Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨЗІМ ТАУСЫЛҒАН УАҚЫТ

ТӨЗІМ ТАУСЫЛҒАН УАҚЫТ

Автобуста біреу орын үшін ұрысады. Көшеде көлік жүргізушілері бір-біріне жол бергісі келмей айқайлайды. Әлеуметтік желіге кірсеңіз, пікір қалдырған адамдардың аяусыз тілдейтінін көресіз. Қоғамда ашу көбейген. Төзім азайып, сабыр сарқылғандай. Соңғы жылдары адамдардың мінезқұлқындағы осы өзгеріс алаңдатпай қоймайды. Бұрын тұрмыстық деңгейде қалып қоятын келіспеушіліктер бүгінде үлкен жанжалға ұласып кететін болды. Неге? Мәселенің бір ұшы өмір сүру қарқынына тіреледі. Қазіргі адам бұрынғыдан әлдеқайда көп ақпарат қабылдайды. Таңертең көзін ашқаннан кешке дейін жаңалықтар, хабарламалар, жарнамалар мен түрлі ақпарат ағынының ортасында жүреді. Ми демалмайды. Сөйтіп психологиялық шаршау жинақталады. Оған әлеуметтік желілердің әсерін қосыңыз. Бұрын адам көңіліндегі ренішін жақындарына айтып тарқатса, қазір оны мыңдаған адамның алдында жариялайды. Жылап отырып сториске шығатын, күйеуімен ұрысып жатқанын рилске салатындарды ешкім жоққа шығармасы анық. Цифрлық кеңістік адамдарды пікір айтуға үйретті, бірақ пікір мәдениетін қалыптастыра алған жоқ. Соның салдарынан қоғамда төзімді диалогтың орнына эмоциялық шабуыл көбейіп келеді. Экономикалық факторды да жоққа шығаруға болмайды. Қымбатшылық, несие жүктемесі, жұмысқа қатысты алаңдаушылық көптеген адамдардың жүйкесіне әсер етеді. Адамның күнделікті уайымы көбейген сайын оның төзімділік шегі қысқарады. Кейде көшедегі немесе қоғамдық орында көрінетін ашудың түп-тамыры мүлде басқа мәселеде жатады. Тағы бір себеп – жалғыздық. Иә, технология дамыған сайын адамдар бір-бірінен алыстап бара жатқандай әсер қалдырады. Бұрын көршімен араласу, туыспен жиі кездесу, ауладағы ортақ қарым-қатынас адамның көңіл-күйін реттейтін табиғи тетік болатын. Қазір көп адам эмоциясымен жалғыз қалады. Мамандар қоғамдағы агрессияның артуын рухани құндылықтардың әлсіреуімен де байланыстырады. Қазақ қоғамында сабыр, кешірім, үлкенге құрмет, сөзге тоқтау секілді қасиеттер жоғары бағаланған. Бүгінде осы ұғымдардың орнына жылдамдық, бәсеке және жеке мүдде алға шығып барады. Бұл да адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениетіне әсер етпей қоймайды. Алайда мәселенің бәрін қоғамнан немесе заманнан көру де дұрыс емес. Ашушаңдық – жұқпалы құбылыс. Бір адамның дөрекілігі екіншісінің ашуын қоздырады. Ал бір адамның сабыры кейде үлкен жанжалдың алдын алады. Психологтардың айтуынша, қазіргі қоғамдағы ашушаңдықтың артуына бірнеше фактор әсер етеді. – Қазіргі адам үнемі асығыс өмір сүреді. Жұмыс, тұрмыстық мәселелер, несие, болашаққа деген алаңдаушылық психикаға салмақ түсіреді. Адам эмоциясын басқаруды үйренбесе, ішкі күйзеліс агрессия түрінде сыртқа шығады. Сондықтан қоғамда психологиялық сауаттылықты арттыру маңызды, – дейді психолог Гүлнұр Төремұратқызы. Ауыл ақсақалы Дүйсен Қойшыбаевтың пікірінше, адамдар арасындағы сыйластықтың азаюы қоғамдағы ашушаңдықтың күшеюіне әсер етіп отыр. – Бұрын ауылда үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, көршіге дауыс көтермейтін. Адамдар бір-бірінің жағдайын сұрап, қуанышы мен қайғысын бөлісетін. Қазір қарым-қатынас сиреді. Телефон көбейді, бірақ әңгіме азайды. Сабыр мен қанағат секілді қасиеттерді қайта жаңғыртпасақ, ашудың алдын алу қиын болады, – дейді ақсақал. Қоғамның мәдени деңгейі ең алдымен адамдардың бір-бірімен қалай сөйлесетінінен байқалады. Егер біз әлеуметтік желіде, көшеде, қоғамдық орында өзара сыйластықты сақтай алмасақ, қандай экономикалық жетістікке жетсек те, рухани тұрғыдан әлсіз қоғам болып қала береміз. Сондықтан «қоғам неге ашушаң болып барады?» деген сұраққа жауап іздегенде, мәселені тек өзгеден емес, өзімізден де іздеуіміз керек. Өйткені қоғам – біз. Ал қоғамдағы сабыр да, ашу да әр адамның күнделікті әрекетінен басталады. Бәлкім, бүгінгі қоғамға жетіспейтіні жаңа технология емес, жаңа заң емес, қарапайым ғана түсіністік пен төзім шығар.

Гүлхан ЯХИЯ
09 маусым 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

№41 (9408).

02 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930