ҚАҢТАРДА ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫ КІМДЕРМЕН КЕЗДЕСЕДІ?
Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақ боксшыларының жетістіктері көңіл қуантады. Мұхит асып, құрлық басып, жетістікке жетіп, күрзі жұдырығының күшімен күллі әлемге танылып үлгергендері де баршылық. Кәсіпқой боксқа енді ғана қадам басқандары да бар.
Қаңтар айында бірнеше қазақстандық боксшы кезекті жекпе-жектерін өткізеді. Алдымен Бақтияр Эюбовтың жекпе-жегі күтіп тұр. Қазақстандық боксшы 12 қаңтарда Кларесса Шилдс пен Тори Нельсон арасындағы кездесудің андеркартында шаршы алаңға шығады. Қарсыласы – америкалық боксшы Морис Чалмерс.
Кәсіпқой бокстағы мансабын 2012 жылы бастаған Бақтияр Эюбов бүгінге дейін 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 11-де қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп шықты. Ал қазақстандық боксшының 41 жастағы қарсыласы кәсіпқой бокста 2001 жылдан бері жекпе-жек өткізіп келеді екен. 28 кездесуге шығып, 14 рет жеңіске жетіп, 13 рет жеңілген. Бір жекпе-жегінде қарсыласымен тең түскен.
Нью-Йоркте өтетін бокс кешінде боксшылар бірінші жартылай жеңіл салмақта жұдырықтасады. Жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған.
2017 жылы кәсіпқой бокстағы мансабын бастаған Мадияр Жанұзақ (3-0-0, 1КО) 18 қаңтар күні Санкт-Петербургте (Ресей) кезекті жекпе-жегін өткізеді. Қарсыласы – филиппиндік Джон Марк Алеман (5-0-0, 2КО). Жеңілірек салмақтағы (50,8 кг – 112 фунт) боксшылардың жекпе-жегі 10 раундқа жоспарланған.
27 қаңтарда Арман Рысбек кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне шығады. Орландода (АҚШ) өтетін бокс кешіндегі қарсыласы – америкалық Эштон Сайкс (1-0-0). 4 раундқа жоспарланған кездесу екінші орта салмақта (76,2 келі – 168 фунт) өтеді.
Арман кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін осыған дейін өткізуі керек болған. Алайда 1 желтоқсанға (2017 жыл) жоспарланған кездесуде қарсыласы жұдырықтасудан бас тартқан болатын.
Қаңтар айында шаршы алаңға шығатын және кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тілейміз!
vesti.kz