Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Рушылдықтан неге жериміз?

Рушылдықтан неге жериміз?




Бұрын бір оқиғаға куә болдым...
Олардың махаббаты берік еді. Бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындай... Бірақ, екі жас рулас болып шықты. Үлкендерге қарсыласты. Махаббат жеңді. Үйленді. Бүгінде олар егде жаста. Балаларының қызығын көрудің орнына, оларға әлі де қызмет етіп келеді. Неге? Бір баласы көзі мүкіс мүмкіндігі шектеулі жан болса, енді бірі даун ауруымен ауырады... Мұнан соң ойға мынадай аналогия келді.

Қазақ – тектілігін сақтаған ел. Жеті атадан аспай қыз алыспау – қан тазалығымыздың сыры. Енді қараңыз, адамда гендiк ерекшелiк 100 пайыз болса, бұл оның баласында 50 пайыз мөлшерде сақталады. Немересiнде – 25 пайыз, шөбересiнде – 12,5 пайыз, шөпшегiнде – 6,25 пайыз, неменесiнде – 3,125, жүрекжатында – 1,5625 пайыз, туажатында – 0,78125 пайыз атасының генi болады. Ал сегiзiншi ұрпақ бiр-бiрiмен қыз алысса, қан тазалығы жойылмай, тек сақталады екен. «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Тегін білмеген тексіз» дегеннің қайдан шыққанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Бірақ, соңғы уақытта кейбір «сауатсыздықтан» рушылдыққа қарсы ши шығып жүргені жасырын емес.
Отбасыңыздағы қарыңдасыңыз, ініңіз, әулеттегі бауырларыңыз үшін әрдайым көмекке даярсыз. Сол сияқты бір рудан тараған ұрпақтар бір-біріне туыс. Қаны – бір. Себебі, бір атадан тараған. Мына оқиға әлі есімде. Ауылда көрші тұрған жігіт рулас қызды жар етіп алды. Туыстары амал жоқ көнді. Жалғыз бала еді. Содан не керек екі жақтың құдалығы басталды. Ал құдалыққа қайсысы барады? Туыстар бөліне алмай әбігерге түсті. Бір шешімге кеп, тұтас әулеттің ұрпақтары бірі – қыз жақтан, бірі – ұл жақтан екіге бөлініп барды. Былай қарасаң қымсынатын жағдай.
Оғыз-қарлұқ-қыпшақ бірлестіктерінен бастау алған қазақтың ру-тайпалары көптеген қилы тарихи кезеңді бастан өткізді. Мойымады. Қазақ хандығын құрды. Ел басына күн туғанда да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген осы қазақ рулары мен тайпалары. Бірақ кеңестік тоталитарлық билік қазақтың дәстүрлі қоғамын күйретіп жіберді. Жеті атамызды ұмытуға сәл-ақ қалдық. Қоғамда дұшпандық көзқарас қалыптасты. Әлі де тоқтар емес. Рухсыздану, русыздану және ұлтсыздану. Рудан құралған ұлтымыздың тарихын елемей, «ұлттық» деген жалпылама ұрандар тасасында жүр, кейбірі. Бұл рулар тарихын ұлт тарихына қарсы қойғанымыз ба?
Қазекемнің ата тегін генетикалық деңгейде зерттеп жүрген ғалым, академик Оразақ Смағұловтың зерт­теулерінде қашықтығы 3000-4000 шақырымды құрай­тын Алтай мен Атырау қазақтарының гене­тика­лық біркелкілігін сақтап қалғанына таңғалады. Ал Воронеждің орысы мен Архангельскінің орысы тек жағынан қырыққұрау екен. Тек – қазақ үшін қастерлі ұғым. Бұл қасиетті сақтап қалу қажет.
Түркі заманында тайпалар өз алдына жеке-жеке мемлекет болған тұс. Солардың бірі – Үйсін мемлекеті. Үйсіндер Орта Азиядағы ең қаһарлы мемлекет болыпты. Қытайлар оларды қара күшпен жеңбейтініне көз жеткізген соң, үйсін көсемдеріне қыздарын береді. Қыздардан тараған жиеншарлар таққа таласып, Үйсін мемлекетін тас-талқан етті. Міне, текті бүлдірудің салдары осы.
Әлi күнге монархиялық билiк сақталған елдерде шежiре бар. Алайда онда шыққан тегiн ақсүйектер әулетi ғана бiледi. Ал аталарын тізбектей шежiре жасаған дәл бiздей ұлт жоқ.
Қантсыз қан болмайды. Яки, қант жеткіліксіз болса адам ағзасындағы заттар айырбасы нашарлап, жүрек ауруларына соқтырады, мидың қоректенуі нашарлайды. Ал егер қант мөлшері тым көп болса диабетке әкеп соқтырады. Аздық та, көптік те адам өліміне апаруы мүмкін. Ру – қазақ болмысының бір бөлігі. Қандағы қанттың мөлшері сияқты дүние. Яки, руымызды, жеті атамызды білу міндет. Бірақ оны міндетсінуге болмас. Руын, тарихын білмеу – жан-дүниеңнің үлкен бір бөлігін білмеу. Ал оған тиісті мән бермеу – мәңгүрттік.
«У ішсең руыңмен іш» дейді. Ру – туысқандықтың белгісі. Рушылдыққа қарсы болу – ұлтымызға қарсы шығу. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Айнұр ӘЛИ
04 мамыр 2019 ж. 122 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам