Шиелі мен Қарасаз – бауырлас мекен
Бір қарағанда қисыны жоқ секілді. Шиелі – Сырдарияның бойында, Қарасаз – Хантәңірінің етегінде. Алайда, оларды байланыстыратын себеп бар. Бірінде – қазақ әдебиеті алыптар тобының өкілі Әбділда Тәжібаев дүниеге келді. Екіншісінде – Алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өмірдің есігін ашты. Екі талант өлеңде табысты. Әке мен бала болып қауышты.
Егер Әбділда Тәжібаев қарасаздық жас ақынды дер кезінде іздемесе, абыздық батасын бермесе, аттай қалап Алматыға шақырмаса, ақ көңіл қамқорлығын көрсетпесе Мұқағалиға бұйырған даңқ бәлкім кешігер ме еді, кім білсін?!
Анығы – Әбекең аянған жоқ. Жыр перзенті дүниеден озғанда «ой, бауырымдап» жылаған да – Әбділда! Кеңес Аухадиев пен Дінмұхаммед Қонаевтан ақынның еншісін табандап сұраған да – Әбділда!
Мұқағалиын еркелеткен Әбекең арамызда жоқ. Алайда, Әбділда Тәжібаевтың елі бар. Сол елге бас иіп сәлем береміз.
Сонымен қатар сіздерге «Мұқағали» атты пьесамнан үзінді ұсынамын. Екі алыптың не деп сырласқанын оқып көріңіздер.
Батық МӘЖИТҰЛЫ,
«Мұқағали» журналының бас редакторы,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатыӘбділда – Мұқағали
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатыӘбділда – Мұқағали
(«Мұқағали» пьесасынан үзінді)
(Артына бұрылғанда аяңдап келе жатқан Әбділда Тәжібаевті көреді. Тәлімгер ағасына ілтипатпен қол ұсынады)
Мұқағали: – Армысыз, Әбеке! Сізбен кездескен жақсы ырым. (Екеуі орындыққа жайғасады)
Әбділда: – (Жайраңдап) Көрмегелі көп болды, қалайсың, Мұқаш? Сендерге қарап қуанамын. Әдебиеттің әр толқыны дара.
Мұқағали: – Әбекем-ай, жастарға қамқорлық жасаудан шаршамайсыз!
Әбділда: – Себебі қазақты сүю – жастарды сүюден басталады. Менің көзқарасым екі кезеңмен қалыптасты. Мұхтар Әуезовке дейінгі және Мұхтар Әуезовтен кейінгі. (Пауза) Ұлы адам келешекке сенді. Біздер осы өнегеден тәлім алдық.
Мұқағали: – Бұл жағынан бақыттысыз, Әбеке!
Әбділда: – Оның рас, Мұхтар ағаны сағынамын. Сағынбау мүмкін емес.
Мұқағали: – Әбеке, қиялдансам ұрыспайсыз ба?
Әбділда: – Неге ұрысайын? Ақынға қиялдану да қажет.
Мұқағали: – Егер деймін, сондағы жас жазушы Шыңғыс Айтматовқа ұқсап, өлеңдерімді көтеріп Әуезовтің үйіне барсам. Ол кісі дарбазаны өзі ашып, жас ақынды қарсы алса. Содан кейін бөлмесіне алып кірсе. (Пауза) Бірден сізге телефон соғар еді. «Әй, Әбділда, маған Мұқағали деген бала келді. Өзі қалай? Өлеңдерін оқиын ба, жоқ оқымайын ба?». Осылай дегенде не айтар едіңіз?
Әбділда: – Қиялың ұшқыр екен. Білгендей сөйлейсің. (Пауза) Мен сені мақтай жөнелемін. Ұлы қаламгер оған қуанады. Шыңғысты аялаған алақан Мұқағалиды да биікке көтереді. (Пауза) Амал қанша... Үлгере алмадың! Сол арманыңды айтқан өлеңің бар еді ғой, оқып жіберші. Мұхтар ағаны сағынып отырып тыңдайын.
Мұқағали: – Есімде жоқ
Мұқаңның не дегені,
(Жаңылып, жалған айтып не керегі?!)
...Алдымда «Абайдағы»
Абай тұрды,
Әуезов жасап берген
кемедегі.
Әрі қарай әкетті елес мені,
Шырақ сөнді...
Белгісіз неге өшкені?!
(Мұқаң маған алыстан елестетеді)
Сұрағым...
Сұрағым бар емес пе еді?!
(Қақиып, қарауылдап тұрамын ба?)
Мен-дағы қарсы жүздім
бұл ағынға.
Айғай салдым...
О, Мұха, сұрағым бар,
Өзіңізге қоятын
сұрағым бар!
Алыстан айғайлап
мен қоймағасын,
Аялдап, аңдап шолып
айналасын,
Ағынмен арпалысқан
мені көріп:
Айт, – деді, – сұрағыңды.
Қай баласың?
Сұрақ та, жауап та мен
қайтармадым,
Тым құрыса атымды да
айта алмадым...
Әбділда: – (Көңілденіп) Мұхтары бар әдебиет – абызы бар әдебиет. Оның беделі қараулықты жеңді. (Пауза) Мен дарынды жастарды Әуезовтің балалары деймін.
Мұқағали: – Өзіңіз білесіз, әкеден ерте айырылдық. (Пауза) Соғыстың кесірінен бір әкені жоғалттым. Өлеңнің арқасында екіншісін таптым. Ол – мына сіз! Бұған да шүкір!
Әбділда: – Мұқаш, сенде жалғандық жоқ. Еркелігіңді баланың қылығындай көріп, қызықтайтыным сондықтан.
Мұқағали: – Сізге қатысты бір әңгімені қайталап айтсам бола ма?
Әбділда: – Айтсаң айт. Мына отырған көпшілік те естісін.
Мұқағали: – Нарынқолдағы кез. «Аппассионата» поэмасын бітірдім. Әріптестерім қуана қол соқты. Бірақ анық бағасын Алматыдан естігім келді. (Пауза) Сөйтіп өлеңі бар конверт Тәжібаевтің атына жолданды.
Әбділда: – Иә, жадыма бірдемелер оралғандай.
Мұқағали: – Оныншы күні аудандық газеттің қара телефоны шырылдады. «Мұқағали, сені Әбділда Тәжібаев шақырады» деп Қыдырбек тұтқаны құлағыма тосты. (Пауза) Сұмдық толқыдым! Қолдарым дір-дір етеді. Жалғыз ауыз сөзіңіз тағдырымды шешетін еді. Алғаш рет сізбен осылай амандастым.
Әбділда: – Сонда мен не деппін?
Мұқағали: – «Поэмаңды оқыдым. Алматыға кел. Сен үлкен ақын боласың», – деп тұтқаны қоя салдыңыз.
Әбділда: – Дұрыс айтыппын! Сондағы ойымнан бүгін де айнығам жоқ. Еркіндікті көтермейтін қоғамда арандап қалмауыңды тілеймін. (Пауза) Кеше Жазушылар одағына бардым, бірінші хатшыға кірдім. Жылы қабылдады. «Әбеке, не бұйымтай?» дейді. (Пауза) «Анау үй бітеді екен, содан пәтер сұрасам берер ме едің?» дедім. «Оған сөз жоқ, алыптар тобының өкіліне бермегенде, кімге береміз?» дейді. Мен былай дедім: «Дұрыстап тыңда, менің Мақатаев деген балам бар. Өте мықты ақын. Әлгі маған арнаған пәтерді соған беріңдер» дедім. (Пауза) «Әбеке, сіздің жөніңіз бөлек, Мұқағалидың жөні бөлек» дейді күмілжіп.
Мұқағали: – (Ренжіп орнынан тұрып кетеді) Олар жағдайымды жақсы біледі. Бірақ сылтау табуға келгенде шебер!
Әбділда: – (Таяғына сүйеніп сөйлейді) Сен сабыр сақта. Оқиғаның аяғы бұдан да қызық. (Пауза) Көзімді шатынаттым. «Пәтерді бересің бе, бермейсің бе?! Сырғақтамай ашығын айт, Тәжібаев алдыңа күнде келмейді. Мәселені шеше алмасаңдар, ЦК-ға барамын» дедім.
Мұқағали: – Оқиға шарықтаған екен ғой.
Әбділда: – Жағдай күрт өзгерді. «Бір нәрсеге қиналып тұрмыз» деді. «Ол не нәрсе?» «Бес бөлмелі бір үй бар. Соның үш бөлмесін Мақатаевқа берейік. Қалғаны басқа отбасына. Ең қиыны, ас үй мен дәретхана оларға ортақ. Балаңыз осыған көнсе, қарсылық жоқ» дейді. (Пауза) Шегінетін жер қалмады. Амалсыздан келістім. Бұған не дейсің?
Мұқағали: – (Көңілді дауыспен) Екі қолымды бірдей көтеремін, Әбеке! (Секіріп қуанады) Қош бол, көшпенді өмір! Көмегіңізге мың алғыс!
Әбділда: – Түһ, арқамнан жүк түскендей жеңілдедім ғой!
Мұқағали: – Үймен бірге үлкен жауапкершілік жүктедіңіз. Енді жаман жазуға хақымыз жоқ. «Бір жырым – менің бір балам, Мезгілсіз шала тумаған.» Солай десем білгіштерім сенбейді. (Пауза) Мен өлеңді басыма жазамын. Дайын болғанда қағазға көшіремін. Күй талғамайтыным сондықтан. Орыстың қуықтай құжырасында да өлеңдер жазылды. Оның қасында сіз әперетін үй хан сарайы емес пе?!
Әбділда: – «Басыма жазамын» дегеннен шығады. Төлеген марқұм да сондай еді. Төгіліп тұратын. (Пауза) Соңғы дастанын жатқа оқып жүріп толықтырды. Қағазға түсіруге асықпады. Ақыры ақындық ғұмыр шорт үзілгенде, бәрі өзімен бірге кетті. Өкінішті, өте өкінішті! (Пауза) Айбергенов те менің балам еді!
Мұқағали: – Төлеген сізге бала, маған бауыр. Жырымыз бен сырымыз домбыраның үніндей үйлесетін. Шексіз кеңістікке самғаған қыран еді!
Әбділда: – Сендерді сол үшін жақсы көрдім. Жастық жалындарың мені де жылытты. Өткірлікті өздеріңнен үйрендім.
Мұқағали: – Бір күні таң бозында есік қағылды. Шықсам, алабұртып Төлеген тұр. (Пауза) «Қазір біттім» дейді. «Нені біттің?» дедім. «Сағынышты»! Соны саған оқуға асықтым, тыңдашы дейді. Өлеңі ғажап! Жандүниемді баурап, сезімнің айдынында тербетті. Тұңғиық ойға батырды. Басымды көтеріп алсам, ол кетіп қалған екен. (Пауза) Сағынышты дәл осындай шалқытқан ақын қазақта болған емес.
Әбділда: – Сендер ерекше шоғырсыңдар.
Мұқағали: – Сол шоғыр Жазушылар одағынан жылу іздейді. (Пауза) Ал, одақ әдеби бірлестіктен гөрі, министрлікке ұқсайды. Қаламгерлер оған тәуелді. Одақтың мүшесі, партияның мүшесінен кем емес. Шығып қалсаң құның қара бақыр.
Әбділда: – Қайтесің, ол партиялық жүйенің ажырамас саласы. Сондықтан барды базарлаймыз, жоққа жүйрік жетпейді.
Мұқағали: – Айтайын дегенім бұл емес. (Пауза) Одақта орташаға жол ашық. Шеңберден шыққандар сыбағасыз қалады. Бұдан кейін не бағыну керек, не қағыну керек. Қағынатындардың бірігетін жері – сырахана!
Әбділда: – Мүжілме, Мұқаш! Басымыздан не өтпеді?! Сол тозақтан да аман шықтық. (Пауза) Отыз жетінші жылы НКВД телефон шалғанда фамилиямызды ұмыттық. Пышақтың жүзінде жүріп күн кештік. (Пауза) Бізді өмір сүргізген өлеңге деген құштарлық.
Мұқағали: – Ұқтым, Әбеке.
Әбділда: – Ұққаның жақсы. (Пауза) Алдымен пәтеріңді ал. Керек қағаздарды дайында. Бүгін саған айтатын сөз осы. Жаңа үйде жақсылықпен жолығайық! (Таяғына сүйеніп кетіп бара жатады)
Мұқағали: – (Сахнаның алдына келіп) Әбекем-ай! Қатарларыңыз сиреп барады! Осыған алаңдаймын. Құдай таяздарға күн қаратпасын! Егер сіз де солар секілді таяз болғанда – өтірікке иланып, өсекшіні құтыртатын едіңіз. (Пауза) Әлгі өтірікшілер намыс қуғансып, үлкенге жаны ашығансып, Әбекеңе барған ғой. Өздері жыларман күйге еніп алған. «Аңқаусыз-ау, аңқаусыз! Ақырында не болды?! «Біреуге мылтық үйретіп, ол мерген боп сізді атты». Шаң жуытпайтын Мұқағали нағыз сұмпайының өзі екен! (Пауза) Мақтағандай етіп, мақтамен бауыздады. Сізді орыстың ең қанішер патшасы Грозныйға теңепті. Онысымен қойған жоқ, ақсақ екеніңізді айтты. Сөйтіп, сүйекке таңба түсірді. Бәріміз жабылып ол бәтшағардың үнін өшірейік!» депті. (Пауза) Сол кезде менің Әбекем бурадай буырқанып, ашуына мінген. «Сөздің астарын ұқпайтын өңшең иттер! Ол өлеңді мен де оқыдым. Мұндай бейнені суреткер ғана кескіндейді. (Пауза) Атақты мүсінші Вучетич дәл осындай теңеуді Қырымда, Қара теңіздің жағасында тұрып айтқан. Екеуінің пікірлері қандай ұқсас!? (Пауза) Мұқағалидан садаға кет! Шық үйден!» депті. Сондай көсемдік танытпаса, ол Тәжібаев болар ма еді?! (Пауза) «Әбділдаға» деген өлеңімді сіздерге де оқып берейін.
Тұрғанда ұйқы-тұйқы
ақ самайың,
Мен қалай, Әбе,
сені жат санайын.
Абыржып асаңды ұстап
отырғаның,
Ашулы Грозный
патшадайын.
Сөйлесең,
Бурадайын лықсып-тасып,
Жаралы жауынгердей
сылтып басып.
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен
мылтықтасып.
Бой түзеп,
Босқа кетпей сауықпенен,
Боз қырау босағасын
тауыпты өлең.
Жаман жыр жазғанымда
Ақ таяғың –
Арқамда ойнай ма деп
қауіптенем....