Спорт пен рух тоғысқан сайыс
Жуырда Бестам ауылындағы №205 орта мектептің спорт залында ардагерлер арасында аудандық волейбол сайысы өтті. Турнир Отанға деген құрмет, елге деген адалдықтың белгісі ретінде Әнұранмен басталды.Тартысты додаға Бестам, Телікөл, Жөлек, Ақтоған, Алмалы, Алғабас ауылдарынан жасы қырықтан асқан спортшылар қатысты. Волейболшыларды еңбек ардагері Әбілда Ибраев, Әнуар Тәжімбет, «Бестам елі» шаруа қожалығының төрағасы Балтабай Қошқаров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мақсұт Ибрашев құттықтап, салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлестерін қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
Қызықты да тартысты өткен доп додасында «Бестам ұстаздары» командасы ІІІ орынды, Алғабас ауылының «Жер жомарт» волейболшылары ІІ орынды иеленсе, жеңіс тұғырына «Бестам-1» командасының ардагер спортшылары көтерілді. Жарыс жеңімпазы, жүлдегерлері мен үздік ойыншыларға диплом мен кубок, медальдармен қатар ақшалай сыйлықтар да табысталды.
Спорттық іс-шараның жоғарғы деңгейде өтуіне «Бестам елі» шаруа қожалығының төрағасы Балтабай Қошқаров, «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Қоңыратбай Бүркітбайұлы, «Тоғызбаев» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Әлиев, Бестам ауылдық қауымдастық төрағасы Бақман Нұрғазыұлы және Марат Нұржанов, Ғалымжан Байдаулетов, Жалғас Тоқсанбаев сынды елжанды азаматтар демеуші болды.
М.Кеңесұлы









