Ел аймақтарында бүркітшілер орталығы ашылады
Еліміздегі аймақтарда бүркітшілер орталығы ашылады. Бұл туралы Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасын баяндаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты. Қазақты жер бетіндегі өзге ұлттар мен ұлыстардан ерекшелендіріп тұратын бекзада өнердің бірі – құсбегілік. Тарихы мыңдаған жылға созылған бұл өнерді ермек еткен құсбегілер қасқыр, түлкі, борсық пен сусарды олардың терісінен ішік, бөрік, тұмақ жасау үшін ауласа, ал күнделікті ас-ауқат әзірлеуде тауешкі, арқар, бөкен мен қоянға бүркіт салған. Сондықтан бұл өнер қазақтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде күнкөрістің қайнар көзі болғаны анық. Ал осындай ұлттық өнерімізді сақтау мен насихаттау Жастар жылы қарсаңында оң жалғасын таппақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жастар жылына арналған картаға бүркітшілер орталығын ашу туралы шара енгізілгенін хабарлады. - Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде қазақтың атын әлемге танытып жүрген Айшолпан есімді бүркітшы қыз орталық ашуды ұсынған еді. Жаттығу орталықтарын ашып, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіп қана қоймай, Мәденит және спорт министрлігімен бірігіп, жұмыс жүргізу жоспарланған. Осылайша ұлтымыздың көне өнерін Қазақстандағы этнотуризмнің маңызды әрі ажырамас бөлшегіне айналдыру көзделіп отыр, - деді министр. Айта кетейік, 23 қаңтар күні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастармен кездескен болатын. Сол кезде жастар айтқан ұсыныстар ескеріліп, Жастар жылының жол картасын жаңа 5 бастама қосылды. Соның бірі - бүркітшілері орталығы. Сондай-ақ Білім және ғылым миинстрлігімен бірлесіп, "Өзіңді тап" (жастарымызға өзі қызығатын дұрыс мамандық таңдауға бағыт беру) және "Студенттік бастама" (мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, жетімдер мен жалғыз басты үйсіз-күйсіз адамдарға көмек көрсету) жобалары жүзеге аспақ. Бұдан өзге өзін-өзі қорғау жөніндегі тегін шеберлік сыныптарын өткізу, жастарға арналған спорттық клубтарды дамыту ісі қолға алынбақ. Бесінші бастама ретінде медиа саласының келешегінен үміт күттіретін жас өкілдерін тарта отырып, Қазақстанның ұлттық брендін алға жылжытуға бағытталған жаңа құралдарды құру жоспарланған.
Толығырақ: https://massaget.kz/mangilik_el/janalyiktar/56636/