Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шоқайдың оралуы

Шоқайдың оралуы



Осыдан тура 20 жыл бұрын 22 наурыз күні Шиелінің ашық күнгі аспанын найзағай тіліп, күн күркірегендей жұртшылықты дүр сілкіндірген айтулы оқиға болып еді. Өйтпегенде ше?! Өтпелі кезеңнің өліарасы қиыншылық қыспағына қарамастан, әдеттегі Наурыз мейрамына дөп келіп, онсыз да көңіл-қошы көтеріңкі көпшілік үшін Ұлыстың Ұлы күнінде радиорепродуктордан «Құрметті қандастарым! Қадірлі Түркістандық бауырларым!..» деп әлдеқашан өлдіге санаған түркі әлемінің Ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың тірі кезіндегідей жанды дауысы саңқылдап тұрса...
70 жылға созылған Кеңестік насихаттан санамыздың уланғаны соншалық, кезінде Серік Шәкібаев деген НКВД-нің жалдамалы агентінің «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген жаптым жала, жақтым күйе күлдібадам кітапсымағын іздеп жүріп оқыдық-ау... «Ей, балам-ай, бұл құран емес қой, ақиқатын бір Алла біледі да, қайтесің соны оқымай-ақ қойсаң нетті?..» дейтін әкемізге, ақымыз кеткендей, өзеуреп, суретін көрсетіп, дес бермейтінбіз. Етік жамағанда киетін бір жақ ілгегі түсіп қалған атам заманғы әшкиін киіп, бір топ немістің ортасында отыр деп көрсетілетін суретке үңіліп, ұзақ қарап отыратын көкем жұлып алғандай: «Бұл Шоқай емес!» дейтін үзілді кесілді. «Шоқайдың шекесі толық, дөңгелек жүзді болса керек. Бала болсам да жадымда. Мына немесі қушық шеке, қу жақ біреу ғой...» деп төңкеріс жылы әкесіне еріп барып, осы күнгі темір жол депосындағы жиылыс­та Мұстафаны қалай көргенін сыбырлап, шешеме айтып
отыратын. Ежіктеп сұрағанмен ары қарай жақ ашпайтын, әбден жүректері шәйлығып, қорқып қалғандарын кейін түсіндік қой.
Ал бүгін, Мұстафаны шығандатып шетел астырып, Шәкәрімді айдалада атып көмусіз құдыққа тастатқан қызыл империяның қандықол машинасы үрім-бұтақ, түп-тұқиянына дейін жойып, халық санасынан мүлдем өштіге санағанмен, өшкеннің жанып, өлгеннің тірілгені дегеннің нағызы осы болды.
Хан Кенеден соң отаршы озбырлардан елдің егемендігін осыншалықты табандылықпен, тайсақтамай, қасық қаны қалғанша қорғаған дәл Мұстафадай бір қазақ болмаған шығар сірә?!
Осыдан 57 жыл бұрын әлдеқандай себептермен таспаға жазылып, тарихта қалған бірден-бір, өлшеусіз құнды жәдігердің баға жетпес жаңғырығы ғой. Ұлы күрескердің жырақта жүріп, Еуропа төрінен барша мұсылман қандастарға арнаған үндеуінен үзінді болатын. Алаш ардақтысының қызыл өкіметке қарсы бағытталған сөз төркінін терең түсініп жатпаса да, халық жүрегінің түкпірінде сақталған әлдебір жұмбақ сағынышымен мәре-сәре болған жұртшылық нөпірі толассыз ағылып жатты. Соншама жылдар өтсе де, Шиелінің орталық алаңындағы саңқылдап тұрған үзік-үзік жігерлі дауыста шалқар шабыт, ел Тәуелсіздігіне құтты болсын айтып тұрғандай еді.
Соңғы рет Шиелі халқы Мұстафаның патшалық Ресей мемлекеттік думасы мұсылман фракциясының бюро мүшесі, Түркістан халықтарының өкілі қызметінде Ташкентке барар жолында темір жол депосында 1917 жылы көргендігін айта кеткен жөн. Араға 81 жыл салып, кіндік қаны тамған топырағына ескерткіш болып оралған Мұстафа Шоқайдың туған жер төріндегі тұғырына қонған күн, шын мәнінде Шиелі халқына ұлан-асыр шаттық сыйлаған тосын сый болғаны анық.
Бұл неден басталып еді
Әңгіменің әлқиссасы 1997 жылдың күзінде Шоқай атындағы қор президенті Базарбай Атабаев, орталарында жазушы Оразбек Сәрсенбай, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, скульп­тор Мұратбай Үмбетов, шиелілік Жағыпар Зермұхамедов, Райымбек Нұртазаев т.б негізінен ағайындар бас қосқан жиыннан басталады. Дастарқан басында әрине, атамыздың күрескерлік, тұлғалық қасиеттері жөнінде кеңінен әңгіме болады. Түрік ағайындар әлдеқашан бүкіл түркі әлемінің көсемі деп мойындап, енді болмағанда өздеріне басыбайлы етудің бар амалын қарастырып жатқан еді. Ал егемендікті енді алған елімізде Шоқай жайлы ескі түсініктің сеңі әлі сейіле қоймаған болатын. Ғалым Бақыт Садықованың басылым беттеріне жарияланып тұратын Мұстафа жайлы танымдық материалдарынан өзге түркі әлемінің көсемін насихаттау жағы кенже қалып отырды.
Әу бастағы үміт пен күдік астасқан жәй ғана пәтуә, сәтін салғанда үлкен жұмыс болып басталып жүре берді. Бұған сол кездегі аудан әкімі қызметіндегі Жарылқасын Тұрабаевтың құлшыныс танытып, қолдау көрсетіп қана қоймай, іліп алып, өзі тікелей ұйымдастырушысы болуы шешуші себеп болғаны анық. Ақиқаты да сол. Аудан әкімінің базарға барып ұн тарататын, заманның түзеле қоймаған кезі. Тумысынан жаңашылдыққа құмар, биліктің ыңыранған таптаурын қасаң психологиясынан ада, жедел де, батыл шешім қабылдап, онысын қорғай алатын батырлығы бар ер мінезі де, өр мінезі де бір басынан жетіп артылатын атпал азамат, қай іске болсын бел шешіп, білек сыбана қызу кірісіп кететін.
Сонымен, қысқа салым Мұратбай ағамыздың қолынан шыққан М.Шоқайдың шағын скульптура мүсіні дайын болды.
Стол үстіне қоюға өте ыңғайлы, көркемдік жағынан кінәратсыз, тамаша дүние. Аудан әкімнің араласуымен ол тез таратылып, алғашқы қаражаттың жиналуы одан ары қарайғы жұмыстың жандануына жол ашты.

Ескерткіш мүсіннің машақаты
Тағы да сол Мұратбай ағамызға салмақ түседі. «Алматы, Қызылордадағы атақты ағаларым аздай, енді желкемеге аудан әкімі Жарылқасын мінді. Бір беймаз адам екен дамыл таппас. Күніне 100 телефон соғатын шығар, онысымен қоймай жұмыс істеп жатсам, жаныма Жағыпар Зермұхамедовты бақылау етіп қадап қойды ғой...» деп еске алады, кейіннен мүсінші ағамыз. Жұмыс процесі расында өте күрделі. Оның үстіне ақпанның азынаған аязы, негізінен далада ашық аспан астында істелетін жұмысты барынша қиындатқан да сыңайлы.
Айтуынша, алдымен ескерткіш мүсіннің эскизі жасалуы керек. Ол екі нұсқада жасалып, жоғарыда аталған адамдардан тұратын «көркемдік кеңестің» талқылауынан әупірімдеп өтеді. Бірнеше күнге созылған талқылаудан кейін, Шоқайды Еуропалық үлгіде (стиль) шляпа мен қолына трость, екінші қолына «Яш Түркістан» журналын ұстатып, үнемі терең ой мен тынымсыз ізденісте жүрген түрі бейнеленеді. Бірақ, тік тұрған Оразбек Сәрсенбай ұсынған осы күнгі нұсқасы қабылданады.
Енді, белгіленген өлшем мен формада мүсін алдымен батпақтан (скульптурная глина) құйылуы керек. Қажетті материал батыс Украина мен Өзбек ағайындардың Қоқан қаласынан ғана шығатын әуресі тағы қосылған. Бүгінгідей алыс-беріс, сауда-саттықтың дами қоймаған кезіне тура келген, сұраныс түріндегі мәселенің талғажау боларлық не тамақ емес, табыла қоярлық темір-терсек те емес, қайдағы бір «қара батпақтың» болғанының өзі, естір құлаққа соншалықты ерсілеу, «Сұрай-сұрай Меккеге де баратыны» сияқты, індете іздеудің нәтижесінде, қасқалдақтың қанындай осынша қат болған нәрсенің, бір жерлерден, әлдебіреулерден керексіз дүние ретінде бір қалтарыста қалып кеткен сыбысы шығып, орайы келіп бұл мәселе де оңынан шешіледі ғой.
Алдағы жұмыстар қол күшін былай қойғанда, шыдас-төзімді керек ететін тонналап батпақ илеу, темірден түйін түю секілді кәсіби дағды, білім-білікті талап ететін, физикалық тұрғыдан да көп қажыр-қайрат жұмсалатын өте ауыр жұмыстар.
Ең үлкен мәселе, Қызылордада мұндай еңселі ескерткіш соғуға боларлықтай бейімделген шеберхананың жоқтығы. Әуелі батпақтан құйыла­тын қалып мүсін, түрлі динамикалық сыртқы әсерлерге шыдас беруі үшін, межелі температурада сақырлап кептірілуді қажет етіп, одан соң ғана күрделірек мәселе – гипс­тен болашақ ескерткіштің тұтас формасын алу жұмысы тұрады екен. Технологиялық дәлдік пен ыждағат-ептілікті аса қажет ететін бұл жұмыс та бітер-ау, дайындалған формаға бетон құю ше? Алдын-ала формаға мұқият шеберлікпен, арматура темір құрсау тоқылуы шарт. Тағысын тағылар. Міне, осыншалықты ауқымдағы күрделі жұмыстар мүсінші Мұратбай ағамызды мүлдем оқыс шешім қабылдауға итермелейді. Ол өзінің ежелгі досы республикадағы танымал бірден-бір шебер, кәсіби маман профессор Дәркембай Шоқпаровпен байланысады да, мәселені егжей-тегжейлі талқылап, жұмысты соның шеберханасында жалғастыруға келіседі. Бұл 1998 жылдың қақаған қаңтары болатын.

Дайындық
5 наурыз күні түске таман аудан әкімі шақырт­ты. Қашан да асығып жүретін әдеті, «Кеттік, ескерткіштің орнын белгілейміз!» дейді жүре сөй­леп. Бірқатар ардагер ағалар болашақ ескерткішті бұрынғы трибуна, Ленин ескерткішінің орнына дайын тұғырға қоя салу идеясы көтерілген сияқты. 1-қабаттағы мәжіліс залынан шыға келген, әлгінде ғана өзін коридордан көрген дөңгелек жүзді толықша, жылы жүзді өзім қатарлы жігітті әкім қолтықтаған күйі: «Танисың ба?» дейді. Артынан еріп танымайтынымды айтып үлгіргенше, әкім әлгі жігітке: «Бұл – Исабек. Бүгіннен бастап осының үйінде жатасың». Алдын-ала кесіп-пішкен бұлтартпас өктем дауыс. «Ал бұл – Яхия! Академияны бітірген. Ленинградтың жартысын таспен қаптап шыққан, архитектор!» деп көтермелей сөйлейтін әдетімен трибунаның жанына келдік аршындай адымдап. «Міне, Жолдекеңдер ескерткішті осы дайын орынға қояйық десе, мынау, тағы бір-екі жақтастары бар, қисайып көнгісі жоқ... 1 қап цемент табу, 10 қап ұн табудан қиын... Ескерткіш дайын, ал қоятын орынды әлі күнге белгілей алмай айты­сып жүргеніміз?!» деп шұбырта жөнел­ді. Сыралғы достың сыңайын аңдып, көзіне қарасам, ішкі сырын ішіне бүккен ол, көпе-көрнеу елемегенсіп, аспандап көзін жасырады. «Қаптаған данышпан, бәрін тыңдай беруге уақыт жоқ? Ал енді, жоғары білімді тәжірибелі архитектор, маман ретінде сен не айтасың?» дейді Яхияға қаратып. «Оя-бууий, бүлдірмесе етті...» деп зәрем кетті. Архитекторым асықпай, айналасына қарап алып, жәйменен ескерткіштің дәл қазіргі орнына барып, әкімдік ғимаратының есік тұсын мөлшерлегендей көзбен атып, орнынан 180 градус шыр айнала бұрылған ол, ойша тура Шоқай көшесінің дәл ортасын ала бір қадам солға жылжыды да: «Осы жер!» деді көп жасағырың. Ішім жылып сала берді. Алдында ғана өзі келіскендей болған ойымызды тап басқан ұсынысты қуана құп алып, естідіңіз ба дегендей әкімге қараймын. Ал, әкім түкке түсінбегендей түр бермейді: «Осы жер...» дейді екі иығын көтеріп. «Ал осы жер. Не ол? Осы жер деген?» деп дігерлей түседі. Мың болғыр Яхиямыз асықпайтын жігіт екен! Жайлап қана жымың етіп езу тартады, баппен мойнын бұрып тағы да жан-жағына қарап алды да, көздерін сығырайтып: «Дәл осы жер!» деді сенімді түрде. Дауысын нығыздай шығарып, өзі де қаққан қазықтай мелшиіп де қалсын сөйтіп. «Мына тұрған тұрысын танкімен қозғай алмассың, қатып қалдың ғой бағанаға ұқсап...» деп білегі жалаңаштанып түріліп кеткен оң қолын көтерген әкім, көңілдене дауысын көтеріп кесімді тапсырмасын берді:
– Олай болса, 1 сағат, жоқ 40 минут уақыт, сызбаларыңды тездетіп қағазға түсіріп келіңдер, осы мәселемен маған отыз адамдық делегация келе жатыр, үлгіріңдер, – деді нығыздап. Біз үйге қарай құстай ұштық. 1 сағат шамасында сызба да дайын болды.
Жалпы, орын белгілеу мәселесінде жан жақпен сөйлесіп, келісіп, осы орынды алдын-ала қолайлап отырса да, аудан әкімі Жахаң, кереғар пікірдегі ардагер ағаларды да ренжітпей, білікті маманның кесімді пікірін алға тартып, осындай аздаған саясатқа барды-ау деймін. Сол жолы кәсіби білікті маман Яхияны алға салғанында да «мәселе шешіліп қойғанға» саятын емеурін, саясатқа құрылған шахмат тақтасындағы аттың алып түсер жүрісіне ұқсаған амал болса керек.
Ал, шешуші сәтте табан тіреп дәлелді пікірін айтқан Ресей және өз еліміздегі талай ірі архитектуралық жобалардың, сәулетті кесенелер мен монументтердің идеялық авторы болып мойындалған талантты бауырымыз, марқұм Яхия Күлбаев тірі болғанда, Сыр бойының атын шығарар атпал азаматының бірі болып, осы күні үлкен өнер ортасында өзіне лайықты сый-құрметке бөленіп жүрер ме еді... Өкінішке орай, өмірі қысқа болған сыпайы да сырбаз, езу тартқан жұмсақ күлкісінің өзінен қоңыр көзі сәуле шашып, өн бойынан жылылық есіп тұратын атпал азамат, ескерткіш жұмысы аяқталғанша менің үйімде жатып, бар ынтасымен ақ тер, көк терге бөгіп, ақысыз жұмыс жасап еді.
Тұғыртастың құйылуы
Бірер күн керек-жарақ дайындалған соң архитектор дайындаған сызба бойынша дәл 8 наурыз күні сәскелікте жұмысты бастап кеттік. Құрылыс бригадасы сол алдында ғана орталық мешіт құрылысында жұмыс істеген құрылысшы Асан Мәдиев бастаған шешен, орыс, татары аралас, өздерін аудан әкімінің жақын дос­тары санайтын сыралғы жігіттер. Бұл сөзде ешқандай мысқыл жоқ. Шындығында солай. Белгілі бір кесімді еңбек ақыға емес, орайы келгенде ғана там-тұмдап берілетін қаражатқа (негізгі қаражат материал алуға жұмсалады) қанағат қылу, соған қарамастан уақытпен санаспай күні-түні ауыр жұмыс істеу шынайы сыйластық, сенімге негізделген достық пейіл, тең дәрежедегі қарым-қатынаспен ғана мүмкін болған мақсатты жұмыстың орындалуына жұдырықтай жұмылғандардың ғана қолынан келер еді. Бригадир Асекең жұмыс басына аудан әкімінің өзінен басқа ешкім мінбейтін УАЗ көлігімен келіп, көбіне бірге тамақтанып, кешкісін әкімнің орынбасары өзі жеткізіп салып жүрсе, мұны сыйластық демей көріңіз. Бұл сол күндергі қалыпты жұмыс тәсілі болатын.
Түстен кейін-ақ тұғырдың қазылған орны дайын болып, опалубкасы орнатылды. Ескерткіштің темір білігі пісірілуі тиісті ортаға тұтас белтемір қажет болғанда, орталық мешіт ауласының шетінде көмілмеген үйінділер арасынан Газиктің, әлде ЗИЛ машинасының рамасын тауып әкеліп орнатқанымыздың өзі, сол кездегі қиыншылық пен тапшылықтан туындаған мәжбүрлік екен... Қайсы бір жетіскеннен дейсіз, «Арқада қыс жайлы болса, архар ауып несі бар?»-дың кебі ғой. Арнайы қаралған қаражат дейтіннің мүлдем болмайтын жағдайында, қажетті материалмен жабдықтайтын бірінші орынбасары Пердәлі Архабаев, тамақ мәселесін ұйымдастырып шешетін, орынбасары Нәйла Палымбетова. Қайдан? Қалай? Өздеріне ғана мәлім, әйтеуір керек жарағың жетіп, жұмыскерлердің де тамағы тоқ болатын. Аудан әкімі сағат 8 болмай құрылыстың басында болады. Хатшысы Рахия телефонын арқалап, сымын сүйретіп жүреді ізінен. Әкімдік қызметкерлері тапсырманы сол жерден алып жатады. Әкімінен бастап барлық қызметкерлері далада өріп жүргенде, «Ау, осы өкіметтің жұмысын кім істейді?» дейтін біреуі жоқ. Құжат айналымы мен қағаз бастылық, қарапайым орг-техника жағдайында ол кездері де аз емес. Бірақ, кіріс-шығыстың шып-шырғасын шығармайтын,
Рахым Мауяев басқаратын тас-түйін мықты аппарат бар. Шәмшат Оразымбетова бастаған, Дана, Әділхан, Кенжебай, Ақкенжелер аппараттың жүрісінен жаңылдырмаған жүрегі болды десек асыра айту емес.

Ақшиге сапар
Сөйтіп, Шиеліде аяқ астынан Мұстафа Шоқай ескерткішінің тұғыры сұлбасы көрінісімен-ақ, Ұлыстың Ұлы күнгі мерекесіне, дәл 22-наурыз күніне орайлас­тырып ресми ашу салтанатына қызу дайындық басталсын да кетсін. Межелі күнге 1-ақ апта уақыт бар... Осы жағдайларды ескерді ме, 15 наурыз күні аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаев: осы бүгіннен қалмай түстен кейін Алматыға, одан әрі Ақшиге Камазбен шұғыл жол жүру жайлы тапсырма берді. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон қайдан болсын, байланыс өте нашар. Үміт бар. Сұрақ көп. Көңіл күпті, күмән сейілмейді. «Ау, Жаха?!» деймін мен айран-асыр болып: «Ел қайда? Есіл қайда? Ақиқаты да сол. Тұғыры Шиеліде, мүсіні 1170 шақырым Алатаудың баурайында... «Енді не болмақшы?» деп қауіп айтамын ғой баяғы. Солқылдақтық танытатынның сортынан емес Жахаң. Айттым – бітті, кестім – үзілді. Тапсырма қысқа. Ойлануға да, уәж айтуға да мұрша бермейді. Ертерек барып, көптеп-көмектеп, жабылып асарлап (асармен бітетін жұмыс болса ғой), қалай болғанда да ескерткіш мүсінді үлгертіп, наурыздың 22-не дейін алып келу керек. Әңгіме тәмам. Сол күні екінтіде №1 автобаза директоры Оразәлі Бәйділдаевтың №57-48 бортты қызыл Камазымен жолға шығып кеттік. Жолға деп берген 10-шақты қап ақ күрішіміз бар. Май да, суымыз да, ішетін, жейтініміздің бәрін содан айырасың. Басқа қаражат жоқ, дәме де қылмаймыз тіпті. Біз оған әбден үйренгенбіз. Берген қаражаты кузовта көп дүние алып бара жатқандай-ақ, жазушыға 1 қап, сызушыға
1 қап деп шықпай жатып, алдын ала үлестіріп, ұмытпай табыстауымызды қадағалап қоятынын қайтерсің тағы. Осындай аламан-тасыр, үргін-сүргінге талайым себептермен еріксіз қосылып кеткен жолсеріктерім – Хамит Нұрлиев пен Баймырза Сапарбаев та бір мың болғыр жігіттер екен, көлікті кезек айдап, келер күннің таң бозында Алматыдағы Розыбакиев көшесіндегі жазушы Оразбек Сәрсенбайдың есігінің алдында тұрдық. Күн суық. Жеңгем Шарада жан жоқ, ыстық тамақ дайындап жүгіріп жүр. Көз шырымын алып 3-4 сағат дамылдаған соң Оразбек ағамыз бен Алтыншаш апамызға өз көліктерімен жол бастатып 16 наурыз күнгі бесін әлетінде Ақшиге де іліндік-ау.

Ақшиде
Алатау сілемдері көлбеген шағын ауыл. Атшаптырымдай ауладағы ұзын барақ типтес үй шеберхана аталады екен. Құжынаған адам. Жасы да, жасамысы да бар. Барлығы да қауырт жұмыс үстінде. Бірінің қолында балға, бірінің қолында өткір пышақ т.б кесетін, тесетін толып жатқан мен атын біле бермейтін сақыр-сұқыр құралдар ұстаған адамдардың ұзын саны он бестен кем емес. Шара жеңгем мен Алтыншаш апай кезектесіп тамағын жеткізіп тұрады екен де, олар бұған әбден үйренген, ұзын стол басына дөңгеленіп отыра қалып, әкелген жылы-жұмсақтарды қарбытып асап жатыр. Бір таңқаларлығы сол: бір адам сөйлемейді, бейне бір мылқаулар қоғамы сияқты, ыммен түсінісіп, қабақпен ұғысқан осынша топ, қауқылдап сөйлеп қалған бізге бір түрлі түсініксіздеу, суықтау көрінгені рас ә дегенде. Өзің ұзақ жолдан әбден шаршап, сіркең су көтермей тұрғанда емен-жарқын жағдай сұрасқанда жақсы екен-ау дейміз іштей. «Бақсақ – бақа екен» демекші, бәрі бірдей «мылқау» емес сияқты, күбір-сыбыр күңкілдесетіндеріне қарағанда сөйлесе тіл бар, бірақ бәрі де ұстазға бағынған (кейін түсініп жатырмыз) қалыптасқан қатаң тәртіпті ұстанады екен. Ұстаз – Дәркембай аға Шоқпаров! Дөңге­лете қойған қысқа сақал мұрты өзіне жарасқан, жалт-жұлт етіп қарайтын көзі өткір, сұсы бар адам екен. Аздан соң жай-жапсар сұрастық. «Әкімің қызық адам екен ә? Шынымен-ақ бар қонақтарын шақырып қойды ма?» – деп менен шұқшия сұрайды Дәркембай ағамыз. Біртүрлі кінәлі адамдамдарша: «Ия!..» деймін мен. «Қызық адам, бұзық адам...» деп тақпақтап басын шайқап отырды да: «қалай болса да, ниеті түзу адам екен» деп, тосын келген ойының тігісін жатқызғандай аз-кем ойланып отырып қалды. Шәй ұрттарлық үнсіздіктен соң: «Бұзық болса, маған ұқсаған екен, оқасы жоқ, үлгертеміз» деп әңгіменің нүктесін қойғандай болған Дәркембай ағамыз Орекеңе қарап, бүгіннен бастап «әскери режим» жариялап, 24 сағаттық жұмыс кестесіне көшетінін жариялады. Наурыздың 20 күні біздің де Шиеліге еріп баруымызға көлік дайын болсын дегенді қосты. Дәл солай болды да. Ең қиын деген соңғы түйін – мыс қаңылтырды табуды да Дәркембай Шоқпаров, сол кездегі «Жетісу» газетінің бас редакторы болған туған інісінің (Есқожаев) көмегімен шешіп отырғанын естідік.
Осы күнгі болмысындағы тас мүсінді арнайы дайындалған шошалада, күні-түні үзбей от жағып, булап кептіру жұмыс процесі аяқталды деп жария еткен келесі күнді, жұмыс алғаш басталғалы бергі 41-ші күн деп айтып отырды асаршылар. Шиелінің әкімінің аузына құдай салған екен, бұл жақта да, расында-ақ асарлатқан қайнаған жұмыстың үстінен түсіппіз. Сол күні таң атқанша шошалада от жағысқан бізге, одан кейін де жұмыс табылды. Кезектесіп ұйықтаймыз. Жапырақ-жапырақ кесілген мыс қаңылтырды лапылдаған жалынның күшімен металлды балқытып отырып, кәдімгі көйлек, шалбар кигізгендей етіп бөліп-бөліп кигізеді. Мүсіннің мыспен қапталған жерін басы қойдың құмалағындай болып дөңгеленіп бітетін үшкір балғамен ал кеп ұрғыла сосын. Балқып табиғи қасиетін жоғалтқан металлдың иін қандырып өзінің бұрынғы қасиетіне келуі үшін екен бұл ұр тоқпақ харекетіміз. Неғұрлым көп жаныштаған сайын, мыс қаңылтыр иленіп қайта қалпына келеді екен. Лапылдаған көк жалынмен жалатып бір жүріп өтеді да, көгеріп түсі өзгере бас­таса болды, ұрғыла дейді тағы да.
Әупірім тәңірмен межелі күнге де жеттік-ау әйтеуір. Бас сәулетшіміз Мұратбай ағамыз: «Әлі де піспеген жерлері бар, бір күнге кешігеміз-ау» деп қауіп айтады. Оны Дәркембай аға қоштап тұрған соң, «жаппар құлда жазық не?» салымыз суға кетіп құныса түсеміз. Сөйтіп, 20 наурыздың кеші де келді сарыла күткен. Жұмыс әлі жалғасып жатыр. Алматыдан Оразбек ағамыз, 2-3 інісімен 2 көлікпен келіп кешке дейін күтіп отырды да, Тәңірдің таңы атсын, Алла жазса ертелеп шығамызға пәтуа жасасып, Алматыға қайтып кетті

Құдайыға қой айтты
21-і күнгі таңертеңгі дабыр-дұбырдан оянсам, Дәркембай ағамыз бір қызыл қошқарды боршалап сойып жатыр екен. Қызық мінезді адамға үйірсектеп бауыр басып қалғам, менімен жақсы сөйлеседі.
– Баба ортақ, бала! – дейді. Әлекедей жаланған қолы-қолына жұқпайды. – Жолымыз оңғарылсынға ниет етіп, осы қазір базардан әкелген мал құдайым. Қолдың қысқалығы-ай десеңізші, осыны біз алып келіп жасауымыз керек еді-ау, деген өкініш ой жалт етті санамда. Әні-міне дегенше ет қазанға салынып, пісуге жақындағанда жергілікті мектеп басшылығы 50-60 оқушыларды әкеліп Шоқай ескерткішімен қоштасу рәсімі жасалды. Сөз сөйленіп, жақсы тілектер айтылды. Бізден бабамыздың ұрпағы, әрі бас сәулетші ретінде Мұратбай ағамыз толқып тұрып, көзіне жас үйріліп Алатау баурайындағы ағайындарға жүрекжарды алғысын білдірді. Мен де бір-екі ауыз сөз айтып, бірер шумақ өлең оқыдым. Ендігі жұмыс, ескерткішті машинаға тиеу қалды. Соның қамына кірістік. Мұнда да таршылық, тамырын жайған жетіспеушілік қой. Емге бір автокран табылсайшы... Ауыл болып олай жүгіреді, былай жүгіреді, жоқ. Жандәрмен, ойға орала кеткен қызық идея туып тұр. Есік алдында доңғалақты трактор тұрған. Жүргізуге болатын жөні келетін сияқты. Жүргізушіміз үшеуміз әлгі тракторға жан (оталдыру) бердік те, жетек гидравликасы көмегімен жылжытып отырып, әуелі ескерткішті саумалап көлбей қисайтып, қорабына толтырып сабан салынған көлігімізбен ту сыртынан келіп кузовтың өзін тіреуіш етіп «уф» деп бір демалдық. Ойдан ой туады, қаумалап қауқылдасып жүріп, әлгі тәсілмен аяқ жағынан келіп көтереміз де, сол деңгейде астына тіреу қоямыз. Осылайша, бірнеше әрекеттен соң ескерткіштің мүсін бел ортасына дейін көлік қорабына енді. Амалдап көлікті артқа жылжытқан күйі, (үй иесінің тәуекел рұқсатымен) ескілеу сарай қабырғасына әкеп тіреп, бірді-екілі қозғалғанда ескерткішіміз де қорапқа толықтай енген қауіпсіз жағдайда тұрды-ау әйтеуір. Мәселе оп-оңай осылайша шешімін тауып, 5 күн бойы бірге дәмдес болған ағайынмен қоштасып апыл-ғұпыл жолға шықтық.
Қайтар жол
Жолға шыға бере жаңбыр аралас қар ұшқындап ауа-райы күрт бұзылды. Көк мұз, көк тайғақта мардымсыз мысықтабан жүріспен, түс ауа қалаға иек артқанымызда, елге сүйінші хабарын жеткізіп, бізді күтіп тұрған жолсеріктеріміз шындап уайым қылды.
Орекең, Алтыншаш апа бастаған алқалы ағайын мен Дәркембай Шоқпаров командасы (сәулетші Егізбай Құрақбаев, Серік) «жол мұраты – жету, бір шақырым болса да, жылжыған олжа» дейді. Қар құйып тұр. «Тәуекел түбі жел қайық, өтерсің де кетесіңмен» Қорасанға қой айтқан бар білген дұға тілектерімізді күбірлеп, даңғыл жолға түскенде күн кешкіріп, ымырт үйріліп еді. Бірде селдіреп, бірде жапалақтаған қар, таң ата Жамбыл қаласына кіргенше бір толастамады. Үздіксіз қозғалыстағы терезе тазалағыш агрегат күйіп кетіп біраз әуреге салғаны тағы бар, ендігі жердегі әйнекті жуған ақ жауынға қарамастан, көзіміз шайдай ашылғандай сергекпіз. Көз алдыңа ескерткішті күтіп сеңдей толқыған көпшілік қана елестейді, бар ой елге тезірек жетсек екен. Ышқырып-пысқырып жол жиегінде қалып жатқан МАИ қызметкерлеріне де қарамастан (бірді-екілі далбақтап қуып тоқтатпақ болғандары, асығыстығымызды айтып терезеден жанұшыра айқайлайтын әлемтапырақ түріміз бен қораптан 2 метр шығып келе жатқан «бәтеңкелі алып аяқты» көріп, таң-тамаша жылыстап шеттеп қала береді) Шымкентке ілінгенде күн шайдай ашылды. Ауылға келгендей арқа басымыз кеңіп сала берген біздер түс әлетінде Шиелінің де шекарасына іліндік-ау! Біздерді күтіп тықыршып тұрған МАИ қызметкерлері, тағы да басқа жігіттердің алқалап қолпаштауымен орталық алаңға кіргенімізде сағат 22-наурыз күнгі 12 : 40-ты көрсетіп тұрды. Алаңды кернеген ду қол шапалақ, шашу шашып жүгірген үлкенді кіші жеңгелерден сытылып өзіме қарсы келе жатқан аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаевтың айқара ашылған құшағына қойып кеттім. Тапсырма орындалды, үлгеріп жеттіңдер-ау дегендей иықтан сілкіп, ұршықша үйіреді. Айналама енді бір қарағанымда, дайын тұрған 25 тонналық көтергіш кран ескерткіш мүсінді іліп алып, көлбей көтерген күйі мрамормен қапталған дайын тұғырына жылжытып барады екен.
Бұл ел тәуелсіз еліміздің мәңгілік арманы болған Ұлы тұлғаның, туған жер төріне мәңгілік орын тепкен Ұлық мереке күні - 1998 жылдың 22 наурызы болатын. Аудан тарихына алтын әріппен жазылатын бұл тарихи күн, сонымен бірге қалың жұртшылықтың өздерінің «дамыл таппас беймаза» әкімін – ел ағасы ретінде біржола мойындап, алғаусыз алғысын жаудырған күн ретінде де жадымда сақталыпты.

Эпилог
Осы күндері, кейде бір ескерткіш жанынан өтіп бара жатып, өмірден ертерек озған сол атпал азаматты еріксіз еске аламын. Санам тұманданып, құлақ шыңылдап, дыбыссыз сырғып жылжыған үзік-үзік елес бейнелер арасынан, жеке дара ерекшеленіп, қалың көпшіліктің ортасында төбедей болған нар тұлғасы зорайып, бөлекше тұрған сияқтанады. Бар болмысын көрсеткен риясыз күлкісімен жалт-жұлт жарқылдаған дара бейне шаңқай түскі сағым көтергендей бұлдыр елес беріп, ақырындап алыстай береді сосын. Өткен күндерге деген сағыныш сезім бүлк етіп, жүрек құрғырды шым еткізер жайсыз күй кешемін ондайда.
Уақыт өткен сайын естелік, ескерткішке айналып бара жатқандай – өө-ий бір келісті, дара жігіт еді-ау өзі де...

Исабек Сәрсенбайұлы.

04 сәуір 2018 ж. 1 357 0