Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ислам құндылықтарын түсіндірді

Ислам құндылықтарын түсіндірді

Имам Ғазали «Егер бір тасты алып үстіне тұтастай көлдің немесе теңіздің суын құятын болсаң, тасқа ешнәрсе болмайды, ал сол суды үздіксіз тамшылатып қоятын болсаң тасқа әсерін береді» дейді. Осы мысалды айтқан имам аз да болса тұрақты болған нәрсенің нәтижелі болатынын меңзегендей.
Жат ағымның уы елге тарағалы онымен күрес күнделікті күнтізбеден түспейтін өзекті мәселелердің біріне айналды. Сол себепті де жастарға тағылымды тәлім-тәрбие беріп, дәстүрлі Ислам дінінің құндылығын түсіндіру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Солардың бірі – өткен аптада аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде орын алды.
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Абдуғаппар Сманов өткен бейсенбіде арнайы ауданға атбасын бұрып, «Қазақ зиялылары және Ислам» тақырыбында тұрғындармен кездесу өткізді. Ол «Қаншама мыңдаған халқы бар, бірақ тәуелсіздігі жоқ ұлттарды мысал етіп, бүгінгі күнге шүкір етуіміз керек» деп сөзін бастап, бүгінгі күннің қадірін білуге шақырды.
Сонымен қатар ата-ананың қадірі, білім алудың маңыздылығы жайында әңгіме өрбітіп, ой салатын ғибратты оқиғаларды мысал етті.
Шара барысында сөз алған ардагер Пердәлі Архабаев өтіп жатқан кездесудің маңыздылығына тоқталып, осы тақырыптағы жиындар жиі ұйымдастырылса деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ елге танымал дінтанушы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Бұдан бөлек Әбдіғаппар Сманов ақшам уақытында орталық мешітте жамағатпен жүздессе, жұма күні аудан әкімдігінде «Қоғам күштері – экстремизмнің алдын алу» тақырыбында және орталық мешітте «Дін және дәстүр» тақырыбында кездесу өткізді.

Е.ДАТҚА
24 қыркүйек 2019 ж. 592 0