ҚЫЗЫЛОРДАДА VI ЖАСТАР СПОРТ ОЙЫНДАРЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Салтанатты рәсімге Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов арнайы қатысып,былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
- Соңғы бір апта көлемінде облысымызда аймақ басшысының қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған тұңғыш рет грек-римнен халықаралық турнир өтті. Сондай-ақ, Бәйгеден ҚР чемпионаты да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жүйріктер арасындағы тартысты бәсеке халық көзайымы болды. Бүгін мінекей, Сыр елінде тағы бір маңызды дода Бокстан VI Жастар спорт ойындары басталғалы отыр. Өздеріңіз білетіндей, республика көлемінде өтетін байрақты бәсекенің ресми ашылуы жақында Түркістан облысында өткен болатын. Қазіргі таңда әр облыста бірнеше спорт түрлері бойынша жастар ойындары өтуде. Ал біздің облысымызда еліміздің әр өңірінен келген 500-ден астам былғары қолғап шебері жеті күн бойы шаршы алаңда қолғап түйістіріп, күш сынаспақ. Сыр төрінде өтіп жатқан бұл айтулы жарыс – тек бокс бәсекесі ғана емес, достық пен татулықтың, қайсарлық пен рухтың мерекесі десек артық айтпаған болар едік. Күн сайын қызықты кездесулер мен тартысты жекпе-жектер көрерменнің көзайымы болып, нағызспорт рухын сездіреді деп сенеміз. Бүгінгі шаршы алаңда бақ сынап жатқан жастар – ертеңгі ел абыройын асқақтататын чемпиондар. Сондықтан баршаңызға сәттілік тілеймін!, - деді Шахмардан Асқарұлы.