Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Телікөлдіктер волейболдан бірінші

Телікөлдіктер волейболдан бірінші


Біздің еліміз үшін волейбол – ұлттық мәртебемізді көтерген, балалар мен жастарды қайсарлық пен ізгілікке тәрбиелейтін, атақ пен абыройға бөлейтін спорт екені айқын. Сондықтан, ел ішінде волейболды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Расымен де, бұған дейін Телікөл ауылынан волейболдан жеңімпаздар шығып, аудан мерейін асқақтатып жүргенін білеміз. Газет бетіне сүйінші жаңалығымызды жарыса жазып, насихаттап келеміз. Ауданның волейбол спортын дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан жанның бірі – Өтепберген Әбдіраманов.
Болашақ волейболшылар дайындаудың алғашқы бесігі мектептегі дене тәрбиесінің дәрісі екені рас. Мектеп қабырғасынан бағыт бағдар беріп, дайындау, тәрбиелеу оңай іс емес. Дегенменде, осындай ыждағаттылықпен шәкірт тәрбиелеп, оны жарысқа баптап, жеңдіруге, әрине, үлкен тәжірибе керек екені анық. Жас ерекшелігі бойынша шеберлік байқасып, бақсынасып жүрген жерлестеріміз былтыр Қазақстан Республикасының жазғы, күзгі чемпионаттарына қатысып, екі мәрте жеңімпаз атанған болатын. Ал, Павлодар қаласында өткен 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасындағы жарыста үшінші рет тұғырдың бірінші сатысынан көтеріліп, облыс мерейін асқақтатқан еді. Әрине, осы жетістіктің бәрі шәкірттерді дайындап, команданы баптаған Өтепберген Әбдірамановтың тынымсыз еңбегі екені белгілі. Өйткені, әрбір баланың стимулдық қарым қабілетін шыңдай біліп, психологиялық тұрғыдан үлкен жеңіске дайындай білу өз ісіне деген жауапкершілікті талап етеді.
Осы сөзімізге дәлел ретінде, Қа­зақстан Республикасы Білім және ғы­лым министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» ұйымдастыруымен 2-8 сәуір күндері аралығында Алматы қаласында «Ұлттық мектеп лига» 7-8 сыныптар арасында волейболдан «Шұбар доп» республикалық жарысы өтті. Осы жарысқа Телікөл ауылының №214 мектеп оқушылары қатысып, жеңімпаз атанды. Бұл жарыста телікөлдік волейболшылар 13 команданың арасынан бірінші орынға ие болды. Фи­­­­налда Шымкент қаласымен ойнап, 2:1 есе­бімен ұтып, жеңімпаз атанды. Жеңіске жеткен командаға Бурабай қаласындағы «Балдаурен» демалыс орнына 20 күндік жолдама берілді. Осылайша, мектеп оқушылары 2020 жылы Қытай елінің Нанкин қаласында өтетін жарысқа қатысуға жолдама алды.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
13 сәуір 2019 ж. 906 0