Ұлттық спорт түрлерімен 666 мыңнан астам адам айналысады

Дәстүрлі спорт түрлерін насихаттауда маңызды рөлді атқаратың Ұлттық спорт қауымдастығы құрамында көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, бәйге, садақ ату, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ату, JORYQ ат спорты, яғни 10 федерация жұмыс істейді. Одан бөлек жаппай көкпар, қазақ күресі және жекпе-жек федерациялары бар. Олардың ішінде стратегиялық ойлау қабілетін дамытатын тоғызқұмалақ, 159 мыңнан астам адам жаттығатын қазақ күресі және 78 мыңнан астам қатысушысы бар көкпар спорты ерекше мәнге ие. Былтыр 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтіп, этномәдени қозғалысқа, ұлттық спорт түрлерін дамытуға да тың серпін берді. Сондай-ақ елде жыл сайын халықаралық турнирлерден бастап ауыл чемпионаттарына дейінгі 1000-нан астам жарыс өткізіледі. Сондай-ақ әр 4 жыл сайын Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі мен «Ақбидай» республикалық ауыл ойындары сияқты ірі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.