АТ СПОРТЫНА АТҮСТІ ҚАРАМАЙЫҚ
Мақаламның әлқиссасын қысы қарлы, жазы жылы Финляндия мемлекетінің ерекшелігімен бастағанды жөн санадым. Солтүстік Еуропада орналасқан, небәрі 5,5 миллион халқы бар, аумағы кішкентай мемлекет, БҰҰ-ның 2018 жылғы бақыт индексі бойынша «Ең бақытты мемлекет», 2010 жылдан бастап «Әлемдегі ең үздік мемлекет» атауын иеленген. Сонымен қатар әлемдегі дамыған 30 елдің ішінде көштің алдыңғы қатарында тұр. Бұл елдің тағы бір ауыз толтырып айтар ерекшелігінің бірі – ат спортына айрықша көзқарасы, жылқыға деген құрметі. 3000 жылдан бері финдер арғымақты қасиетті жануар санап келеді. 1960 жылы Финляндияда 409 мың бас жылқы болған көрінеді. Қазіргі таңда мұның саны 80 мыңға кеміген. Ат спортына дайындайтын 48 арнаулы мектеп бар. Сонымен қатар ай сайын кем дегенде екі мәрте ат жарысын өткізіп тұрады екен. Жанкүйерлері де жетерлік. Аренадан аз дегенде 40-50 мың жанкүйер тамашалайды.
Еліміз егемендігін алған тұста, 1992 жылы Алматыда Әлем Президенттерің қатысуымен дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіпті. Қазақстандағы саяси маңызды құрылтайға алыс-жақыннан келген 800-ден астам өкіл қатысады деп жоспарланған. Әлем елдері ат басын тіреген жиынға келген қонақтарға қызмет ету үшін, барлық өңір атсалысады. Сол кезеңде облыс әкімі қызметін атқарған Сейілбек Шаухаманов Сыр өңірінен қазақы нақышта жасақталған Қар үй мен аламан бәйгеде аты дүркіреп тұрған Алғабас ауылындағы Анонс есімді жылқыны көрмеге апарады. Бұл оқиғаны жылқыны көрмеге апарған атбегі Қыдырәлі Күлбаев былай деп баяндайды.
«Үлкен жиын Алматының орталық алаңында бастау алды. Қараша үйдің қақ алдында жасауы жарасымды әбзелдерін тағынған көз тартар көрікті «Анонсты» байлап қойдық. Ол ерекше көңіл күймен жұлқынып тұр. Түскі ас уақытында Финляндия Президенті Мауно Койвиста мен Нұрсұлтан Әбішұлы біздің дастарханнан дәм татып, сыртқа шықты. Сол сәтте, Мауно Койвистаның қызы Асси Койвиста «Анонсты» айналшықтап, сипалап ұнатып қалды. Сонымен ол мініп көрмекке ниет білдірді. Біз оған ешқандай қарсылық білдірместен жылқыға отырғыздық. Атқа қонғаны сол еді, алаңның бір бұрышынан дыбыс күшейткіштен «Балбырауын» күйі қосылды. Күй құдіретін сезінді ме, тұлпар тұяғын түрлі қимылға салып, билей кетті. Алаңдағы барлық адамның назары біздің жылқыға таңырқай қарап, айнала қоршай кетті. Мұнысы мыңдаған көзді жаулап алды. Сәйгүліктің сұлулығы мен ақылдылығына тәнті болған Финляндия Президенті Мауно Койвиста жылқыны сый ретінде тарту етуді сұрайды. Елбасы Мауноның ұсынысын қабыл алып, қазақ елінің атынан сыйға тартты. Сый ретінде берілген қазақтың тұлпары, кейіннен Финляндия мемлекетінде 8 жыл бойы бас бәйгені бермеген», – дейді.
Иә, қазақтың ұланғайыр жерінде жайылған жылқы осылайша ат спорты дамыған озық мемлекетте аты аңызға айналады. Бұл айтып отырған оқиғамыз тек бір шеті ғана. Тарих беттеріне үңілер болсақ, жаугершілік заманда батыр бабаларымыз ат үстінде атой салып жауды жыққан. Мәселен, Алпамыстың Байшұбары, Бөгенбайдың Қызылаты, Қобыландының Тайбурылы, сол сияқты Тілеу батырдың Кезқұлағы, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Исатайдың Ақтабаны, Қамбар батырдың Қарқасқасы, Сегізсерінің Бозжорғасы, Ерқосайдың Торысы, Қарабектің Қарасы секілді қазақ халқы ұмытпайтын, тарихта есімдері батырмен қатар аталып, ердің қазынасына баланған аттар иесіне адалдығымен, киелілігімен, тектілігімен құнды болған.
Жоңғар шапқыншылығында елге есімі танылған ерлерінің бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлының тұлпары Көкдөнен туралы естігеніңіз бар ма?! Ер Жәнібек 1714-1792 жылдар аралығында өмір сүрген. Көкдөнен – Жәнібек батырдың бала кезден келе жатқан айнымас серігі екен. Ол бала кезінде нағашыларының ауылына қыдырыстап барған кезінде оны үйір жылқының ішінен таңдап, қалап алған. Аттың тектілігін тай кезінен таныған нағашылары да Көкдөненді қанша бергілері келмесе де, жиеннің назарына қалмайық деп амалсыздан Көкдөненнің жүгенін бала батырдың қолына ұстатады. Сол Көкдөнен жоңғарлармен бетпе-бет келген шайқастарда батырдың сенімді серігіне айналып, қанжоса майданнан талай мәрте аман алып шығады.
Батырлардың сенімді серігі болған сәйгүліктердің бүгінгі ұрпақ қадір қасиетіне жетіп жүрміз бе? Төрт түліктің төресі, ер жігіттің қанаты саналған жылқыны қолға баптап үйрететін орындардың өзі азайып бара жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Тіпті Әз-Наурызда әспеттеп, мерекенің тұсында ғана елеп ескеріп жататын бәйге, көкпар ойындарының да дыбысы алыстан естілердей күйге жетіп барады. Жеткіншек жастар да темір тұлпарды тізгіндеуді мақсат тұтып, аттың ауыздығымен алыса алмайды. Аты айлық алыс жерлерді ат үстінде жүріп өткен ата-бабамыздың бүгінгі ұрпағы тұлпардың тізгінін тарта білуді білмесе ұят емес пе? Жоғарыда келтірген алдыңғы қатардағы дамыған әлем елдері сияқты, өмірі жылқымен етене жақын болған елімізде бәйге, көкпар аттарын баптайтын арнайы орындар санын көбейтсек, тарихта қалған жүйрік аттардың ізін басар сәйгүліктер қатары көбейері сөзсіз. Атқа мінер азаматтардың да саны арта түсер еді. Ұлттық рухымызды асқақтатып, жас ұрпақтың туған елін-жерін сүйетін, нағыз ер болуына себепкер болатын ат спортына атүсті қарамағанымыз абзал.
Мейіржан ИБРАГИМ
Суретте: Оңнан солға қарай – Финляндия Президенті Мауно Койвиста, жылқыны фин еліне алып барған Қыдырия Күлбаев, жүйрік ат Анонс, Тиыштық ата, Мауно Койвистаның жары және қызы Асси Койвиста