ДАРА ТҰЛҒА
Көңілімнен ыстық жаңбыр сіркіресе.
Қайнаған қара құйын бұлт боламын,
Ойымда ойнайды ұйтқып от бораным, – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Поэзия патшасы» атанған Әбділда Тәжібаев көкірегін шабыт қысып, өлең-жырлар ақтарылар сәтін осылай суреттейді. Ақын өмірге 1909 жылы Қызылорда қаласында келген. Алғашқы балалық шағы қалада, ата-ана бауырында өткенімен, алты жасында әкесінен айырылып, жетім қалады. Күнделікті еңбекпен нәпақа тауып қайтқан соң, анасы Айманкүл жас баласымен жоқшылық күйге түседі. Амалсыздан Әбділданы жетектеп, нағашысының ауылына баруға мәжбүр болады. Айманкүлдің нағашысы Сыр бойының ескі балықшысы, әрі егінші-диқаны Далдабай деген қарт еді. Далдабай өз баласы болмай, жиені Айманкүлді бесіктегі кезінде бала қылып, бауырына салып өсірген. Айманкүлді 14 жасына шейін ауылдағы молдаға оқытқан. Әбділдаға ақындық өнер сол анасынан дарыса керек. Өйткені, бір деректерде «Далдабайдың үйіне Сыр елінің ақын-жыршылары жиі келіп тұрады. Бір жолы бала Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бекежанов пен Айманкүлдің айтысын тыңдап, шешесінің ақындығына таңданып, тапқыр сөздерін жадында сақтап қалады» делінген.
1922 жылы Әбділданы анасы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға береді. Баланың алғыр әрі сауаты барын аңғарған ұстаздар интернат-мектептің бірден 3-ші сыныбына қабылдайды. Ақынның алғашқы өлеңдері де осы мектептің қабырға газетінде жарияланған еді. Одан кейін 1925 жылы Шымкент қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы 7 жылдық оқуға барады. Бұл жерде Бауыржан Момышұлымен танысып, бірге оқиды. Ал, 1929 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына түседі.
Еңбек жолын «Еңбекші қазақ» газетінде пошта тасушысы болып бастаған Әбділда Тәжібаев 1934 жылы небәрі 25 жасында Қазақстан Жазушылар одағының хатшылығына, ал, 1939 жылы оның төрағалығына сайланады. Бұған ақынның еңбекқорлығы мен тынымсыз ізденісте жүретін қасиеті септігін тигізген болу керек. Әрі сол жылдары ірі басылымдарға өндіре жазған Тәжібаевтың шығармашылығы көркемдік сапасы жағынан да айтарлықтай биікке көтерілді. Оның өлең жинақтары да осы тұста бірінен соң бірі жарық көреді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Әбділда Тәжібаевқа «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы, көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деп баға береді. «Әбекең таяғын тықылдатып келе жатқанда бізге бір әлем көшіп келе жатқандай әсер ететін. Оның трибунаға шығып сөйлегендегі шешендігіне қайран қалатынбыз» деп, еске алады ақын Несіпбек Айтұлы. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы «Ә.Тәжібаев жаңа заманның жаңалықтарын бар жан-тәнімен жырлаған ақындардың бірі» деп баға береді.
Ә.Тәжібаевтың сыршылдығымен, ойшылдығымен ерекшеленген отты өлеңдері 1936, 1939, 1942 жылдары «Таңдамалы өлеңдер», «Перне» атты кітап болып басылды. «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары да осы отызыншы жылдардың жемісі еді. Ақынға шабыт беріп, талай өлеңдеріне арқау болған туған өлкесі – Сыр елі мен Сырдария өзені екенін аңғару қиын емес.
Білем сені, сүйем сені,
Сырдың суы қарт анам.
Сенсің мені әлдилеген,
Туған сенен мен балаң.
Сүйсе Гейне анам десе,
Сүйген суы Рейнесін,
Сырдың суы туған ол да.
Өз ақынын Гейнесін, деп басталатын ақынның «Сырдария» өлеңін әрбір қазақ баласы жатқа біледі десек артық болмас.
Жетімдік тез есейткен ақынның өмірі оңай болмады. Өткен ғасырдың басындағы «Қызылдар» келіп, «Ақтар» қашқан кезең, ашаршылық, соғыс, одан қалса қылышынан қан тамған кеңестік жүйе, барлығы ақын шығармашылығына кері әсер етпей қоймағыны анық. Тіпті, ақын солақай саясаттың мәжбүрлеуімен жазған кей өлеңдері үшін өле-өлгенше өкініп өткенін жасырмаған екен. Бұл туралы Мырзатай Жолдасбеков «1989 жылы Мағжан Жұмабаевтың кітабын шығаратын болып, алғы сөзін Әбділда ағаға жаздырамыз деп шештік. Ақынның үйіне барып жағдайды айтқанымда «Мырзатай шырағым, бәріміз де ол кезде уақыттың құлы болдық. Елді үрей биледі, биліктің айтқанынан шыға алмадық. Басшылардың басы қалай қисайса, солай бұрылдық. Мағжанға қарсы сын өлең жазғаным рас. Солай маған жаздырды. Сол күнәмнан қашан арыламын деп, түн ұйқымды төрт бөлемін. Сол күн туса қәнекей! Ақын алдындағы, ар алдындағы күнәмнан арылатын күнді аңсаймын», деп көзіне жас алды» деген жолдармен еске алады.
Драмалық еңбектерін жазуды Ә.Тәжібаев 1938 жылдан бастап қолға алады. Ең алғаш М.Әуезовпен бірігіп жазған «Аққайың» атты пьессасы арнайы жарияланған сайыста ІІ орынды иеленді. Іле-шала Г.Рошальмен бірігіп жазған «Жомарттың кілемі» атты пьессасы Қазақстан академиясы драма театрының репертуарына кіреді. Ал, «Көтерілген күмбез» атты тағы бір туындысын өзбек театрлары сахнаға шығарады.
Ақын қанша қарбаласта жүргенімен, туған өлкесі Сыр топырағына бір барып қайтуды өзінің азаматтық борышы санап, жиі бассұғуға тырысқан. Ә.Тәжібаевтың ағайын-туыстары тұратын ауыл бүгінде ақын есімімен аталады. Оның шығармашылығын дәріптеуге аудан халқы мен мектеп ұжымы да бір кісідей атсалысып келеді. Ал, облыс орталығындағы әмбебап кітапханаға ақынның есімі берілген. Онда ақынның өмірінен сыр шертетін музей жұмыс жасайды. Сондай-ақ, кітапхана алдында ақынның құрметіне бьюст орнатылса, қаланың орталығында Ә.Тәжібаевқа арналған ескерткіш бой көтерген. Мұражайда ақынның пайдаланған дүниелері, Сыр еліне келіп, оқырмандарымен жүздескен сәттегі көріністер сақталған. Сондай-ақ, мұндағы ең құнды дүниелердің бірі – ақынның жазба үстелі, қолжазбалары, сағаты, қаламы.
Зейнетке шығып, кеудесінде ақтық демі таусылғанша өмірін шығармашылыққа арнаған дара тұлға 1998 жылы 90 жасқа қараған шағында кезінде Алаш арыстары армандаған Қазақ елінің Тәуелсіздігін көзімен көріп кетті. Әбділда ақынның асыл мұралары өз өміршеңдігін жоғалтпай, өз елімен бірге жасай беретіні анық. Оның есімі Сыр елінен шыққан он ғасыр адамының қатарына енуі де тегін болмаса керек.