ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ БЕКЖАН ТӨЛЕПОВ: СПОРТШЫ БОЛУ ҚАНМЕН БЕРІЛГЕН
Төрткүл дүниені дүбірлеткен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінен 55 кг салмақта жеңіске жеткен Әлем чемпионы, жерлесіміз Бекжан Төлепов «Өскен өңір» редакциясына арнайы келіп, әңгімелескен едік.
– Бекжан, алғашқы күннен-ақ Қазақстанның қоржынына алтын түсірдің. Жерлестерің, бүкіл ел қуанды. Қарсыластарыңның арасында ең мықтысы кім болды?
– Өздеріңіз білесіздер, мен 55 келі салмақ дәрежесінде күрестім. Бірінші кездесуімде грузин балуанымен белдестім. Ол – дзюдо күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Және де қазақ күресінен Еуропа жеңімпазы. Одан кейінгі жартылай финалдағы қарсыласым – өзбек балуаны. Ол да осал емес. Қазақ күресінен 2023 жылы өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. Екеуі де мықты. Бірақ айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Ал ақтық айқастағы сіз айтқан қарсыласым Кимал Оболбеков – қырғыз елінің балуаны. Ол – самбо күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Бәр бірдей кіл мықтылар дер едім.
– Сенің әр жеңісіңе, әр қатысқан додаңа куә болып келеміз десек болады. 2022 жылғы Әлем чемпионатының, одан бөлек әлем кубогының екі дүркін жеңімпазысың. Енді келіп, елімізде өтіп жатқан V дүниежүзілік көшпенділер ойынының алтын медаль иегері атанып отырсың. Бұл айтулы шараның қатысушысы ретінде пікіріңді білсек...
– Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. 2014, 2016 және 2018 жылдары алғашқы ойындар Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен еді.2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды. Енді міне, қыркүйектің 8-інен бері біздің елімізде төрткүл дүниені көз тіктірген көшпенділер ойыны болып жатыр. Соның аясында қазақ күресінен сайысымыз Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Оған 40 мемлекеттен 300-ге жуық спортшы қатысты. Ақтық кезеңге өткен ұлттық құрамдағы сегіз балуан аянып қалмадық. Сегіз салмақ дәрежесінде белдесіп, жүлдегер атанып, ел мерейін үстем еттік. Жалғыз мен ғана емес, ерлер арасында Мейіржан Берекетов (60 кг), Дидар Тұқышов (66 кг) және Жұмажан Қожамбеков (74 кг) алтыннан алқа тақты. Ал әйелдер арасында Айжан Жылқыбаева (48 кг), Назерке Азаматова (52 кг), Рауза Нұрмахамметова (56 кг), Бақыт Куссакбаева (60 кг) жеңімпаз атанды. Бұл – қазақ халқы үшін үлкен мәртебе.
– Әрине, спорттағы жеңіс ұзақ уақыт бойы тынбай төккен тердің, дайындықтың арқасында келеді. Десе де, сайысқа шығарда спортшыны қайрайтын, жеңістен басқа жол жоқ деп жігерлендіретін оқиғалар болып жатады ғой. Осы жолы Бекжанды жеңімпаз болуға не нәрсе жетеледі?
– Оныңыз рас. Қолдау көрсетіп келген отбасым, достарымның арқасында күш-жігерім тасып, намысты қолдан бермеуге тырыстым. Оған қоса, тыңғылықты дайындығымыз да жеңімпаз болуыма әсер етті. Қазақстанның 4 қаласында, Қырғызстанмен Грузияда, әртүрлі аймақтарда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл – біз үшін таптырмас тәжірибе болды.
– Елден, шетелден алған сол тәжірибеңді шәкірттеріңе үйретіп жүрген боларсың?
– Иә, біреу білсе, біреу білмес, Батыр атты жеке қазақ күресі спорт клубым бар. Онда 70- тей жас тәрбиеленіп келеді. Оларға білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісіп жүремін. Арасында республикалық, облыстық жарыстардан жүлделі орын алып, жеңімпаз болып жүрген балуандарым бар. Мысалы, Дінмұхамед Жарқынбек, Әлихан Қапанов, Бекзат Оразбай сынды шәкірттерімнен үлкен үміт күтемін. Әр шәкіртімнің жеңісін көргенде төбем көкке жеткендей, бір марқайып қаламын.
– Сен үшін спорттың ең биік шыңы? Мен мынаған қол жеткізсем, немесе мына спортшыны жеңсем арманым жоқ деген секілді армандарың бар ма?
– Қазіргі таңда қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Бұдан үлкен жетістік – қазақ күресінен еңбегі сіңген спортшы. Алла қаласа бұл дәрежеге жетуге де шамалы қалды. Соны алсам деген ниеттемін.
– Он жылдан кейінгі Бекжанды қалай елестетесің?
– Он жылдан кейін... Оны уақыт көрсетеді. Бірақ осы спорт саласында шәкірттер дайындау мақсатым. Жеке клубым бар ғой, сол жерден мықты жігіттер шығарсам деген ниеттемін.
– Отбасың жайында айтып өтсең...
– Біз төрт ағайындымыз. Үйдің үшінші баласымын. Бағана айтқанымдай, әкем спорт саласына қатысы бар адам, ал анам тігіншілікпен айналысады. Өзім осыдан үш жыл бұрын шаңырақ құрдым. Хамза есімді ұлдың әкесімін. Шаңырағымыз ұлғайып, екінші сәбиіміз дүниеге келер күнді күтіп отырмыз.
– Болашақта балаларың сенің жолыңды қуғанын қалайсың ба?
– Менің әкем де спортшы болған. Сондықтан спортшы болу қаннан келген десем болады. Балама да осы қасиет дарып жатса қуанамын. Оны енді баламның икеміне, таңдауына қарай болашақта көретін боламыз.
– Бекжан спортшы болмағанда кім болар еді?
– Осы сұрақ өзімді әлі күнге дейін ойландырады. Спортшы болмағанда.... Білмеймін, тіпті басқа салада өзімді елестете алмаймын.
– Алда қандай жоспар бар?
– Ендігі аптада Грузияға оқу-жаттығу жиынына барамыз. Дайындығымызды жалғастырып, ептілігімізді нығайтамыз. Өйткені қараша айында бізді тағы бір сайыс күтіп тұр. Үнді елінде қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді. Ол жерде Қазақстан намысын қорғайтын боламын. Яғни біздің бағындырар белесіміз әлі көп.
– Қазақтың туын көкке көтеретін жеңісті сәттерің көп болсын!
Сұхбаттасқан
Гүлхан ЯХИЯ