Жаркенттегі ескі абақтының құпия сыры көп...
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақ даласының тарихында түрме атаулы болмаған. Ең алғашқы түрме Қазақстанда 1720 жылы Өскемен қаласында салынған деген дерек бар. Ал ХІХ ғасырдың соңына таман еліміздегі түрме саны 20-ға жетіпті. Соның бірі тарихы қатпар-қатпар Жаркент қаласында бар. Қалаға кіре берістегі жарға жақын тұсында орналасқан, сан қырлы сынды бүккен ескі түрме әлі күнге сақтаулы тұр. Жалпы, Ұлы Жібек жолының бойына қоныс тепкен ежелгі Жаркент шаһарының шежіресі тым тереңнен бастау алатыны көпшілікке мәлім. ХІХ ғасырдың соңына таман ешбір шегесіз тұрғызылып, ерекше сәулетімен елді тамсандырған Уәлібай мешіті, ұшар басы көкке шаншылған орыс шіркеуі, ауызекі тілде «ТуркВО» аталып кеткен қызыл кірпішті барак іспетті ғимараттар шағын ауданы, Кеңес өкіметі алғаш орнағандағы «Ревком» үйі, бүгінде көркемсурет галереясына айналған ағаштан қиюластырып қаланған нысан, кеңестік кезеңде кинотеатр болған татар мешіті, ұзақ жылдар бойы педучилищенің оқу корпусы ретінде пайдаланылған аумағы ат шаптырым еңселі үйлер, қаланың қақ ортасындағы есік-терезесі шығыстық стильмен жасалған екі қабатты қоныс... Тізбелей берсең, толып жатыр. Осылардың арасында айрықша көзге түсетіні - Жаркент абақтысы. Ол шаһардың батысындағы ең шеткі бұрынғы Қызыл Әскер, қазіргі «Желтоқсан көтерілісінің» батыры Ербол Сыпатаевтың атындағы көшеде орналасқан.
Жуан-жуан бөренелерден қиюластырып жасалған алып ғимарат алыстан қарауытып бірден көзге шалынады. Үңірейген есік-терезелері апанның ауызындай. Еріксіз үрейіңді ұшырады. Шатыры жоқ. Айналасы - ертеректе құйылған көк кірпіштен қаланған дуал. Осынау ескі ғимарат әлі күнге дейін мызғымай тұр. Түрменің салынған кезі туралы нақты құжатты таппадық. Дегенмен, «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейінің меңгерушісі Әбдімұрат Әбдіқадырұлы Раев ескі абақты туралы ақпараттар бөлісті. «Біздегі көпке әйгілі Уәлібай мешітінің құрылысы 1887 басталып, 1892 жылы салынып бітіпті. Ал бұл түрме одан оншақты жыл бұрын тұрғызылған көрінеді. Ол кезде түрме патшалық Ресей әскерінің казармасы ретінде салынған екен. Мұны осы өңірдің байырғы тұрғыны - менің әкем өзінің әкесінен естігені бойынша жеткізіп отыр. Бабамыз сол тұста ғұмыр кешкен екен. Ауқатты әрі батыр адам болған. Ол кісі әулетімен мекен еткен әжептеуір үлкен аумақ әлі күнге дейін ел аузында «Райдың сайы» деп аталады Отаршылдарға қарсы шыққаны үшін бабамызды осы абақтыға қамап, кейіннен ату жазасына кескен»,- дейді ол. Расында алғаш патша әскерінің казармасы болған, кейіннен түрмеге айналған бұл ғимаратта қаншама қан төгілген. Түрме болған соң бұнда қорлық көрсету, азаптау, тіпті ату да орын алатыны заңды ғой. Сондықтан болса керек, Жаркентте осы ескі абақтымен байланыстырылатын жантүршігерлік әңгімелер жұртшылық арасында жетіп-артылады.
Айта кетерлігі, Жаркентің кіре берісіндегі Өсек өзенінің жарқабағы - бұл түрмеден 500-600 метрдей жерде. Көнекөздер әңгімесіне сенсек, кезінде абақтының астынан сол жарға қарай апаратын жерасты жолы болған екен. Кеңдігі - бір арба сиятындай. Өлім жазасына кесілген тұтқындарды сол жолменен апарып, ататын көрінеді. Ал мүрделерін арса-арса жарлардың арасына тастап, бетін жардың құлағалы тұрған топырағымен бүркей салады. Бұл да сол жұрт аузындағы әңгіме болғанымен, осыған қатысты айтылған небір келеңсіздіктер де баршылық. Мәселен, өткен ғасырдың сексен-тоқсаныншы жылдары дәл сол жарқабақтың түбінен аумағы әжептәуір бассейн жасалып, ыстық күнде салқындағысы келгендер шолп-шолп шомылып, мәре-сәре боп жататын. Жағажайында жанына рахат іздейтіндердің қарасы да көп болған. Алайда, жыл сайын жазғы маусымда түрлі себеппен адамдар сонда суға кетіп, көз жұматын. «Әй, бұл тегін емес, адам қаны көп төгілген жер ғой...» дейтін сонда ырымшыл халық. Көнекөз қариялардың айтып отырғанын да аңдамау мүмкін емес еді. Өйткені, мұндай қорқынышты құбылыс тоқтамай, қайта-қайта қайталана берген соң ба, ақыры жергілікті билік әлгі жұрт шомылып жүрген бассейінді жауап тастады. Сол түрме орналасқан тарапта темірден түйін түйіп, ағаштан ою-өрнек оятын асқан шебер тұратын.
Бірде аз ғана уақытта ауласына ағаштан гүлдендіріп тұрып керемет жаздық шайхана жасады. Ғажап шайханаға ары-бері өткен жұрт қызығатын. Бірақ, көп ұзамай сол кісіге кенеттен бір кесел жабысып, оң жақ аяқ-қолы жансызданып қалды. Бала-шағасының апармаған ауруханасы қалмады. Одан соң бақсы-балгерге, емші-тәуіптерге тасымалдап, табанынан таусылды. Сөйтіп жүргенде бір күні баласының әлгі көздің жауын алатын көрнекті шайхананың быт-шытын шығарып бұзып тастағанына куә болдық. Қаншалықты рас екенін қайдам, бірақ бұның себебін біреулер «әлгі ескі түрменің қираған тақтайларын осы шайхананың құрылысына жаратқан екен» дегенін де естігенбіз. Осындай оқиғалардан кейін әлгі ескі түрмеге көз тігетіндер тыйылды. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары бұл ғимарат Панфилов педагогикалық училищесінің жатақханасы болған. Сол кезде осында тұрған студенттер түн ортасында әлдеқандай елестер пайда болатынын, адамдардың қиналу, азаптану кезіндегі түрлі дыбыстары естілетінін айтады екен. Кейіннен жатақхана ол жақтан көшірілді. Бірақ, ескі абақты жөніндегі аңызға бергісіз алып-қашпа әңгіме ауық-ауық айтылып жататын. Әлі есімізде, оқушы кезімізде «Атақты революционер Тоқаш Бокин осында азап шеккен» деген деректі естігенбіз.
Осы түрмені салуға ұйтқы болған орыс көпесінің өзі кейіннен істі болып, осында қамалған деген де әңгімені де құлағымыз шалған. Кейінірек жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлының «Жау жағадан алғанда» атты романынан там-тұмдап болса да осы түрме туралы деректерді кезіктірген. Тағы бір жаркенттік қаламгер Тұрсынғазы Әлпейісовтың «Жоңғардың соңғы қашқыны» деген кітабына да арқау болғанын аңғардық. Бұлар - әрине, көркем шығармада кейіптелген көріністер. Ал шын мәніндегі нақты деректерді әзірге кездестіре алмадық. Дегенмен, сыртқы сұсымен сескентіп, бір көргенде-ақ бірден селк еткізер бұл ғимараттың талай-талай сұмдық сырды бүгіп тұрғанына еш күмән жоқ. Қазір бұл ғимарат отыз жылдан бері иесіз тұр. Ішіне кіруге ешкімнің де жүрегі дауаламайтын сияқты. Ресми түрде мемлекеттік қорғауға алынған-алынбағаны да белгісіз. Өз-өзінен күннен-күнге тозып бара жатқаны да анық аңғарылады. Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндерінде неміс-фашист басқыншылары Беларуссияның Хатынь деген деревнясын тып-типыл етіп талқандап, тұрғындардан тірі пенде қалдырмай қырып тастаған екен. Кейін беларусьтар бұл жерді сол қираған қалпында қалдырып, аспан астындағы қаралы музей ретінде сақтап қойыпты. Өзіміздің Астана маңындағы «Алжир» лагері де осы тақылеттес мұражайға айналған. Өмір толқынында талай-талай тауқыметті тағдырға куә болған Жаркенттегі осынау қасіретті ғимаратты да тарихи қалпына келтіріп, бүгінгі ұрпақ өткеннен тағылым алып, тәубә ететін орынға айналдырғанда дұрыс болар еді.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз inform.kz/