Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұтынушылардың құқығы қорғалады

Тұтынушылардың құқығы қорғалады


Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында мәлімдеді деп хабарлайды BAQ.KZ

Министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының өсуін тежеу және олардың өсу себептерін кезең-кезеңмен жою мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп және жергілікті атқарушы органдармен кешенді жұмыс жүргізетінін айтты.

«Биыл 2 сәуірдегі «Бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу» заңын іске асыру үшін сәйкесінше заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әзірленіп, бекітілді. Біз олардың ішінде бағаларды тұрақтандыру және тежеу туралы жаңа шарттарды көздедік. Биыл 16 тамызда Ішкі сауда ережесіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Отандық өндірушілерге барлық сауда объектілерінде өздерінің тауарларын орналастыруға мүмкіндік беріледі. Ол үшін ішкі сауда субъектілерінің отандық азық-түлік тауарлары үшін кемінде 30% сөрелік кеңістікті немесе сауда алаңын ұсыну міндеті көзделді», - деді Сұлтанов.

Министр отандық өндіріс тауарларын орналастыру орындары «Қазақстанда жасалған» арнайы белгісімен белгіленетінін айтты.

Оның сөзінше бағаларды тұрақтандырудың тағы бір шарасы – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15% аспайтын мөлшерде бекіту.

«Бұдан басқа, сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілерден сыйақы (ретро-бонус) ала алмайды, ал қалған азық-түлік тауарлары бойынша 5% аспайтын мөлшерде белгілейді. Осыған байланысты, бизнес субъектілеріне аталған нормаларды орындау бойынша түсіндіру жұмыстарын әкімдіктерге және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне тапсыру қажет. Қазір министрлік «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуде. Жоғарыда аталған нормаларды орындау бойынша әкімдіктердің және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша департаменттеріне құзіреті, сондай-ақ ішкі сауда субъектілерінің оларды бұзғандығы үшін жауапкершілігі көзделетін болады», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсу себептерін атады.
20 тамыз 2019 ж. 876 0