Зариф Ефендіні кім өлтірді? (видео)
«Мен бүгінде өлген адаммын. Құдықтың түбінде мүрдем жатыр. Ақырғы демім таусылғанына да біраз уақыт болды, жүрегім баяғыда-ақ тоқтаған. Алайда, әлгі сұрқия қанішерден басқа менің басымнан өткен жайлардан хабарсыз. Ол сұмырай болса, мені өлтіргеніне көз жеткізу үшін демімді тыңдады, тамырымды ұстап көрді, содан соң бір тепті де, мүрдемді сүйреп әкеліп, құдыққа тастай салды». Бұл Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» шығармасында бейнеленген Зариф Ефендінің монологы еді. Байқағандарыңыздай біз бүгінгі мақаламызда осы туынды турасында тарқатамыз. Бүгінге дейін қазақ жазушыларының шығармаларын талдап, таразылаған болатынбыз. Енді қаламымызды түрік жазушысының туындысына сермедік.
Орхан Памук – шығармалары әлемнің 63 тіліне аударылған қаламгер. Ол 28 ұлттық және халықаралық жүлденің, 13 құрметті доктор дәрежесінің иегері. Осындай көптеген марапатының арасында шоқтығы биік жүлдесі – Нобель сыйлығы. Иә, Орхан Памук әдебиет саласында түрік жұртынан шыққан алғашқы Нобель сыйлығының иегері. Өйткені, О.Памуктың шығармалары тарихи оқиғаларды тақырыбына арқау етіп, түйткілді мәселелерді шешуге өзіндік көзқарасын білдіреді. Әрі Орхан Памук Шығыс пен Батыстың мәдениетін бойына сіңіріп қана қоймай, екі әлемнің өнерін ұштастырып, әдебиет әлеміне әкелген. Рас. Әлем мойындаған ойы ұшқыр жазушының қазақ тіліне аударылған туындылары аз. Десек те алға қарай жылжу байқалып, бірнеше шығармасы қазақ оқырмандарына жол тартты. Соның бірі – «Менің атым Қырмызы» кітабы.
Бұл романның әлқиссасы Құранның Бақара және Фатыр сүрелерінің аяттарымен басталады. Кітапта келтірілген үш аят бүтіндей бір оқиғаның қысқаша сипаты секілді. Өйткені, аяттарды оқыған оқырман оқиғаның қалай өрбитінін түсіне қояды. Жалпы туынды өлген адамның монологынан басталады. Оқиға желісі бойынша Османлы падишасының құпия жасалуы тиіс кітабы үшін қанішер алдымен Зариф Ефендіні, сосын нақышкер Жездені өлтіреді. Міне, осы қанішердің кім екенін анықтау үшін әр кейіпкер өз-өзін сипаттап, өздерін ақтап алуға тырысады. Ал Қара есімді жігіт қанішердің кім екенін табу үшін осы кейіпкерлермен жеке-жеке сөйлеседі. Олар тек бірінші жақта яғни, «Мен – Шекуремін, «Мен – Естермін», «Менің атым Қара» деп атап көрсетеді. Осылайша кітаптағы әр кейіпкер жеке тұлға ретінде сипатталады. Олар барлығы бір оқиғаның кейіпкерлері болса да, әрқайсысы жеке туынды сияқты әсер қалдырады. Сондықтан шығар бұл романда басты кейіпкер деген түсінік жоқ. 59 тарауға бөлінген оқиғада әр адам басты кейіпкер сияқты баяндалады. Десек те кітапты қолына алған жан екі баласы бар Шекурені бас кейіпкер деп ойлап қалуы мүмкін. Себебі, оқиға Шекуренің айналасында өрбиді.
Романда Шекуре мен Қараның махаббаты да, Көбелек, Зәйүн, Ләйлек сынды нақышкерлердің таласы мен өнер жарастыруы да сипатталады. Әңгіме барысында автор Шығыстың шайырлары Фирдоуси, Низами, Сағди тіпті Мұхаммед Хайдар Дулатиден мағлұмат келтіреді.
О.Памук – ойы ұшқыр жазушы ғана емес, шебер суреткер. Ол кейіпкердің жан-дүниесін ашып, болып жатқан оқиғаны оқырманның көз алдына келтіруге қауқарлы. Мәселен, Жезденің өлім алдындағы сәтін суреттеуі ерекше әсер қалдырады. Автор Әзірейілдің жанын алуы мен Шайтанның азғыруына дейін сенімді әрі нық баяндайды. Сондай-ақ қызыл түсті «Қырмызы, қызыл түс болу қандай ғажап! Мен жайылған жерде көздер бал-бұл жанады, құштарлық күшейіп, қастар керіледі, жүректер тулайды. Маған қараңдар! Тірі болу қандай ғажап!» деп сипаттайды. Міне, осылайша көркем сипаттаудың арқасында оқырман кітапты оқи отырып сонау ХVІ ғасырдағы Стамбул шаһарына сапар шеккендей болады.
Жалпы романды оқыған қазақ оқырманы түркі әлемімен танысып қана қоймай, мұсылман көркемсурет өнерінен де мәлімет алады. Сондай-ақ ақиқаттың ақыр аяғында беті ашылып, кінәлілер жазасын алатынына көзі жетеді. Себебі, роман соңында Қара Зариф Ефенді мен Жездені өлтірген қанішерді табады. Ол Стамбулдағы үш нақышкердің бірі – Зәйтүн еді.
Әрине, 420 беттік кітапты бір мақалаға сыйғызу оңай емес. Әрі біз бұл мақалада романды толығымен талдап, әр кейіпкерге тоқталып, ол туралы пікір айтқымыз келмеді. Оларды оқырманның талғамы мен ой орамына қалдырдық. Осы орайда біз шолып өткен тұстар сіздердің қызығушылықтарыңызды оятса, мақсатымыздың орындалғаны.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ