Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қате келген қара қағаз

Қате келген қара қағаз

Отан үшін от кешкендер
Өтпелі өмір – аққан өзен секілді, күндіз-түн демей тынымсыз жылжып барады. Міне, үстіміздегі барыс жылы да тәмамдалуға жақын, қараша мен желтоқсаныңыз мүжілсе, келер жылыңыз керегесін кереді. Дегенде, пыраққа мінгендей зымыраған заманыңыз өз кезеңдеріндегі қадау-қадау оқиғалармен жұртшылық есінде ұзақ уақыт сақталады.
Соның бірі ретінде адам санасында өшпестей жара қалдырған екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын қаласақ та, қаламасақ та әркез еске алуға тура келеді. Ұлы Отан соғысы деп аталған бұл сұрапылдың аяқталғанына келер жылы 75 жыл толмақ. Жер жаңарып, заман өзгергендей. Бәрібір елге нәубат әкелген көне тарихтың өшпес ізі жүректі сыздатады. Әңгімені алысқа апармай, бері қарай тарқатсақ, 1941-1945 жылдардағы сол соғысқа Шиелі ауданының өзінен 4 мыңнан астам азамат аттанып, оның жартысынан көбі майдан даласынан оралмады. Ал Жаратушының қалауымен дәм-тұзы қайта елден бұйырған жауынгерлердің көбісі жарымжан, ауру-сырқау күйзелістегі кісілер еді. Бұл – соғыс деген атың өшкірдің ауыр зардабының салдары.
Сұрапыл соғыстың ауыр жылдары елде қалған қатын-қалаш, бала-шағаға да оңай тиген жоқ, бес жыл бойы тепірешті көрді-ай! Ішер тамақ, киер киімге зар болғандарын бұл күнгі жастарға қалай айтып жеткізерсің? Зіл батпан ауырлықтан арқасы көнтақы болған елдегілерге келіп табысқан майдангерлер бір күнде аяқ суытып жатпастан ауыр жұмысқа қайта жегілді. Бірінің қолы, бірінің аяғы жоқ жаралы жауынгерлер енді кешегі зардап салдарын жою, тұрмысты оңғару үшін арпалысты. Қайсысының қолынан не келеді, жұмыс таңдап жатпады «ел үшін, отан үшін» деген ұранмен уақытпен санаспай еңбек етті. Сол соғыстан қайтқан солдаттың бірі біздің жерлесіміз ­Оразбек ­Сапарбаев еді. Неміс басқыншылары елімізге ентелей ұмтылған 1941 жылдың шілде айының 20 жұлдызында қызыл әскер қатарына алынып, соғысқа аттанған екен. Батыс Украина майданында жауынгерлік жолын жалғастырады. Үш рет ауыр жарақат алып, өлім аузынан қалыпты. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деген осы. Айтпақшы, кейіпкеріміздің «Ерлікпен қайтыс болды» деген тізімге еніп кеткені де бар. Ол туралы сәл кейінірек айтармыз. Қолдағы құжаттарға қарасақ, жауынгер Сапарбаев­ алғашқы екі жарақатты Воронеж қаласы үшін болған соғыста алған екен. Бірер ай дала госпиталінде ем алғаннан кейін соғысқа қайта араласып кете берген. Ал үшінші ауыр жарақатты ол 1944 жылы Украинадағы Винница қаласын азат ету барысында алған көрінеді. Снаряд дүмпуі мен зыңылдай ұшқан жарықшағы адамды сау қалдырушы ма еді? Жартылай топырақ астында қалған майдангерді ұрыстан кейінгі майдан даласын сүзген іздеушілер қазып алады. Сол кездегі тәртіп бойынша кезекті ұрыстан соң арнайы бөлімше жараланған солдаттарды іздестіріп, арбаға салып немесе арқалап болса да лазеретке жеткізеді. Ал қаза болғандардың тізімін алып, жер қойнына береді. Осы аталған деректер құжатқа түсіріліп, жоғарғы командованиеге мәлімет жолданады. Іздеушілер ұрыс даласында үсті-басы қан жоса, ес-түссіз жатқан жауынгерді алғашында қаза тапқандар қатарында қалдырады. Жер қойнына берер кезде солдаттардың бірі өлді дегендердің бірінің ыңырсыған дауысын құлағы шалып қалып, бөлектейді. Осылайша дәм-тұзы таусылмаған Орекең госпитальға жеткізіледі. Мына адамнан мейірім кеткен ала шапқын қоғамдағы кей тірліктерге қарап, кешегі от пен оқтың арасында жүріп, адамгершілігін, адамның адамға деген жанашырлығына жүрегің езіледі. Әй, бір үзім нанға зар болып жүріп, ұят пен аятына қылау түсірмеген қайран аталарым-ай!
Иә, біздің кейіпкеріміздің әуелі маңдайдағы жазуына сай, жарығы таусылмаған екен, сол қорқынышты оқиғадан кейін де жиырма жылдай өмір сүрді. Әлгі солдаттардың бірі аңғарып қалмағанында, есіл ер елге орала алмас та еді, қазір тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосып жүрген ұрпақтары дүниеге келмес те еді. Әлқисса, жоғарыда өзіміз баяндағанамыздай, алғашқы мәлімет бойынша оның отбасына қаралы қағаз жөнелтіліп те үлгерілген еді. Қара қағаз дегенің ақырзаманның хабарындай. Қайғыдан қан жұтқан жақын-жуықтарының көз-жасын айтсаңызшы! Алайда, араға екі-үш ай салып, Орекеңнің өзінен ем-дом алып, госпитальда жатырмын деген үшбұрышты хат келеді. Елдегілер аң-таң. «Өлді» деген қара қағазыңыз анау, «Тірімін» деген өзінің хаты мынау. Мұның анық-қанығын аудандық әскери комиссариаттағылар қайта сұрау салып анықтап береді. Отан үшін от кешкен жауынгер Оразбек Сапарбаев тірі екен, арнайы комиссияның шешімінен соң ұрыс қимылдарына жарамағанымен әскер қатарында қалдырып, №964 әскери ветеринарлық қызмет лазаретіне жіберіледі. Бұл да оңай шаруа емес, әскери отряд жылқыларын қарау, ізкезгіш иттерді емдеу жұмыстары да бір сәт те үзілмейді-ау. Жауынгердің ұқыптылығы мен тәртібіне, орындаушылық қабілетінің жоғары болғандығына риза болған №964 әскери ветеринарлық лазерет бастығы, мойор ­Петренко 1945 жылдың мамыр айында «За Боевые Заслуги» медальіне ұсынады.
Бұл деректерге біздің қызығушылығымыз қалай пайда болды десеңіз, майдангер ­Оразбек Сапарбаев елге оралған соң Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетіне корректор болып жұмыс істейді. Тұла бойының сау тамтығы жоқ, бір қолы тамыры созылғаннан салбырап жүретін кісі әрине, ауыр жұмысқа жарамайды, оны дала жұмысына жегуге қай басшының да құлықсыз болатындығы белгілі. Осылайша баспасөз қызметіне араласқан ағамыз 1956 жылға дейін аудандық үнжарияда еңбек етті. Өзінің бұрынғы әріптестері туралы осы газетте отыз жылдан астам редакторлық еткен Зәкім ағамыз айтып отырушы еді, міне, жауынгердің ерлік ісін әскери комиссариат берген мәлімет растай түседі.
Осы жерде тағы бір шегініс жасауға тура келеді, адам өмірінің қилы-қилы, сан сүрлеулі екендігін бүгінгі кейіпкеріміздің тарихынан хабардар боламыз. Орекең ат жалын тартып ерге қонған кезеңінде ақ пен қызылдың аласапыраны басталып та кетті. Ұзамай кеңес үкіметі билікке келді де бұрынғы болыстың тұқымы болған олардың әулеті қуғынға түсті. Елдің көзіне түсіп, сөз сөйлеуге, жоғарғы оқу орнына барып білім алуға да әлігі етектен тартқан әділетсіздік жол бермей, жасқаншақ еткені де әсте естен шығар ма?! Дегенде алтын кездік қап түбінде жатпады, ел қатарлы түтін түтетіп, бала шаға өсірді. Өмірлік қосағы Ханбибіш екеуі алты ұл-қызды қатарынан кем қылмай тәрбиеледі. Тұқымда бар тектілік оларды оқуға алғыр етіп, бәрі де жоғарғы оқу орнында білім алды, елге керекті мамандық игерді. Олардан тараған ұрпақтың өзі бұл күндері бір қауым ел болғандығы көңілге тоқтық әкелері сөзсіз. Міне, бір сәттік оқиғадан осыншама әңгіме өрбіткендей болдық. Адамның талқаны таусылмаса, ниеті тура болса, жаратушымыздың пендесін жетектейтіні, мақсатына жақындатары анық екен. Бақилық болды деген жаралы жанды қайта ортаға оралтып, елге қызмет еткізуге, ұрпақ өсіруіне мұрша берген құдіреттің күшіне әсте шек келтіруге болмас. Тәлімі бар осы жайтты әңгіме ету – біздің қаламгерлік бір парызымыз деп түсіндік. Бұған әрине, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы себепкер екендігі анық.

Н.Назымханұлы
19 қараша 2019 ж. 1 093 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930