Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Сюжет

Бұл жәйт бәріміздің де басымызда бар.
Сәті түскен бір істі қолға ала берсең-ақ болды, байқап қалған көлденең көк аттыларға дейін алды-артыңды орап, ағыл-тегіл ақыл айта бастайды. Сірә, біреуге ақыл айтпасақ басымыз ауыратын дәрежеге жеткендігіміз шығар. «Шіркін-ай, ақыл сұрап алдымызға тірі жан келетін күн болар ма екен!» – деп армандап та жүрміз. Жиырма адамға ақыл айтып, отыз адамнан ақыл естімейтін күніміз сирек. Өзіміз біреуден қарызға ақша сұрай қалсақ, – ол бізге ой мен қырдағы өсиетін жиып айтып, ішімізді кептіріп жібереді, ал өзімізден біреу қарыз сұрай қалса, – біз де оны оңдыра қоймаймыз.
Пәленбайдан ақыл сұрайыншы, түгенбайдан тағылым алайыншы деген бір де бір бейбақты көздеріңіз шалмаған болар-ау. Бүгінде жұрттың бәрінің де ақылы асып-тасып жатыр ғой... Құдайдың бергеніне шүкір, сығырға биті жоқ байғұс болсақ та, ақылымыз аткөпір.
Кемеде де, пойызда да, трамвайда да көретініміз не жанындағы, не қарсысындағы көршісінің құлағын түріп қойып сайрап отырған ақылгөйлер. Олардың беттерінен «Сендер мені күрмеуге келмейтін қысқа жіптей ғана ақылы бар біреу деп отырсыңдар, мен де сендерді қауашақтары кепкен қулар деп отырмын» дегенді оқуға болады.
Сөйтіп, бірімізге біріміз өсиет жаудырып жүріп жатырмыз.
Еңбектің ерен пайдасы барын сан сағат бойы түсіндіріп ауыз жаппай тұрып алатындар да бар-ақ. «Адам әрбір минутын өнімді пайдалануға тиіс. Өткен уақыт – өлген уақыт, ол қайырылып келмейді», дейді олар. Азанда жолықсаң ақшамға дейін айтары осы болады да, сонсоң санын бір салып, «Ойбу, оттаған басым-ай, пәлен жерге, әлгі кімге баруым керек еді», – деп тұра жөнеледі.
Егер күндердің бір күнінде ешкімге ақыл айта алмай ішқұса болсақ, түнде алтыатарымызды ала сыртқа атып шығамыз да, кезіге қалған кісіні бассалып, «Шырағым, тоқтай қал! Саған біраз ақыл айтпасам ұйықтай алатын түрім жоқ» дейміз.
Ал біздің әлгі мақала жазғыштарымыз не дейді? Күнделікті газеттерімізден оқитындарымыp: «Оны олай істемеу керек, былай істеу керек. Ананы істемеу керек, мынаны істеу керек. Анау анадай...мынау мынадай...себебі алай...себебі былай...»
Олар әсіресе маған ақыл-кеңес беруге құмар. Жаз деп тақырып ұсынудан, сюжет айтып беруден жалықпайды. Неге өйтетіндерін білмеймін. Әлде олар мені қаламды босқа ұстап жүрген қауқарсыз жазушы дей ме, ертеңгі-кеш ақыл айтып отырмасақ адам болмайтын ез дей ме?
Әйтеуір, мені көре қалса-ақ болды «Ә, тоқтай тұр, мен саған бір сюжет берейін!» – деп айғайлайды. Бейтаныстармен таныссам да сол, – олар да, «Менде сізге лайық бір сюжет бар. Қалайда кәдеге жаратқайсыз. Өзім жазар едім, шіркін, не керек, уақытым жоқ!» – деп шыға келеді.
Рас, ол мырзалар жазар-ақ еді, бірақ уақыттары жоқ. Ал біз сияқты қаламгерлер, әрине, уақыттарын қайтіп өткізерлерін білмей босқа жүреді.
«Мен саған сюжет берейін, жазып таста» дегеннен басқа ештеңе естімейміз де.
«Е, саған одан басқа не керек? Сюжет бергеннің несі жаман дейсіз бе?.. Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған деседі.
Біреу-міреу саған сюжет берді дегенше, жағаңа қол салды дей бергейсің. «Қалқам, сен менің баяғыдағы сюжетімді қашан жазасың?» деп уақ-уақ сілкілеп қойып жүрер-ау.
Сен оған қарыздарсың. Борышың бкасыңнан аса береді. Ол кез келген сәтте қарызын қайтаруды талап етіп «Сен менің сюжетімді әлі пайдаланған жоқсың ба?» – деп шыбын жаныңды шырқыратып-шырқыратып қояды. Сюжетім жазыла қалса, оны оқыған кісісің де, естіген кісінің де езуінен күлкі кетпес еді деп ойлайды.
Сюжетін алмасына қоймайтын табаны бүрлі таныстарым да бар. Олардың көзім шалған секундта-ақ аза бойым қаза болып «Ойбай, тірі сюжет тағы да келе жатыр!» деп ойдан қырға, қырдан ойға зытамын. Ал олардың кейбіреуі соңымнан тұра қуып:
– Әй, тоқта, тоқта! Мына бір сюжетімді ала кет! – деп айғайлайды.
Кейде олардың құрығынан құтыла алмай қор боламын да, ұсынған сюжеттерін алып, жанталасып жазып шығамын.
Содан кейін... олардың қай-қайсысы болсын:
– Оған ол сюжетті мен берген болатынмын! – деп жар сала бастайды.
Оны естіген жұрт:
– Сюжетті саған Хасан береді екен ғой? – деп күледі.
Мейлі, күле берсін. Тек:
– Жап-жақсы сюжетті іске алғысыз еткенін қарашы! Өнің айналдырып жіберіпті. Сөйтіп жаза ма екен? Дені дұрыс кісі деп сенгенімді қайтейін... – дейтіндері жаман.
–– Өй, сен пәленбайдың сюжетін қор қылыпсың ғой! – дегенді ғана естисің.
Жап-жақсы сюжеттерін іске алғысыз еткен соң, талай-талай таныстарым мен бейтаныстарым менен сырт айналып кетті.
Ендігі жерде дос-жарандарымнан айырылып қалмас үшін ешкімнен, ешқашан тақырып та. сюжет те алмасқа ант етемін.
Әзиз Несиннің әңгімелер жинағынан
08 қараша 2019 ж. 866 0