Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ТҰТАС ҰЛТТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ТҰТАС ҰЛТТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Қазақ халқының тіршілігі, өмір салты төрт түлік малмен өрістеген. Әсіресе, ерекше қадір тұтып қолға үйретіп, жеті қазынаның қатарына қосқан жануардың бірі – жылқы. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан-байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдетғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады. Ерте дәуірден Қамбар ата төлінің бойындағы қасиетін танып, өз қажетіне жаратқан. Ауыз әдебиетіндегі эпостық жырлардағы батырлардың аттары ерекше қасиет біткен тұлпарлар ретінде суреттеледі. Тарих беттеріне үңілер болсақ, жаугершілік заманда батыр бабаларымыз ат үстінде атой салып жауды жыққан. Мәселен, Алпамыстың Байшұбары, Бөгенбайдың Қызылаты, Қобыландының Тайбурылы, сол сияқты Тілеу батырдың Кезқұлағы, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Исатайдың Ақтабаны, Қамбар батырдың Қарқасқасы, Сегізсерінің Бозжорғасы, Ерқосайдың Торысы, Қарабектің Қарасы секілді қазақ халқы ұмытпайтын, тарихта есімдері батырмен қатар аталып, ердің қазынасына баланған аттар иесіне адалдығымен, киелілігімен, тектілігімен құнды болған.
Жоңғар шапқыншылығында елге есімі танылған ерлерінің бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлының тұлпары Көкдөнен туралы естігеніңіз бар ма?! Ер Жәнібек 1714-1792 жылдар аралығында өмір сүрген. Көкдөнен – Жәнібек батырдың бала кезден келе жатқан айнымас серігі екен. Ол бала кезінде нағашыларының ауылына қыдырып барған кезінде оны үйір жылқының ішінен таңдап, қалап алған. Аттың тектілігін тай кезінен таныған нағашылары да Көкдөненді қанша бергілері келмесе де, жиеннің назарына қалмайық деп амалсыздан жүгенін бала батырдың қолына ұстатады. Сол Көкдөнен жоңғарлармен бетпе-бет келген шайқастарда батырдың сенімді серігіне айналып, қанжоса майданнан талай мәрте аман алып шыққан деседі.
Даңқын аспандатқан кемеңгер қолбасшы Күлтегіннің Боз аты, Қара қыпшақ Қобыландының Тайбурылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы жадымызда жатталып қалды. Көк Түріктердің көне мекені Хан Тауының (Хэнтий) қойнауынан көтеріліп жер-жаһанның жартысын иеленіп, теңізге келіп тіреліп, «бұдан әрі барар жер жоқ» деп ат басын кері бұрған Шыңғыс ханға және оның ұрпақтарының ұлы жорықтарының туының жығылмауы да аттың күші еді.
Көнеден тіршілігі жылқымен біте қайнасып, ат үстінде атой салған халық оның үстінде ойнайтын ойын түрлерін де ойлап тапқан. Мәселен, «Көкпар», «Бәйге», «Теңге алу», «Қыз қуу» сынды халқымызға тән бірнеше түрі бар. Соның бірі – ежелден жанкүйерлердің делебесін қоздырып, қызығушылығын арттырып келе жатқан көкпар ойыны десек артық айтқандығымыз емес. Тіпті, қазақты көкпарсыз елестетудің өзі қиын.
Жалпы көкпар атауы – «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Басқа малдың терісі тез жыртылатын болғандықтан серкенің терісін арнайылап ойынға таңдаған. Орталық Азия халықтары арасында кеңінен тараған бұл ойын түрі қырғыз, өзбек тілінде «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорт ойындары басқа Шығыс елдерінде де бар екен. Мәселен, Ауғанстанда кең тараған «бузавиш» ойыны көкпарға өте ұқсас.
Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын шыңдайды. Сондай-ақ аттың қалай баптап үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.
Өздеріңізге мәлім, 8-13 қыркүйек күндері елімізде төрткүл дүние көз тіккен 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Көшпенділер Олимпиадасына 90-ға жуық мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. Алаш туы астында атырапқа аты әйгілі талай тұғырлы мемлекеттер бас қосқан көшпенділер ойынында қазақстандық спортшылардың бәсі жоғары түсіп, нәтижесінде қоржынға 43 алтын, 32 күміс, 37 қола медаль салды. Түрік, қырғыз, қазақ, өзбек елінің бастамасымен қолға алынған бұл ойын абыроймен, жоғары деңгейде аяқталды. Әсіресе, Ұлы дала дүбіріне дүбір қосып, ұлан-ғайыр далада будақ-будақ шаң шығарып, тақымын қысып отырған қалың көрерменнің қиқулаған дауысы мен ерекше қолдауына ие болған көкпар ойынының Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы ақтық бәсекесі тіптен жоғары деңгейде өтті.
Алғашында ресейліктерді айқын басымдықпен жеңген қазақ көкпаршыларының қарқыны көрермен қауымының көңілін көтеріп, көз сүйсінтті. Бастапқы қалпынан таймай, содан соң өзбек пен АҚШ құрамасын да ойсырата ұтты. Қазандық шеңберіне бірде-бір салым салғызбай жеңіп, шығарып салды. Ал финалдық бәсекеде көршілес айыр қалпақты ағайынмен кездесіп, 4:4 ұпайымен тең түсіп, ойынға алтын салым уақыты қосылып, шешуші ойын ойнатылды. Шешуші соңғы 10 минутта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек салым салып, 5:4 есебімен қазақ көкпаршыларына жеңіс сыйлады. Алайда екі елдің арасындағы тартысты бәсекеде шу шығып, көптің талқысына ұшырады.
Соңғы мәліметтерге қарасақ, Қырғызстан көкбөрі федерациясы Қазақстан көкпаршыларын 1 қарашада Ыстықкөл жағасында қарымта ойын өткізуді ұсынған. Бұл туралы федерация басшысы Рамис Жунусалиев: «Біз қазақ тарапына даулы сәттерді шешу үшін қарымта матч өткізуді ұсынып отырмыз. Көршілес елдің спортшыларына Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы құраммен шығуды ұсынамыз» деді.
Иә, бұл ұсынысты қазақ көкпаршылары қабыл алар ма екен? Десе де, екі көршілес ел көкпаршыларының арасындағы түсініспеушіліктің оң шешімін табуына, Қырғызстан мен Қазақстанның спорттық байланыстарын дұрыс нығайтуға біз де шынайы тілекшіміз. Ақиқатында, қазақ пен қырғыз халқының төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас ел екені мағлұм.
Қазіргі күз мезгілі – көкпар ойыны бастау алып, қызатын шақ. Атбегілер көкпарға қосатын жылқыларын дайындап, мықтап қамдану үстінде. Қамбар ата түлігі сезімтал жануар болғандықтан, ертелі-кеш қас-қабағына қарап, тазалығына аса мән беру керек. Осы спорт түріне бала кезінен жақын болып, бүгінде дүбірлі додаға ат дайындап, өзі де бірге ұлттық ойынға белсене қатысып жүрген жас балуан – Мұстафа Төлегенов. Оның айтуынша, мықты көкпар атын дайындау үшін оған бірнеше ай ерекше күтім керек.
– Мен көкпар атын дайындауды шілде айынан бастаймын. Жілік майы толғанша 40 күн жем-шөбін беріп, аттың күшін байқаймын. Содан кейін күндіз 500 метрден бастап, 1 шақырым, 2 шақырым міну арқылы үйретіп, түнде аш қоямын. Осылай тарлан жануарды 1 айға жуық суытып, аламанға қосамын. Дайындаған жүйрік ат әбден бабына келсе, шыққан терінде бөтен дәм болмайды дегенді естуші едім, бүгінде мәнін түсінгендеймін. Қазір екі атымды тыңғылықты дайындап жүрмін. Алдағы өтетін ойындарға мүмкіндігімше барып, қалмауға тырысамын. Осыған дейінгі додаларда шама-шарқым жеткенше алдыңғы қатардан көрініп келемін. Қазақтың спорттық ойындарына осылай кішігірім үлесімді қосып жүрмін, – дейді шабандоз.
Иә, қазақ халқының әрбір ұлттық ойынының астарына бойласақ, қаһармандық пен ерлік, әдеп пен ибаға бастайтыны белгілі. Көкпар тек ат үстіндегі ойын ғана емес, тұтас ұлттың айбары, ұлттық құндылығымыз. Тақымында тұлпарын тулатып, шашасына шаң жұқтырмай, елдің абыройын асқақтатар Алаштың азаматтары көбейсе, ол – бүгінгі күннің жемісі һәм жеңісі. Тек соны бүгінгі жас ұрпаққа жеткізе білуіміз керек.

М.ИБРАГИМ
21 қыркүйек 2024 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№75 (9239)

21 қыркүйек 2024 ж.

№74 (9238)

17 қыркүйек 2024 ж.

№73 (9237)

14 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30