Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Семсер жырдың қорғаны

Семсер жырдың қорғаны

ХХ ғасырдың басында жарық дүниеге келіп, тұтас ғасырды көзімен көріп, онымен бірге жасасып, жаңалықтарын, небір қатыгез қылықтарын өз шығармаларында жырлап та, сынап та айта білген, сөйтіп ғасыр шежіресін жасап, ғасыр аяғында көз жұмған, өзі тіршілік кешкен кезеңнің ұлы ақынына айналған Әбділда Тәжібаевтың туғанына биыл – 110 жыл.
Ол есімдері қазақ әдебиетінің тарихында алтын әріптермен қашалып жазылған Сәкен ­Сейфуллин, Бейімбет ­Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқановпен қатар ғұмыр кешті. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепұлы, Ғабиден Мұстафин, Асқар Тоқмағамбетов, Өтебай Тұрманжанов, Ғали Орманұлы, Қасым Аманжолов, Қалмахан Әбдіқадыров, Тайыр Жароковпен сыйлас, сырлас болды. Өз шығармаларында ол ғасырдың осы аты аталған әр алуан ғажап тарихи тұлғаларының шығармашылық образын сомдады.
Әбділда Тәжібаев 1909 жылы қасиетті Сыр бойында, Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әкесінен алты жасында айырылған ол, анасы Айманкүлдің тәрбиесінде өседі. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі Айманкүл күнкөріс жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдеби шығармаларды оқытып үйретеді.
Әбділданың нағашы атасының үйіне Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрады екен. Бір жолы Әбділда ауылға келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бекежа­новпен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып, тапқыр сөздерін есінде сақтап қалған. Нағашы атасы 1919 жылдың қысында сүзектен қайтыс болғанша Әбділданы қасынан тастамай, қайда барса да бірге алып жүрген. Әбділда атасына көмектесіп, той-томалаққа да бірге барып, жанында төрде отырып, үлкендерден қазақтың қызық әңгімелеріне қанығып өскен. Неше түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін атасы да тыңдауға құмар жиеніне айтып беруден жалықпайды екен.Міне, осылай тектілік тәрбие көріп, баталы елдің ортасында өсуі де бала Әбділданың ұлы ақынға айналуына сеп болған секілді.
Абыз ақынның ұлылығы, өзге шығармашылық тұлғалардан ерекшелігі – кез келген жағдайды, оқиғаны өз бойынан өткізіп, сезініп, әр шығармасының басты кейіпкері ретінде өзін қойып жырлауында болса керек. Ол сонымен қатар небір философиялық күрделі ойларды қарапайым, түсінікті тілмен оқырмандарына жолдап отырған. Сондықтан да болар, оның шығармаларын еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін жатқа айтады. Себебі, Әбділда ақынның өлеңдері ешқашан құнын жоймайтын, қай заманда болмасын халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алатын туындылар қатарында. Мәселен, ақынның:
Көктем сайын көк балауса орам деп,
Махаббаттың шырын балын сорам деп.
Өлмес атақ, даңққа айналып қалам деп,
...Оның бәрі қиял екен, түсіндім.
Өлшеу керек ең әуелі күшіңді, – деп адам арманының асқақ көрінісін мөлдірете жеткізіп, ең соңында ғұмырдағы тәтті болып көрінген дүниенің бәрі өлшеулі күшке тәуелді, бос нәрсе екенін философиялық тұжырым, түсініксіз күрделі теңеу арқылы емес, қазақы қарапайым ұғыммен айшықтаған.
Уақыт ұшып барады от қанатты,
Жақындатып жырақтан болашақты.
Кәрі ойлайды бүгінге берешекті,
Жас ойлайды ертеңнен алашақты, – деген жыр жолдары да көңіл төрінен еріксіз орын алар туынды. Боямасыз шындық. Шынымен де жасы жеткен адам «Халыққа не бердім, осы ғұмырымда ұрпағыма қалдырар қандай мұра жинадым?» деп ойлайды емес пе? Жас ше? Ол өмірден өзіне алар дүниені аңсамай ма? Бай болсам, шалқып өмір сүрсем, артымда із қалдырсам, елге танылып, халық құрметтеген азамат қатарына қосылсам деген тәтті қиялдарға беріледі. Қарап отырсаңыз, осындай заңды көзқарастарды қазақ поэзиясындағы біртуар ақын «Кәрі ойлайды бүгінге берешекті, жас ойлайды ертеңнен алашақты» деп әдемі кестелей білген. Бұл да ақын шығармашылығындағы атап өтер жемісті туынды.
Қазақстанның «Құрметті журналисі» Сәрсенбек Бекмұратұлы Ә.Тәжібаев жайлы сыр шерткен «Сырдың ұлы» атты мақаласында «Сұлу Сырдың бойында дүниеге келген сыршыл ақынның жақұттай жарқын жырлары жаныңа жайлы, жүрекке жылы. Қасым Аманжолов дүниеден өткен соң бiр жылдан соң Әбдiлда Тәжiбаев «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деп еске алу мақаласын жазған екен. Осы терең толғаныстан, риясыз көңiлден шыққан сөздi бүгiн ақынның өзiне қаратып айтар болсақ, қазақ поэзиясындағы тағы да бiр үлкен жүректiң тоқтағанына 21 жыл толды.
«Мұңдымын деп шағынбаймын қашан да,
Қорқам бірақ, мүлде мұңсыз жасауға.
Мүмкін бе екен шексіз сүйіп өмірді?
Сол өмірдің мұңдарынан босауға...» деген философияға толы жалғыз шумақпен замандасын сабасына түсірген, өзін мойындауға мәжбүр еткен абыз ақын Әбділда Тәжібаев талай тамаша дастандар мен балладаларды, драмалық шығармаларды, әдебиет теориясына қатысты ғылыми еңбектерді Қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан сыршыл, өршіл, пәлсапашыл ақынның нағыз өзі. Әбділда ақын туған жердi сүюдiң, Отанды қастерлеудiң үздiк үлгiсiн танытты. Ол өзiнiң шаңы бұрқыраған Сырын шүйгiнi мол Сарыарқаға айырбастамайтынын, айырбастау былай тұрсын, бiр жылына бiр айын қимайтынын шынайы етiп жырлады» деп жазады.
Иә, Ә.Тәжібаевтың саналы ғұмырын сараптап, шығармашылығына көз жіберер болсақ, оның әрбір туындысынан елге, өмір мен жарық күнге деген шексіз махаббатты тану қиын емес.
Бүгінде күллі Сыр елі Әбділдамен мақтанады. Оның туған жеріндегі ауылға ақын есімі берілген. Облыстық кітапхана абыз ақын атында. Қызылорда қаласында, аудандарда, ауылдарда да ел даңқын асырған айтулы азаматтардың жолдар бойына ілінген үлкен портреттері өлеңдерімен, ұлағатты нақыл сөздерімен қарсы алып, шығарып салып тұр.
Бұйырса егін-терімін жиып, астығын қамбасына толтырған Шиелі жұрты күні ертең «Алтын күз» мерекесі аясында Әбділда ақынның 110 жылдық мерейтойын кең көлемде, дүбірлетіп атап өтпек. Иә, ғасыр адамына қандай сый-құрмет көрсетілсе де, артық болмасы хақ. Бас­тысы ұлы ақынның ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арнаған мол мұрасын кейінгі ұрпақтың бойына сіңіріп, жадында мәңгі сақталуы үшін аянбасақ игі.

Әзірлеген
Гүлхан ЯХИЯ

12 қазан 2019 ж. 845 0