Қасиетті Қағбаның жанында сиқыршы қолға түсті (видео)
Қасиетті Мекке қаласының тәртіп сақшылары Харам мешітінің аумағында сиқырлыққа қажетті құрал-жабдықтары бар сиқыршыны ұстап алды. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Саудияда сиқырлықпен айналысу шариғат талаптарына қайшы болғандықтан сиқыршылар қылмыскер қатарына жатқызылып, заңмен қудаланады. Яғни, жауапкершілікке тартылып, жазаланады. Оқыс оқиға орын алған жерде куәгерлер таспаға тартып алған видеодан дуаның күшін жоюмен айналысатын бірнеше шейх тұтқындалған сиқыршыдан тәркіленген заттарды "залалсыздандырып" жатқанын байқауға болады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары таратқан хабарға қарағанда, қасиетті мекенде қолға түскен сиқыршы Судан азаматы болып шыққан. Бұл оқиға медиакеңістікте резонанс тудырды. Кіші қажылыққа келген судандық азамат күдікті көрінген соң полиция тексеріп көрмек болған. Алдын ала алынған мәлімет бойынша ол Судан аумағында кеңінен тараған сопылық ордендерінің бірінің мүшесі болуы мүмкін. Суданның сопылар бауырластығы Саудия билігінен оны босатуды талап етуде.
http://islam.kz