Физика бойынша Нобель сыйлығының иегерлері белгілі болды
55 жылдан кейін алғаш рет физика бойынша Нобель сыйлығы лауреаттары қатарынан әйел адамның аты аталды. Физика бойынша 2018 жылғы Нобель сыйлығы «лазерлі физика саласындағы жаңалықтары» үшін америкалық Артур Ашкин, француз Жерар Муру мен канадалық Донна Стриклендке берілді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап.
Нобель сыйлығы Артур Ашкинге оптикалық пинцеттер мен оның биологиялық жүйелерде пайдаланылуы туралы еңбегі үшін, ал Жерар Муру мен Донна Стриклендке жоғары қарқынды және ультрақысқа оптикалық импульстер генерациясы әдісі үшін берілді. Айта кету керек, Донна Стрикленд – 55 жылдан кейін Нобель сыйлығын алған алғашқы әйел.
Стокгольмдегі лауреаттардың аты аталған баспасөз конференциясынан кейін Донна Стрикленд «Физик әйелдердің еңбегі еленуі керек. Мен солардың қатарынан табылғаныма қуаныштымын. Нобель сыйлығының лауреаты атанған үшінші әйел ретінде мен бұл қатар қарқынды түрде арта береді деген үміттемін», деді ол. Бұған дейін физика бойынша Нобель сыйлығын алған әйел − Мария Гепперт-Майер 1963 жылы ядролық атомдар туралы жаңалығы үшін лауреат атанған еді.
Айта кету керек, Нобель сыйлығының лауреаттарына 9 миллион швед кронына (1 миллион доллар) тең ақшалай жүлдесі беріледі.
Естеріңізге сала кетсек, Америкалық иммунолог ғалым Джеймс Эллисон мен Жапония ғалымы Тасуко Хонджо Нобель сыйлығының медицина және физиология саласы бойынша лауреаты атанды. Ал бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы 5 қазанда беріледі. 8 қазанда сыйлықтың экономика саласындағы лауреаты жарияланады. Биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілмейді.
Ағылшын тілінен аударған: Алтынай Қуанышбек
Baq.kz