Адалдық алдыңғы шепті айнытпайды
Жұмыс орнымыздың бұқарадан қашық орналасқанының себебі ме екен, әйтеуір кент орталығына аса бір шұғыл шаруа шығып қалмаса, былайғы уақытта бара бермейміз. Ал, егер аудан орталығына жол түсіп, атбасын бұра қалсақ болды орын алған өзгеріс, жаңалықтың барлығын көзбен сүзіп, көңілге түйіп қайтатынымыз бар. Бұл жолы ешқандай өзгеріс, пәлендей жаңалықты көрмесек те тұрғындар назарында жүрген мына жайттың жай-жапсарын білмек болдық. Иә, Шиелі халқы кейінгі уақытта көше бойынан тұла-бойы мұнтаздай таза, дене бітімдерінде артық ет жоқ, бастан-аяқ әскери киінген, жіптіктей жігіттерді жиі көретін болды. Біз бала күнімізде көп кездестірмейтін бұл көрініс көпшіліктің назарын аударып, көңілдерін бөліп, ішінара қызығушылықтарын туғызып жүргені де ақиқат. Өз басым көшеде кетіп бара жатқан әскери көлік пен итін ерткен сарбаздарды көре қалсам, бажайлап қарап қалатыным бар. Сонымен, үстеріне алабажақ форма киген сарбаздардың мекен-жайына хабарласып, қызметтерімен танысып, мақсаттарын білмек ниетте кенттің теріскейіндегі 2019 әскери бөлімінің «Ұзынқұдық» шекара заставасына барған едік.
Бізді заставаға кіре беріс ауыздан шекарашы капитан Бақытжан Құмаров жылы шыраймен қарсы алып, ішке қарай алып кіріп, шептегі шекарашылардың қызметімен таныстырды.
– Иә, мұндағы халықтың бізді сыртымыздан қызықтап қарайтыны өзімізге де білінеді. Бәлкім, біздің жұмысымызды білмегендіктен, толық таныс болмағандықтан солай болар. Жалпы, біздің негізгі міндет – шекара қорғау. Нақтылап айтар болсам, Қазақстанның оңтүстік өңірлік шекарасын күндіз-түні 24 сағат күзету осы заставаға жүктелген. Жай күзетіп қоймай, еліміздің әлеуметтік-экономикасына кері әсерін тигізетін іс-әрекеттердің алдын алу, заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда қылмыскерлерді құрықтау шекарашыларға артылған сенім. Қазіргі таңда шекара қызметіне мемлекеттен барлық жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, алыс жолдарға шыдамды заманауи көлік, соңғы үлгідегі байланыс құралдары мен шекарашылардың жатын орындары, киім-кешегі, тамағы түгел шешілген. Сондай-ақ, әскерилердің жеке баспаналы болуына да барлық мүмкіншіліктер қарастырылған, – дейді Б.Қалибасұлы.
Ал, өз кезегінде шекарашыларымыз да қырағылық танытып, белгіленген белдеуді асып өтпек болғандар мен екі елдің малын ұрлықы жолмен ауыстырып, есірткі егіп, заңсыз әрекетке барған қылмыскерлерді ұстаған. Соның бірі – 2016 жылы Ботабай елді мекеніне қарасты аумақтан есірткі шөбін егумен айналысқан бір топ қылмыскерлерді құрықтаған. Одан бөлек, мемлекет қорғауындағы аң-құстарды аулаушылармен де жұмыстар жүргізілген.
Жалпы, заставада офицерлік құрамнан бөлек, келісімшарт бойынша қызмет ететіндер мен мерзімді әскери қызметшілер жұмыс істейді. Елдің қауіпсіздігін міз бақпай қорғап тұрған саптағы сарбаздарға артылған жүктің салмағы ауыр. Оны Отан алдында ант берген алдыңғы шеп өкілдері жақсы түсінеді. Отан қорғаушылар күні қарсаңында шекара бойындағы әрбір қағылған қазықтай ел тыныштығын сақтап тұрған шекарашыларымызға міндеттеріне адалдық, көздеген мақсаттарында табандылық танытуды тілеп қайттық.
Е.Айтөреұлы.