Табысқа – талпынған жетеді
Спорт – денсаулықтың кепілі. Сол себепті, көптеген жандар спортты өмірінің серігіне айналдырады. Спорттың арқасында қайсар мінезді қандастарымыз қанша мәрте өзге елдің төрінде Әнұранымызды шырқатып, Туымызды желбіретті. Қазақтың атын әлемге әйгілі еткен спортшыларымыздың ізін жалғап, жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан спортшының бірі – Ботакөз Қапанова.
Болмысы өзгелерден бөлек, қайсар мінезді Ботакөз Жарқынбекқызы Бестам ауылының тумасы. Құрбылары биге, тігінге қызығып жатқанда оның назары спортқа ауады. Тарихтан жақсы білетін Әлия, Мәншүк сынды батыр қыздардың ерлігімен сусындап өскен ол, елі үшін қызмет етуді өзіне мақсат етіп қояды. Ботакөздің бұл ойына отбасы қарсылық білдіргенімен, қайсар қыз бағытынан қайтпайды. «Дегенмен отбасым маған жаманшылық тілемейді. Талабым мен талпынысымды көріп бетімді қайтармады. Қайта арманыма қанат бітіріп, демейтін болды», – дейді өткенге көз жіберген спортшы қыз. Ботакөз 2010 жылы №10 Шиелі ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің таеквондо бөлімшесіне қабылданды. Жаттықтырушысы Сланбек Мусатаев спорттың қыр-сырын үйретеді. Нәтижелі жұмыстың арқасында Ботакөз жетістіктің төрінен көрініп, қатарының алдына шығады.
Атап айтсақ, 2015 жылы Түркістан қаласында өткен ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды. Дәл осы жылы Тайпей қаласында таеквондодан өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. 2016 жылы таеквондодан ҚР чемпионатының алтын және күміс жүлдегері, 2017 жылы Ақтау қаласында ұйымдастырылған ҚР IV жастар спорт ойындарынан I орын, 2018 жылы Қызылордада 2001-2002 жылдары туылған мектеп пен колледж оқушылары арасындағы таеквондодан өткен ҚР-ның IX жазғы спартакиадасында I орынға қол жеткізді. Осы жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық ауыл жасөспірімдерінің II жазғы ойындарында таеквондодан І орын алса, Шымкент қаласында таеквондодан ересектер арасында I орынды иеленді.
Таеквондодан спорт шебері атағына қол жеткізген жерлесіміз, ҚР құрамасының мүшелігіне енеді. Ол қазіргі таңда Түркия елінде әлем чемпионаты алдындағы оқу-жаттығу жиынына қатысуда. «Алар асуым алда» деген спортшымызға тек табысты бол дейміз.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.