500 жүз мың әйел артық
ҚР Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, 1 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстанда 18 млн 608 мың 942 адам тұрады. Олардың 8 млн 970 мың 681 – ер азамат, 9 млн 537 мың 261 – әйел адам. Осылайша, нәзік жандылардың саны ер азаматтарға қарағанда 566 580 адамға немесе 6,3% көп. Бұл туралы Елорда Инфо еңбек ресурстарын дамыту орталығына сілтеме жасап хабарлайды. Яғни мың адамға шаққанда 485 ер адам мен 515 әйелден, ал 100 еркекке – 106 әйелден келеді. «Әйелдердің мұндай басымдық танытуы жағдайында 17 облыстың тек екеуінде ғана ер адамдар жалпы халық санының жартысынан сәл асады – бұл Түркістан облысы, онда мың адамға шаққанда 507, ал Қызылорда облысында – 502 еркектен келеді. Бұрымдылар ең көп тұратын өңір – Алматы қаласында мың адамға 542 әйелден келеді, сондай-ақ Павлодар (526 әйел) және Қостанай (525 әйел) облыстары», - дейді ЕРДО еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков. Тұрғылықты жерден өмірлік серігін таба алмаған еркектерге қайда барған жөн? Ең алдымен Алматы қаласының Алатау ауданына назар аударған абзал. Онда мың адамға 597 әйел, яғни жүз ер азаматқа 148 әйелден келеді. Демек, таңдау көп – ауданда осы жылдың бірінші шілдесіне 215,8 мың адам тұрады, оның 87 мыңы ғана ер азамат. Еркектер мен нәзік жандылар санының ара салмағы бойынша екінші орында – Қарағанды облысындағы Долинка ауылы, мұнда 1993 ер адам және 2838 әйел немесе жүз еркекке 142 әйелден тұрады. Дегенмен, таңдау тым көп емес, себебі ауыл халқының саны небәрі – 4831 адам. Бұдан үш есе көп Алматы облысының Өтеген батыр кентінде 14,4 мың тұрғынның 57%-ы әйел. 2017 нәзік жанды жұпсыз қалуы мүмкін. Солтүстіктің қытымыр қысын аман-есен өткеру үшін жұбын іздейтіндерге Қостанай немесе Петропавлға көз тіккен жөн, мұнда жүз ер адамға 122 әйелден келеді, сәйкесінше ер азаматтар 24,4 және 21,5 мыңға кем. Қарағанды облысының Қазыбек би ауданында да бақ сынап көруге болады. Онда мың адамға шаққанда 549 әйелден келеді. Жетінші орынды Алматының Медеу ауданы тұр. Онда 211,2 мың халықтың 54,8% әйелдер құрайды, жүз ер азаматқа – 121 әйел. Өскемен және Павлодар қалалары сегізінші және тоғызыншы орындарды өзара бөлісті. Әрқайсысында 330 мыңнан астам халық тұрады, ал әйелдердің саны еркектерге қарағанда шамамен 31,7 мың адамға артық немесе жүз ер адамға 121 әйелден келеді. Үздік ондықтың соңғы сатысына әйелдері басым Алматы қаласының Бостандық ауданы орналасты. Онда 10 ер азаматқа 12 әйелден келеді, 157 мың халықтың 54,6% нәзік жандылардың үлесінде. Дмитрий Шумековтың айтуынша, күйеу іздеген арулардың жағдайы сәл күрделірек, өйткені көптеген ірі қалаларда арулардың саны еркектерден басым келеді. Алайда, жас жігіттерге бай аймақтар да бар. Сонымен, Түркістан облысының Қазығұрт ауданына назар аударған жөн, мұнда 6336 ер адамға 4974 әйел үмітті, яғни 100 әйелге 127 ер азаматтан келеді. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласы да арулардың назарын аударуға лайық, ондағы 81 мың 280 халықтың 45,7% нәзік жандылар, яғни (теориялық тұрғыдан) өмірлік серігі жоқ 7 028 ер адам тұрады (балалар мен аталарды қоса есептегенде). «Түркістан облысында да мүмкіндіктер бар. Мысалы, Жетісай қаласы. 25,6 мың адам тұратын шаһарда жүз ер азаматқа бар-жоғы 88 әйелден келеді. Ал 172 мың халқы бар Жетісай ауданында әйелдердің үлесі 48,2% құрайды», – деді Шумеков. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданын да назардан тыс қалдырмаған жөн, онда әйелдердің үлесі 47,9%, жүз ер адамға – 92 әйелден келеді. Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауылына өмірлік серік іздеп бармас бұрын мұқият ойланған абзал, мұнда ерлер мен әйелдердің саны бірдей – әрқайсысының үлесі 4377 адамнан, сондай-ақ Шығыс Қазақстандағы Тимирязево ауылында да таразының басы тең – 2 137 адамнан тұрады. Дәл осы өңірдегі Шар қаласының тұрғындары да теңдікте өмір сүріп жатыр (әрқайсысы 3554 адамнан). Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылдың маусым айында ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» РМҚК құрылған болатын. 2011 жылдың қазан айында РМҚК «Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ болып қайта құрылды. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 1 шілдедегі Қаулысымен «Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болып өзгертілді. Орталық қызметінің негізгі саласы еңбек нарығын реттеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдау, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарды және халықты жұмыспен қамту орталықтарын әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету болып табылады