жемқорлық – індет, жою міндет
Мемлекет бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұған күнделікті көріп жүрген құжаттарды рәсімдеу, алу қызметтерін цифрландыру, анықтамаларды арнайы базаға тіркеу, электронды қызмет көрсету саласын жетілдіру жұмыстары дәлел. Сонда да болса ел ішінде сыбайлас жемқорлық мәселесі түпкілікті шешімін тапқан жоқ.Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ парызымыз» тақырыбында семинар өтті. Күнделікті өмірде орын алып жатқан тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көрінісін азайтуға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған жиынға мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандары, арнайы мониторингтік топ мүшелері мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері және аудан тұрғындары қатысты.
Семинарға мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Алишер Амангелдиев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мақсат Сапбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлназ Уәлиқызы және «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетов бастаған мамандар қатысып, тұрғындарға құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылыққа, қылмыстылық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру бойынша кеңес берді.
Жиын барысында қоғамда белең алып жатқан бірқатар мәселелер жайы да назардан тыс қалмады. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Махамбет дертіне шипа іздеген жандардың біразы квота мен порталға кезекке тұру мәселесін айтып шағымданатынын жеткізіп, мамандарға осы сала бойынша зерттеу жүргізулерін ұсынды. Одан бөлек мектеп директорларының кабинетін төменгі қабатқа көшіру, көшіріп қана қоймай ата-ана және мұғалімдермен тығыз байланыс орнатуға жағдай жасау жайлы сөз болды. Бұл тек мектептің ғана емес өзге мекеме басшыларына да жүктелетінін айтқан Ж.Тұсмағамбетов:
– Осы тапсырманы республика бойынша алғаш боп Тасбөгет кентінің әкімі жүзеге асырды. Әкім өзі мен орынбасарларының кабинетін шағын және пластикпен қоршалған бөлмеге ауыстырған. Бұл ғимаратқа келуші кез келген адам кент басшыларының немен шұғылданып отырғанын көруге мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуға, ашықтыққа жол ашады, – деді.
Түптеп келгенде, сыбайлас жемқорлыққа қатысты оқиғалар адамдардың өз құқығына немқұрайлы қарауынан орын алады. Көз қысты, бармақ бастылықпен алынған азғантай ғана сыйлық қаншама лауазымды тұлғаның абыройын айрандай төгіп келеді. Алғанға да, берген адамға да, тіпті, мемлекетке де зияны болмаса пайда әкелмейтін жемқорлық деген індетке тосқауыл қою әр азаматтың міндеті. Әрине, алдымен құқықтық сауатымызды арттыру әбден қажет-ақ.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.