ОҢ НӘТИЖЕГЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ОН БАҒЫТ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан соңғы ұлықтау рәсімі кезінде ел көлемінде алдағы уақытта атқарылуға тиісті жұмыстың 10 бағытын атаған болатын. Құжатта басты назарды қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге аударған. Бұған соңғы уақытта елдегі қордаланып қалған түйткілдер басты себеп болды.
Мәселен, Президент бірінші бағытында халықтың табысын арттырып, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге басымдық беріп: «Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы керек», – деді. Ал екінші бағытында сыбайлас жемқорлықты жоюға шақыра отырып, 1 қыркүйекке дейін сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша реформалар топтамасы дайындалатынын ескертті. Үшінші бағыты сот және құқық қорғау жүйесін реформалауға арналса, төртінші бағыт жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамтамасыз етуді қамтыды. «Ұлттық табысты әділ бөлу – стратегиялық маңызды міндет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Ал бесіншісі күн тәртібіндегі күйіп тұрған баспана мәселесін шешуге арналмақ. Бұдан былай халықты сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болады. Алтыншы бағыт – әділетті әлеуметтік саясат. Бұл бойынша адами құндылықтарды дамыту жұмыстары жалғасады. Жетінші бағыты өңірлерді дамытудың жаңа бағдарына арналды. Бұған дейін де айтылғандай, «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» бағыты жалғасады. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі нығайтылмақ. Сегізінші бағытта рухани жаңғыру үрдісі жалғаса беретіндігі айтылды. Тоғызыншы, сыртқы саясатта Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделі айқындала түспек. Қазір еліміздің сенімді серіктес ретінде танылып, беделі бекіп үлгерді. Оныншы, жастарға үлкен сенім артылады. Бұл ретте Қ.Тоқаев елде «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы мен «Жас кәсіпкер» бағдарламасы одан әрі жалғасып, жастарды мемлекеттік қызметке көптеп жұмылдыру үшін президенттік кадр резерві құрылатынын айтты.
Бұл он бағыттың жарияланғанына екі айда бола қойған жоқ. Бірақ осы аз ғана мерзімнің ішінде Президенттің бастамасымен түрлі бағдарламалар қабылданып, біраз шаруа жүйеленіп үлгерді. Әсіресе әлеуметтік әділетті саясат орнатуға арналған алтыншы бағыт бойынша жұмыс қарқынды.
Елбасы ұлықтау рәсімі кезінде бүкіл елдің алдында:
–Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз, – деген болатын.
Бұдан соң Президент алтыншы бағытын әділетті әлеуметтік саясатқа арнады.
–Бүгін халықты, ең алдымен не мазалайды? Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет, – деді Қ.Тоқаев. Содан соң көп ұзамай 500 мыңға жуық қазақстандықтың несиелік ауыртпалығын жеңілдетуге арналған бағдарлама қабылданды. Жоба аясында ең алдымен көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедек балалары бар және асыраушысынан айырылған отбасы мүшелері қамтылады. Ал несиесін төлей алмаған өзге азаматтардың 300 мың теңге көлеміндегі үстеме пайыздары кешірелетін болды. Бұл үшін 105 млрд. теңге қаржы да қаралып қойған.
Аз қамтылған отбасылардың несиесі кешіріліп қана қоймай, мектеп бітірген ұл-қыздарына да жеңілдік жасалмақ. Яғни оларға жоғары оқу орындарына түсу үшін биыл қосымша 5 мың грант бөлінеді. Оны иеленуі үшін түлектер ҰБТ-дан сүрінбей, кемі 50 балл жинауы керек. Бұл алтыншы бағыт бойынша атқарылар шаруаның бір ғана тармағы. Алда бұдан өзге көптеген жұмыстар атқарылмақ. Наурыз айынан бері көптеген отбасы игілігін көріп отырған атаулы әлеуметтік көмек те осы әділетті әлеуметтік саясаттың негізінде қабылданған бағдарлама болатын.
Сондай-ақ бұл бағытта ең алдымен барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, жаппай білім беруді қолдау басты назарға алынып отыр.
Гүлхан ЯХИЯ