Сырдың сұңқар ақыны
Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар ақындардың бірі – Әбділда Тәжібаев. Қызылорда қаласының тумасы. Әкесі Тәжібай Қарымсақов қарапайым жұмысшы. Өмірінің бір кезеңінде орыс учителінің ат айдаушысы болып, орысша хат үйренеді. Кейін қалаға қоныс теуіп, сол жақта қала байларына жұмыс істейді.
Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар ақындардың бірі – Әбділда Тәжібаев. Қызылорда қаласының тумасы. Әкесі Тәжібай Қарымсақов қарапайым жұмысшы болған. Өмірінің бір кезеңінде орыс учителінің ат айдаушысы болып, орысша хат үйренеді. Кейін қалаға қоныс теуіп, сол жақта қала байларына жұмыс істейді. Бірақ Әбділда 6 жасқа қараған уақытта әкесі Тәжібай өмірден озады. Анасы Айманкүл кішкентай Әбділданы алып егінші-диқан Далдабай нағашысына барады. Нағашысы дегенімізбен Далдабай қарт баласы болмаған себепті Айманкүлді сәби кезінен бауырына басып, 14 жасқа дейін ауыл молдасынан сауатын аштырған. Парсы, шағатай тілдерін біліп, әдебиетті сүйіп оқуы үшін молданың да жақсысына оқытуға тырысқан. Ділдәхан есімді молда Айманкүлдің кітапқа деген ынтасын байқап, қартайып, кітап оқудан кеткен уақытта Низами, Науаи, Хафиз, Сайхали, Бәділ шығармалары бар кітапханасындағы кітаптардың барлығын береді. Әдебиет нәрімен сусындап, шығыстың қиссаларын жатқа біліп өскендіктен «молда қыз» атанған. Құдай қосқан жары о дүниеге аттанып, өскен ауылына қайта келген соң да бойындағы білім отының сөнбегенін байқайды. Сөйтіп анасының жиындарда қисса-дастандарды оқығанын көрген кішкентай баладан әдебиетші өсіп шығады. Бала Әбділданың сауатын өз анасы ашады. Уақыт өте келе анасы оқитын жырларды қарттарға өзі де оқып бере алатын дәрежеге жетеді. Мұсылманша сауатын ашып, ғазалдарды мақамға салып жүрген кездері уақыт өз ағымымен жылжи береді. Сыр бойында оба, сүзек аурулары тарап Далдабай қарт ажалы келіп, өмірден озады. Қорған болар ешкім қалмаған соң Айманкүл баласын алып Қызылордаға (ол уақытта Ақмешіт) қайтып кетеді. 13 жасында интернатқа оқуға түсіп, көп ұзамай Ташкентке оқымақ оймен аттанады. Ол жақта оқуға түсе алмай Ақмешітке қайта келіп, 14 жасында Ленин интернатына, яғни, советтік тәрбие мекеніне орналасады. Өзі секілді сан жүздеген жетімдердің арасында оқуға ынтасы зор, білімге құштар оқушылардың бірі де бірегейі болады. Әрдайым ізденіс пен талпыныс үстінде болған жасөспірім Әбділда комсомолға қосылады. Таудай талабы мен талантының арқасында қабырға газетінің редакторы болып, басқалар үлгі тұтарлықтай білімді оқушы бола біледі. Ана тілінен білім шеңбері кең, таным-түйсігі жетілген Қайырбек Сәтбеков есімді ұстаз сабақ беріп, шәкірттерінің әдебиетке деген ынтасын арттыруға, шығармалар жазуға бар күшін салып үйретеді. «Инша жазу» деген жазу сабағында өткізілетін жарыс барысында жазылған өлеңдерді қабырға газетіне бастырып, оқушылар ақындықтан алғашқы тәжірибелерін жинайды. Осылардың ішінен оқ бойы оза шығып жүретін өлең Әбділданікі болады. Интернаттықтар бірігіп қаланың өнерлі жастарының басын қосып үйірме ашады, бұл үйірме болашақ ақындар мен жазушылардың дұрыс жол таңдауына үлкен септігін тигізеді. 16 жасында совет тәрбиесінен шығып, Шымкент қаласындағы Ғани Мұратбаев мектебіне түседі. Аталған 7 жылдық мектепте «Пионер», «Октябрь мейрамына», «Комсомол», «Бірінші Май» өлеңдері жарық көріп, қабырға газеттеріне редактор болады. Оқуын аяқтап, сол жылдары Қызылордадағы «Еңбекші қазақ» газетіне корректорға көмекші, «Еңбекші қазақта» көшіруші болып жұмысқа кіреді.
21 жасында Алматыға оқуға аттанып, педагогикалық институтқа қабылданады. Жоғарғы оқудың үшінші жылында Қарсақбай ауданындағы газетте редактор орынбасары қызметін атқарып, шығармашылық бағытын бір арнаға қояды. Сол қалада «Жаңа ырғақ», «Олқылық» деген байларды конфискациялау хақындағы өлең жинақтары жарық көрді. Қарсақбайдан келген соң Алматы қаласындағы «Лениншіл жас» газетінде редактор орынбасары болып, кейін Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып жұмыс істейді. 1936-1939 жылдары «Таңдамалы өлеңдер» жинағы, «Құтқару», «Екі жаһан» поэмалары, «Орыс халқына», «Украина» өлеңдері, Горький мен Фурмановқа арналған толғау өлеңдері, 1942 жылы «Перне» жинағы жарық көреді. Отан тақырыбына арналған, патриоттық сезіммен жазылған өлеңдері оқырман жүрегінде ойып тұрып орын алады. «Мерген», «Толағай», «Кілемшілер туралы ертек» атты ертегілі поэмалары құнды шығармалардың бірі болып саналады. Күйші туралы «Абыл», интернационалдық тақырыпта жазылған «Катерина» поэмасы да бар. «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Той боларда», «Дубай Шубаевич» т. б. пьесалары қойылған. «Өмір және поэзия», «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», «Жылдар, ойлар» секілді зерттеу еңбектері әдебиеттің жауһарлары болып табылады. Ә.Тәжібаевты М.Әуезов: «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деп бағалап, бірігіп «Ақ қайың» пьесасын жазса, кейін Г.Рошальмен «Жомарттың кілемін» жазады. Жылдар бойғы қажырлы еңбегі еленіп, 1939 жылы «Құрмет белгісі» орденін алып, 1940 жылдан бастап 3 жыл бойы Қазақстан Кеңес Жазушылар одағының басшысы болады.
Әбділда Тәжібаевтың Абайтану саласындағы еңбегі зор. Жазып, жариялаған мақалаларында Абай мұраларын жинақталып, бір арнаға қойылу керектігін үнемі айтып отырған. «Қазақ лирикасы тарихынан» деген монографиялық еңбегінің бір тарауы Абай лирикасы туралы. «Абай және қазақ әдебиеті» («Социалистік Қазақстан», 1945, 19 тамыз), «Абай және қазақ совет поэзиясы» («Екпінді», 1940, 17 қазан) мақалаларында қазіргі әдебиеттегі Абай қалдырған із, жалғастық, сара жол туралы айтылады. Абайға «Абай мен Мұхтарға қойдық белгі», «Сағындырған Сарыарқа», «Жолдас Абай» өлеңдерін арнаған. Жыр жинағы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленген. «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Құрмет Белгісі» ордендері және медальдары бар.
Ә.Тәжібаев жазған сценарий бойынша «Жамбыл» кинофильмі түсірілген. Ол А.Пушкин, Т.Шевченко, А.Островский, Г.Гейне секілді қаламгерлердің туындыларын қазақшаға аударған. Өзінің бірқатар еңбектері шетел тілдеріне аударылған. Қызылорда облыстық ғылыми кітапхана Әбділда Тәжібаев есімімен аталады.
Әзірлеген
Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА