Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Телікөл – волейболдың ордасы

Телікөл – волейболдың ордасы


Телікөл ауылында волейболдан чемпиондар дайындап, бұқаралық спортты дамыту үшін күнделікті кешкісін мектеп спорт залында волейболдан жаттығу өткізіп, жас айырмашылықтарына қарай команда құрып, жарыс ұйымдастыратын бапкерді көпшілікке насихаттасақ деген ниетпен ауылға қарай бет алып келеміз. Бұған дейін бұл ауылда қазақша күрес, бокстан жеңімпаздар шығып аудан мерейін асқақтатып жүргенін білеміз. Ал, ауыл жастары арасынан волейболдан чемпиондар дайындап, аудан волейболының дамуына үлесін қосып келе жатқан жанның бірі – Өтепберген Әбдіраманов.


Волейбол ойыны адамды ұжымдық қимылға, жеке бас мүддесін команда мүддесіне бағындыра білуге, тәртіпті болуға, өзгелерге дер кезінде көмекке келуге үйретеді. Кейіпкеріміз Өтепберген Әділханұлы бүгінде Шиелі волейбол мектебінің қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Ол талай шәкірт тәрбиелеп, спорттың биік шыңына шығара білген жаттықтырушы. Алғаш 2012 жылы аудан бойынша волейболдан республикалық чемпиондар дайындап, өңір спортшыларына үлкен бастаманы бастап келеді.
Жалпы, шәкірт тәрбиелеу қиын емес те шығар. Көптің бірі етіп, әйтеуір спортқа келген екен деп, күнделікті жаттығуын жасатып, кешке үйіне шығарып салып, жалақыңды алып, жүре беругеде болады. Бірақ, алдыңа келген баланы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ету, оның потенциалын дұрыс пайдаланып, спорттың дара жолына салу – ұстаздық парызым деп білемін. Сонымен қатар, тренердің бойында үш нәрсе қайнап жату тиіс. Бірінші, кәсібилік яғни, өз ісіңнің шебері болу. Екінші, темірдей төзім мен жан төзбес шыдамдылық. Қанша айтқанмен, біреудің баласын тәрбиелейсің. Тәрбиелегенде де басынан сипап, қолына тәтті тоқаш ұстатпайсың, қаққанда қанын, соққанда сөлін аласың. Өйткені, спорт – әлсіздікті көтермейді. Үшіншіден, нағыз жаттықтырушы– мықты стратег, алдындағы баланың болмысын дөп тани алатын түйсігі мықты ұстаз болуы керек. Міне, осы үш мінезді бойына жинаған бапкер қай уақытта да тек чемпион тәрбиелеп шығаратын болады, – дейді Өтепберген Әбдраманов.
Болашақ волейболшылар дайындаудың алғашқы бесігі мектептегі дене тәрбиесі дәрісі екені рас. Мәселен, алғаш респуб­лика көлемінде чемпион болған шәкірті Нұрлан Саиын қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетте осы спорт түрі бойынша грантта білімін алып келеді. Одан кейінгі шәкірті Олжас Сапарбай мен Бекарыс Егенов «Қайсар» волейбол клубында жоғарғы лигада өнер көрсетіп жүр.
Волейболда теориялық және әдістемелік білімдерді, айла-әдіс шеберлік деңгейін қамтитын бағдарламалық материалдарды меңгерген дұрыс. Теорияны білген спортшы практикада озық шығатынын әңгіме арасында ұқтық.
Біздің еліміз үшін волейбол – ұлттық мәртебемізді көтерген, балалар мен жастарды қайсарлық пен ізгілікке тәрбиелейтін, атақ пен абыройға бөлейтін спорт екені айқын. Сондықтан да ел ішінде волейболды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
12 ақпан 2019 ж. 2 599 0