғасуда.
Денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен жабдықтау деңгейін 70%-ға және одан да жоғары деңгейге жеткізу жоспарланған. 2020 жылы мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, мәдениет, өнер және мұрағат қызметкерлерінікі орташа есеппен 30%-ға көтеру көзделуде. Ал дәрігерлердің еңбекақысын 30%, медбикелерге 20%-ға көбейтіледі деп күтіліп отыр.
Өз кезегінде вице-премьер Роман Скляр партия мүшелерімен кездесуде жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеу, шалғайдағы елді мекендер мен ауылдарды сумен жабдықтау жоспарларына жеке-жеке тоқталды.