ҚАҺАРЛЫ ҚАБАН БАТЫР
Көзі тірісінде Мәкеңе сәлем беріп, атасы Қабан батыр туралы сұраған едім. «Дұрыс қой інім, жас келгесін адамның ойда сақтау қабілеті азаяды екен. Десе де білгенімді айтып көрейін» деді. Атам Қабан шамамен 1830 жылы туып, 1899 жылы қайтыс болған. Әкемнің айтуынша, атам орта бойлы, төртбақ денелі, жауырынды, бір өзі бір қойдың етін жеп кете беретін кісі болған дейді. Құдайым қара күшті берген ғой, асау жылқыны екі құлағынан ұстағанда тырп еткізбейтін, Бұқарбай батырмен ағайын әрі ауылдас болған. Әдіс, айланы, батырлықты жастайынан меңгерген.
Сол кезде қоқандықтар Сыр қазақтарына тыныштық бермеген. Жаңадарияға бөгет салып, төменгі жағына су бермей отырықшы елді көшуге мәжбүр еткен. Міне, осыған төзбеген атақты Мысық би, Бұқарбай, Қабан батырларды жиып, елдің басын біріктіріп, қоқандарды қуып шығады. Осы шайқаста Қабан батыр үлкен ерлік жасап, жаудың біраз тұтқыны мен малын олжалап, халыққа таратып берген.
Енді бір сөзінде, Мәкең қоқандықтармен болған шайқаста атам Қабан жекпе-жекке шыққан дейді. Келісім бойынша қантөгіс болмас үшін екі жақтан да екі-екіден батыр шықсын, қай жағының батыры жеңсе, жеңіс соныкі болсын деп бәтуа қылған көрінеді. Жау жақ батырын шығарып, оған қарсы Бұқарбай шықты дейді. Бұқарбай бата сұраған екен. Мысық би «Бұқарбай бұл шайқаста жолың болайын деп тұр, жолбарысың өзіңнен бұрын шықты ғой. Алла жар болсын» деп бата беріпті. Сонымен, жаудың Секен деген батырын жеңіп, аттан түсіріп өлтірген деседі. Екінші жолы атақты үш жүзге мәлім Сәрке батырдың немересі Байқадам батыр, Қабан батырға бата берген екен. «Әлі қабырғаң қатпаған екен, обалыңа қалмасам болар еді. Бірақ, сенің жүрегің мен білегіңнің күші бірдей, талабың таудай, саған сенемін. Атам Сәркенің әруағы жар болсын» – деп бата беріпті. Жекпе-жек басталып, ұзақ шайқасып бірін-бірі ала алмай екі жақ шаршап болдырған шақта Қабан жаудың дулығасының астыңғы түймесінің үзілгенін байқап, сол жерге найзасын салып, аттан құлатып түсіреді. Жеңіліс тапқан жаудың қашқаны қашып, қашпағаны қолға түсті.
Қабан батыр, Кенесары, Наурызбай көтерілісінде мың басы болып талай шайқасқа қатысады. Батырдың салиқалы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.