Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент: Қазақ әдебиеті - халқымыздың тарихымен біте қайнасқан асыл қазына

Президент: Қазақ әдебиеті - халқымыздың тарихымен біте қайнасқан асыл қазына

BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері қаламгерлерінің І форумын ашты.

«Біздің халқымыз рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетті жан-жақты қолдауға әрдайым аса үлкен мән береді. Бұл берік ұстаным тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жаңа сипат алуда. Қазақ әдебиеті -халқымыздың сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ әдебиетінің тарихы терең екенін айтып, ұлтымыздың белгілі тұлғаларын да атап өтті.
Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форум 300 ақын-жазушының басын қосты. Оның ішінде Азияның 38 елінен 70-ке жуық қаламгер, олардың арасында Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN жүлдесінің лауреаттары, өңірлік және ұлттық сыйлықтардың иегерері, жазушылар одақтары мен ассоциацияларының төрағалары бар.

Халықаралық форум 4-6 қыркүйек күндері елордада өтеді. Аталған іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіп отыр.

Конгресс-орталықта өтіп жатқан шара барысында «Азия әдебиетінің жауһарлары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді.
04 қыркүйек 2019 ж. 786 0