ШИЕЛІ: СПОРТТЫҚ СЕРПІЛІСТІҢ СИМВОЛЫ
Ауданның бүгінгі спорттық келбеті – уақытпен бірге жаңарып, жасампаздыққа бет алған. Бұл өңірде спорт тек жарыс алаңы емес, ол – елдің ертеңіне қызмет ететін тәрбие мектебі, ұлт рухын шыңдайтын орта, жас буынның жігерін қайрайтын өмір салты.Шиеліде спорттың тамыры тереңге кеткен. Аудан көлемінде 13 олимпиадалық спорт түрі – ауыр атлетика, баскетбол, бокс, волейбол, велоспорт, гандбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, жеңіл атлетика, таэквандо, үстел теннисі, футбол – жүйелі түрде дамып, кәсіби деңгейде жолға қойылған. Бұлар – халықаралық ареналарға жол ашатын басты бағыттар. Ал ұлттық спорт түрлері – асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, аударыспақ, көкпар – тек спорт емес, тарихи жадының, мәдени кодтың жалғасы іспетті тірі дәстүр. Оған қоса 10 олимпиадалық емес спорт түрі – белбеу күресі, греплинг, дойбы, қол күресі, гір спорты, панкратион, қоян-қолтық ұрыс, футзал, шахмат, кикбоксинг – аудан жастарының жан-жақты дайындық алаңына айналған. Осындай жүйелі бағыттың нәтижесінде 2312 жас екі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тұрақты түрде тәрбиеленіп, шынығып келеді. Аудан спорт инфрақұрылымы да уақыт талабына сай жаңарып отыр. 2 стадион, 6 спорт кешені, 73 спортзал, 99 жазықтық құрылғы және 36 жасанды жамылғысы бар алаң – барлығы да ел игілігіне қызмет етуде.
Шиелі спортшыларының жетістігі – осы еңбектің жемісі. Өткен жылы ғана аудан спортшылары әлемдік және республикалық додалардан 54 алтын, 73 күміс, 96 қола медаль еншілеп, ел мерейін үстем етті. Осындай жетістіктердің бір жарқын көрінісі – Қызылорда қаласында өткен «Алтын күз – 2025» XXXVIII облыстық спартакиадасы. Мыңнан астам спортшы қатысқан бұл дүбірлі додада Шиелі ауданы тағы да биіктен көрініп, үшінші жыл қатарынан командалық есепте жеңімпаз атанды. Осы жеңіс – бір күннің емес, жылдар бойғы жүйелі еңбектің, үздіксіз дайындықтың нәтижесі.
Спорт инфрақұрылымының дамуы да қарқын алған. Ақтоғанда 120 орындық спорт кешені «Қазақстан халқына» қоры арқылы салынды. Кент орталығында 150 орындық жаңа кешен пайдалануға берілсе, Ы.Жақаев ауылында демеушілікпен тағы бір спорт нысаны ашылды.
Ең маңыздысы – бұқаралық спорттың кеңеюі. 2025 жылы спорт нұсқаушыларын ұстауға 21,5 млн теңге бөлініп, барлық ауылдық округте мамандар жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде 6144 адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Аудан өмірінде өткен жылы 67 аудандық, 4 облыстық және 10 республикалық спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Осы жетістіктердің артында үлкен еңбек пен жауапкершілік тұр. Бұл туралы спорт және туризм бөлімінің басшысы Беркінбай Садықұлы былай дейді:
– Біз үшін спорт – тек медаль мен орын емес. Бұл – ең алдымен, баланың болашағы, ауылдың үміті, елдің рухы. Әр жетістік – бір күннің емес, жылдар бойғы еңбектің нәтижесі. Аудан спортының бүгінгі деңгейі – жаттықтырушылардың табандылығы, спортшылардың жігері және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың бірлігі. Біздің мақсат – тек жеңіс емес, сол жеңіске жететін ұрпақты тәрбиелеу», – дейді ол.
Шынында да, Шиелі спортының басты құндылығы – осы көзқараста. Мұнда спорт тек нәтиже үшін емес, тұлға қалыптастыру үшін дамып келеді. Әрбір алаң – үміттің алаңы, әрбір жаттығу – болашаққа салынған инвестиция.
Бүгінде Шиелі ауданы спорт арқылы тек жетістікке жетіп отырған өңір емес, ол – жігер мен жүйе тоғысқан, рух пен нәтиже үйлескен аймақ ретінде қалыптасып келеді. Ал бұл жолдың жалғасы – әлі алда.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







