Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кемел келешекке кеншілердің қадамы

Кемел келешекке кеншілердің қадамы

Басты мақсат, міндеттер мен басым бағыттар айқындалған Жолдауда Президент еліміздің әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алғанын атап өтіп, әрбір міндеттің нақты даму жолын көрсетті. Әрбір жарияланған Жолдауда Елбасы айқындаған нақты жоспар-стратегиялар, батыл шешімдер, қалыптасқан дағдарыс жағдайында егемендікті, аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, өндірісті тұрақтандыру, экономикалық байланыстарды күшейту және Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы беделін арттыру жөніндегі батыл шаралар болып, тәуелсіздігіміздің шынайы нығаюына негіз болып келеді.
Міне, осы тақырып бойынша аудан әкімі Ә.Оразбекұлы өткен жұмыс аптасының соңында «Қазатомпром» ҰАҚ АҚ-на қарасты «Қарамұрын» кеніші қызметкерлерімен кездесті. Елбасының биылғы «Төртінші» өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының 10 бағытын түсіндірді.
Жиында «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет шараның мән-маңызына тоқталып, шараны ашып берді. Мұнан соң аудан басшысы көпшілікке атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды Жолдауда жүктелген міндеттермен ұштастыра отырып, баяндады. Он басым бағыттан тұратын Жолдауда мемлекетіміздің алдында жаңа технологияны енгізу арқылы ел дамуына ерекше серпін беретін маңызды міндеттер айтылды, – деген әкім өнеркәсіп орындарының өндіріске тың технологияларды енгізу жаңарған заманның жаңа талабы екендігін айтты. «Әлемдік интеграцияға бейімделіп, өз мемлекеттілігіміздің тұғырын биік ұстанып, инновациялық технологиялар алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болуымыз қажет. Өйткені, болашақ цифрлы технологияның дәуірі болмақ. Сөйтіп, алдағы уақытта ақылды технология сіздер мен біздің тұрмысымызға етене енетін болады. Елбасымыз өзгермелі әлемнің бір бөлігі ретінде, Қазақстанның жаңа технологиялық дамудың жетістіктерін пайдалана отырып, 30 дамыған мемлекеттер қатарына кіру мүмкіндігін тездету қажеттігін саралап отыр» – деді өз сөзінде. Сонымен қатар, жаңа технология өмірімізді жеңілдетіп, бармақ бас­ты, көз қысты әрекеттердің түбегейлі жойылуына себеп болатындығын, жемқорлықпен күреске және заң үстемдігіне басымдық берілгендіктен, бұл салаларға да сандық жүйенің жетістігі кіріктірілетіндігін атап өтті. – Елбасы айтқандай, бүгінде көл-көсір мұнай дәуірі аяқталып келеді. Сондықтан, қазір назар аударатын маңызды міндеттердің бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Оған мемлекет кеңінен мүмкіндік беріп жатқанда біз еңбек өнімділігін арттырып, кәсіпкерлікпен айналысу арқылы балаларымызды еңбекке баулуымыз қажет, – деді. Мәселен, аудандағы тәулігіне он мың дана жұмыртқа өндіріп отырған «Мөлдір және К» құс фермасын, Жөлектегі құс өсіріп, қоян ұстап, балық бағып отырған Төлеуовтер отбасын атады. Жарқын істерден үлгі алуға бағытталған аудан басшысы сөзінің соңында «Цифрлық дәуір» талаптарына сай, саналы түрде заманға лайық жаһандық ауқымдағы құндылықтарды қабылдауға, Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянып қалмауға шақырды.
Кеншілермен кездесудің қорытынды сөзін алған 6-кен басқармасының директоры Ж.Садырбаев «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасы аясында мекемеде өндірісте қолға алынған жобалар жайынан хабардар етті. Білгеніміздей, қолға алынғалы отырған 4 жобаның бірі технологиялық процестерді басқаратын автоматтандырылған жүйенің жаңаруы болса, екіншісі, «Цифрлы кеніш», үшіншісі, «Sap erp» цифрлы жүйесі және интеграцияланған жоспарлау жүйесі болмақ. Жандос Айтқазыұлының айтуы бойынша аталған жобалар жүзеге асқанда бүгінгі автоматтандырылған 20 пайыздық жүйе 90 пайызға дейін артатын көрінеді. Бұл дегеніміз, кен өндірісінің көлемі артып, сапалы жұмыстар санының артуы.
Жиында 6-кен басқармасы қызметкерлері Елбасының сындарлы саясатын бірауыздан қолдайтындығын білдіріп, өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Кеншілердің пікірлері мен сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Ал, нақты айтылған сөз адамның келешегін көмескі етпей, алғы күндеріне деген сенім тудырады.
Дина ЖҮСІПОВА.
14 ақпан 2018 ж. 875 0