Әмір Темір және Курск шайқасы

Иә, қатыгез Сталин Әмір Темірдің кім екенін кеш болса да түсінген. Әруақты ердің әруағынан қорыққан. Кейін өзі де уақыт өте келе Ленин жатқан қызыл мазардағы табытқа қатар жататынын білген болар… Бірақ, көп ұзамай өзінің астамшылдығы үшін әруағы қозғалып, басқа жердің топырағын құшатыны, талай адамның жазықсыз қанын төккені үшін атақ-даңқы мен абыройдан біржола айрылары мың ұйықтаса түсіне кірмеген шығар…
Соңғы сөз орнына
Ұлы Отан соғысы Ұлы Жеңіспен аяқталғаннан кейін Сталин Әмір Темір мен оның ұрпақтарының әруақтарын қозғамапты. Санкт-Петрбургтегі атақты Эрмитажда темуридтер көрмесін өткізуге де тыйым салған. Эрмитажға Герасимов жасаған Әмір Темірдің мүсіні мен ұлы жаһангердің Тоқтамыс ханды жеңдім деп жазып қалдырған көк тасын ғана қойдырған. С.Айни да әйгілі жазушы-тарихшы атанғанымен ұлы әмірші туралы тарихи роман жазуға батылы бармапты. Бірақ, Кеңес өкіметі С.Айни, М. Герасимов, А. Семенов, Т. Кары-Ниязов және басқа тарихшы ғалымдардың барлығын да мемлекеттік марапаттаулардан кенде қалдырған жоқ. Олардың бәрі де академик атанып, еңбектері жоғары бағаланды. Ал, Мәлік Каюмов болса Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, ерлік шежірелерін кинотаспаға түсіргені үшін Кеңес Одағының Батыры атанды. 1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс парадында болып, оны да тарих шежіресіне қалдыруға өзінің үлесін қосты. Кеңес Одағының Халық артисі деген атаққа да ие болды.
Әрине, әруақты қозғау ешқандай марапаттармен өлшенбесі анық. Әр нәрсені тарих пен уақыт қана өз орнына қояды. Әруақты ердің үлкен-кішісі жоқ. Әлі ойланар, қолға алар нәрселер баршылық. Атамекенімізді қорғау жолында өзінің ерлігімен, көрегенді билігімен қазақтың құрметіне бөленген Кенесары ханның да қабіріне түсіп, бас сүйегін Мәскеуге жөнелткендердің де марапаттан құр қалмағандары анық. Әттең жоқтаушылары аз болды ма, ардақты ханымыздың, ел үшін аттан түспеген батыр қолбасшымыздың бас сүйегі туған жеріне әлі оралған жоқ.
Елі үшін күрескен асыл ердің әруағына өз атамекенінің топырағын бұйыртса, өліміз тіріліп, өшкеніміз жанар еді. Кейбір шатқаяқтаған тірлігіміздің оңынан басып, рухымыздың көтеріле түсуіне сауабы тиер еді…
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі