Жастар облыста қолтаңбасын қалдырды
Жастық шақ – адамзат өмірінде ерекше мәнге ие, шаттық пен қуанышқа, күш-қайратқа толы уақыт. Сондай-ақ осы сәт білімді бойға дарытып, даналықты меңгеруге таптырмайтын кез. «Жастық шағың – жарқын жаздың бейнесі, құтты жаздың ала алсаң, жоқ бермесі» деп Сәбит Мұқанов айтқандай, жас жан әркез құлпырып, қиялға беріліп жүреді. Оның ойында сан түрлі арман мен алдында нық жоспар тұрады және соның барлығына қол жеткізетіндей жігері тағы бар. Ойшыл қазақ осыдан кейін «Жастық – жалын, кәрілік – көмір» деп айтқан шығар, бәлкім?
Қазір көптеген елдер жастарға ерекше назар аударып, оларға бар мүмкіндікті қарастыруда. Бұл орайда біздің елімізде де игі шаралар қолға алынған. Соның бастысы Елбасы Н.Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп атауы. Айтулы жылдың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Сондықтан облыстық жастар орталығы аймақ жастарына арнап «Жастар күні» байқауын ұйымдастырды. Аталған дода да аудан жастары да бақ сынады.
Дүйсенбі күні өңір жастары қаланың сол жағалауында бой көтерген жастар орталығына жиналды. «Жастар күні» байқауын шиеліліктер қаланы көгалдандыру жұмысымен бастады. Табиғатты түлетіп, қоршаған ортаны көркейтуді көздеген жастар қауымы ғимараттың ауласына шыбық қадап, тал екті. «Бір тал кессең, он тал ек» деген тәмсілді тірілтуді мақсат еткендер игші шараға білек сыбана кірісті. Тал егуге жастардан бөлек аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Қуаныш Жанұзақов, кино және театр актеры Жомарт Зейнәбіл өз үлестерін қосты.
"Өскен өңір" ақпарат