Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігер адам үшін аса қауіпті сусынды атады

Дәрігер адам үшін аса қауіпті сусынды атады



Білікті кардиохирург Ермағамбет Қуатбаев жүрек ауруы неден пайда болатынын, оның қалай алдын алу қажеттігін, энергетикалық сусынның адам ағзасына несімен қауіпті екенін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берген.
Ермағамбет Қуатбаевтың кардиохирургия саласында еңбек етіп жүргеніне 16 жыл болыпты. Ол 2003 жылы Түркияның астанасы Анкарада мамандығы бойынша білімін шыңдаған. Осыдан соң, дәрігер елордадағы ұлттық ғылыми медицина орталығында кардиохирургия бөлімінде еңбек етіп, кейін ұлттық ғылыми кардиорхирургия орталығына ауысыпты. Қазір білікті кардиохирург Шымкент қаласындағы кардиоорталық директорының міндетін атқарушы.
Жүректің жауы
Ермағамбет Қуатбаевтың айтуынша, жүректің жауы – темекі мен майлы тамақ. Сондықтан адам қан қысымы мен ағзадағы холестериннің мөлшерін өлшеп отыруы керек.
"Жүректің бірінші жауы – темекі. Ол жүрек қан-тамырларының тарылуына алып келеді. Ағзада холестерин мөлшері жоғары болса, бұл да жүрек жұмысына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ішімдікті тым көп ішетіндер де, жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Сондықтан адам жылына бір рет болса да кардиологқа немесе терапевтке қаралуы қажет", - дейді дәрігер.
Кардиохируг кеңесі
Ол жүрек ауруларының пайда болуына үш себеп бар екенін айтады. Біріншіден, жүректің тума сырқаты, екіншіден жоғары қан қысымына қарамастан, жүрек ауруын асқындырып алу. Ал үшіншісі, аз қозғалып, майлы тамақ жеу. Сондықтан кардиохирург салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.
"Дұрыс тамақтанбай, майлы тамақ жейміз. Аз қозғаламыз. Салдарынан ағзадағы холестериннің мөлшері көтеріліп, артық салмақ пайда болады. Бұл адамның денсаулығына зиянын тигізеді. Жүрек аурулары пайда болуы мүмкін. Егер дұрыс тамақтансақ, организмдегі холестериннің мөлшерін бақыласақ, спортпен шұғылдансақ, темекі шекпесек, дерттің алдын алуға мүмкіндік бар", - дейді Ермағамбет Қуатбаев.
Қандай жүрек ауруы жиі кездеседі?
Кардиохируг өзіне жүрек-қан тамырының тарылуынан пайда болатын ауру – стенокардия, жүректің соғысының өзгеруі (жүрек клапанының өзгеруі), жүректің тума дерті бар науқастар жиі келетінін айтады. Ол мұндай пациенттер дәрігердің бақылауында болып, өз денсаулығын үнемі күтіп жүру қажеттігін атап өтті.
"Анасы мен нәрестенің өмірін құтқардық"
Ермағамбет Қуатбаев медицина дамыған сайын, адам өмірін сақтап қалуға жаңа мүмкіндік пайда болып жатқанына қуанады. Осыған дейін дәрігерлер жүкті әйелдің жүрегіне операция жасау үшін алдымен аборт жасап, кейін пациентті отаға дайындайтын. Ал қазір жағдай мүлдем өзгерген.
"Дәрігер үшін адамның өмірін аман сақтап қалудан басқа бақыт жоқ. Бізге әрбір адамның өмірі қымбат. Қазіргі уақытта жүкті әйелдің жүрегіне ашық операция жасауға болады. Мұны ерекше жағдай деп атап өтер едім. Жақында Шымкентте 21 жастағы жүрегінде үлкен ісігі (киста) бар жүкті әйелге ота жасадық. Операцияға білікті мамандар қатысты. Осылайша, екі адамның өмірін аман сақтап қалдық", - дейді кардиохирург.
Дәрігер мұндай операция ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында да жасалатынын, ота 2-2,5 сағат созылатынын жеткізді. Мұндай операцияға білікті мамандар тобы: анестезиолог, кардиохирург, педиатр, акушер-гинекологтар, медбике қатысады.
Мүлдем ішпеген жөн
Сонымен қатар кардиохирург энергетикалық сусынды мүлдем ішпеу керектігін айтты. Оның пікірінше, бұл жүрекке артық салмақ түсіріп, денсаулыққа кесірін тигізеді.
"Энергетикалық сусынды мүлдем ішпеген дұрыс. Себебі, олардың құрамында глюкоза яғни қант өте көп, әрі бұл сусындар газдалған болып саналады, концентраты да бар. Энергетикалық сусын адам организміне кері әсерін тизігіп, жүректің соғуын өзгертеді. Кофені аз мөлшерде ішуге болады. Бірақ оны шектен тыс ішуге кеңес бермес едім. Жалпы уақытында тынығып, уақытында жұмыс істеу керек", - деп Ермағамбет Қуатбаев сөзін түйіндеді.

26 қазан 2019 ж. 497 0