Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елорда саңлақтары

Елорда саңлақтары

Францияның Париж қаласында жалауы желбірейтін ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарында астаналық спортшылар да бақ сынайды. Төрт жылда айналып соғар аламанға елордадан аттанатын спортшыларымыздың есім-сойына бір үңіліп көрелік.

Елорда саңлақтары
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Олимпиададан күтеріміз көп
Францияның Париж қаласында жалауы желбірейтін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында астаналық спортшылар да бақ сынайды. Төрт жылда айналып соғар аламанға елордадан аттанатын спортшыларымыздың есім-сойына бір үңіліп көрелік.
Бокстан еліміздің ұлттық құрамасы Париж олимпиясына толық құрамда қатысады. Жеті салмақ бойынша өтетін аламанда жеті ноянымыз бар. Солардың ішінде екі боксшы елорда атынан до­даға қосылады. Нұрбек Оралбай 80 кг салмақ дәрежесінде жазғы Олимпиада ойындарының алтыны үшін барын салуға сендіріп отыр. Былтыр көктемде Ташкентте өткен әлем чемпионатында Нұрбек Оралбай финалда Қытайда тұратын этностық қазақ боксшысы Тоқтарбек Таңатқанды жеңген. Бірақ араға бес айдай уақыт салып Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында Тоқтарбек Нұрбектен басым түсті.
Айбек Оралбай 90 кг салмақта до­даға қосылады. Бұл екі боксшы – егіз. Қа­зақстанның боксшылары жазғы Олим­пиада ойындарына 1996 жылдан бері тұрақты қатысып келеді, осы уақытқа дейін жеті жазғы Олимпиада ойындарына қосылды. Бірақ егіз боксшылар біздің елден барған емес. Айбек те, Нұрбек те жазғы Олимпиада ойындарында алғаш бағын сынайды.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов егіздердің жеңіске деген жігері жоғары екенін, тынымсыз тер төгіп әзірлік өткеретінін айтқан. Жеңіс жолында қандай қарсылыққа тап болса да сынып кетпейтін мықтылығын өзгелерге үлгі ететінін жеткізген еді. Демек егіздердің ел намысы үшін әлем­­дік аренада жасын ойнататын шағы жақын. Олимпиада ойындарына елімізден бір үйдің екі ұлы баратыны шетелдік ақпарат құралдарында да аз жазылған жоқ.
Әйелдер боксынан Валентина Халь­зова 75 кг салмақта сайысқа шыға­ды. Астаналық жанкүйерлер де ерекше тақым қысып, жерлестеріне болыса­тыны анық. Спорттық құзға өрме­леуден Әмір Маймұратов Париж жазғы Олимпиадасының медалі үшін жыл­дамдыққа жарысады. Астаналық спортшы төрт жылдық додасының жолдамасын Венгрияда өткен лицензиялық турнирде еншіледі.
Қазіргі бессайыстан Париж жазғы Олимпиада ойындарына астаналық Елена Потапенко да қатысады. Ол лицензияны былтыр Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында олжалады. 2021 жылы Токио жазғы Олимпиада ойындарына Еленаның да жолы түскенімен, 32 спортшының арасында 13-орынды місе тұтты.
Үстел теннисінен Кирилл Гера­сименко Париж олимпиясында Аста­надан қатысады. Қазақстан бірін­ші­лігінде бірнеше рет топ жарған, халық­аралық турнирлерде олжа салып жүрген Ки­рилл Герасименко – Гер­манияның «Вердер» клубының мү­шесі. Биылғы ақпан айында Оңтүстік Ко­реяның Пусан қаласында өткен әлем чемпионатында біздің спортшылар жоғары нәтиже көрсеткен еді.
Теннистен әйелдер арасында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева Олимпиада жүлдесі үшін кортқа шығады. Әйелдер теннисі ассоциациясының (WTA) әлемдік рейтингінде бестіктен көрініп жүрген Елена Рыбакина – Париж жазғы Олимпиясының чемпионы атанады деп үміт артар саңлақтың бірі. Ерлер додасында Александр Бублик төрт жылдық додасына қосылады. Жүзуден Әділбек Мусин 100 метрге баттерфляй және еркін түрі бойынша сынға түседі.
Астана қаласы спортшылары мен жаттықтырушыларының тыңғылықты әзірлік жүргізуіне жағдай жасалған. Барлық спортшы спорттық киім, тіпті фармакологиямен қамтылған. Спорт­шылар өздерінің денсаулық жағдайы ғана емес, функционалдық жай-күйі мен физикалық қабілеттерінің көрсет­кіштерін бақылауда жан-жақты ақпарат алуы үшін уақтылы медициналық тексерулер мен зерттеулерден өтеді.
Елорданың саңлақтары жазғы Олим­пиада ойындарынан олжасыз қайтқан емес. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы бокс­тан Данияр Елеусінов 69 кг салмақта Олимпиада чемпионы атанды.
2008 Қытайдың Бейжің қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында «дзюдо күресіне Асхат Жіткеев 100 кг сал­мақта күміс жүлде олжалады. Фи­налда моңғол балуаны Тувшинбаяр Най­данға есе жіберді.
Әйелдер күресінен Гюзель Маню­рованың да табысы толайым. Талай бай­рақты додаларға қосылған балуан жазғы Олимпиада ойындарында бір­неше мәрте жүлдегер атанды. 2012 жылы Англияның Лондон қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында қола, 2016 жылғы Рио жазғы Олимпиада ойындарының финалдық белдесуінде канадалық Эрика Уйбеге есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты.
Елорданың абыройын асқақтатын спортшылардың осындай даңқпен өрілген жеңісті жүлдесін Париж төрінде де біз есім-сойын атаған саңлақтар жал­ғайды деп сенеміз.
Дүние дидарын аударған дода
Биыл Астана қаласында бір­неше ірі дода өтті. Қаңтар айында Әмин Тұя­қовтың жүлдесіне арналған «Astana Indoor Meet» халықаралық турнирге 45 елден 136 атлет қатысты. Әлемнің 80-ге тарта еліне тікелей эфирден көрсетілді.
«World Indoor Tour» «алтын» лига­сының турнирі тек Бостон, Нью-Йорк, Мадрид, Ливен, Торун, Острава, Астана сынды жеті қалада ғана өтеді.
Мамырда дзюдодан «Qazaq­stan Barysy Grand Slam» турнирі өтті. Әлемнің 60-тан аса елінен келген балуандар рей­тинг­тік ұпай үшін белдесуде барын сал­ды.
Әйелдер арасында Ғалия Тынбаева 48 кг салмақ дәре­же­сінде чемпион атанды. Ерлер додасында Елдос Сметов 60 кг-да, Бақытжан Әбдірахманов 73 кг-да, Абылайхан Жұбаназар 81 кг салмақта халықаралық тур­нир­дің қола медалін қанағат тұтты.
Көшпелілер ойындары – әлем назарында
Қыркүйек айында Астанада Дүние­жүзілік көшпелілер ойын­дары өтеді. Бесінші мәрте ұйымдастырылатын дүбірлі дода бұған дейін Қырғызстанда үш рет, Түркияда бір мәрте ұйым­дас­тырылды. Биыл байрақты доданы Астана қаласы қабылдайды. Этнос­тық спорт түрлері бойын­ша өтетін Дүниежүзілік көш­пелілер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанның Шолпаната қаласында ұйым­дастырылған Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарына 19 елден 583 спортшы қатысып, 10 спорт түрінен додаға қосылды. 2016 жылы 622 мемлекеттен келген
1 200 қа­тысушы 26 спорт түрінен сынға түсті. 2018 жылы 82 елден 2 000 спортшы қосылса, 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен додаға 102 мемлекеттен 3 000 спортшы келді. Астанада өтетін аламанға 100-ден аса елден 3 000-ға тарта спортшы келеді деп жоспарланып отыр.
Жарыс күнделігі
2010-2011 жылы туған жасөс­пірімдер арасындағы бокстан «Qazaq Arlany» by M.Toitov бокс клубы­ның ашық рес­публикалық турнирі өтті. Ре­спуб­ликалық турнирді ұйымдас­ты­рудағы мақсат – боксшылардың спорттық шеберлігін және дәрежесін арттыру мен жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын насихаттау.
Астана күніне арналған тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдар арасында пауэрлифтингтен елорда кубогі жалауын желбіретті. Мереке қарсаңында өткен додада тірек-қимыл аппараты зақымданған азаматтар күшін сынады. Паралимпиадалық жаттығу орта­лығында өткен сайыстың маңызы зор. Мүгедектігі бар адамдар арасында саламатты өмір салтын қалыптастырып, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік, психологиялық және физикалық оңал­тудың маңызды факторы денешы­нықтыру мен спорт екені насихатталды.
Байқоңыр ауданының тұрғындары арасында волейболдан турнир ұйым­дастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында бұқаралық спортты дамыту, волейбол ойынын насихаттау және деңгейін көтеру мақсатында өткен сайысқа қатысушылар «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ша­буылшы», «Үздік үйлестіруші» аталым бойынша марапатталып, бағалы сыйлықтар алды.
Асық атудан «Астана сақасы» ашық турниріне қатысушылар (ерлер, әйелдер) ұлттық ойынымызды дәріптеп, өскелең ұрпаққа мергендік ойынның қыр-сырын көрсетті. Турнирдің жеңімпаздары Астана қаласының командасына мүше­лікке қабылданды.
Қала әкімдігінің қолдауымен Ас­тана күніне орай «Жасай бер, жайна, Астанам!» бұқаралық велошеруі ұйым­дас­тырылды. Велосипедшілер Қосшыға қарай жол бойындағы айналма веложолда 25 шақырым қашықтықты жүріп өтті.
Астана күні ат спортынан (конкурс) қалалық ашық турнирі «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру ке­ше­нінде өтті. Жүлде қоры 12 млн теңге болған тартысты бәсеке Астана қаласы әкім­дігінің қолдауымен елордадағы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы ұйымдастырды. Сонымен қатар Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы бәйге түрлерінен «Елорда кубогі» республикалық турнирін өткізді. Еліміздің барлық облысы мен қала­ларынан таңдаулы жүйріктер Астана маңындағы «Астана-Талапкер» тасжо­лындағы атшабарда бақ сынады. 7 шақырымдық құнан бәйгесінде астаналық шабандоз Арнат Мұратхан мінген «Найза» атты жүйрік қара үзіп келсе, жорға жарысында Абай облысынан ат қосқан қырғыз атбегісі Дастан Алыбакасовтың Ақжауыны алдымен жетті. Топ бәйгеде де Арнат Мұратхан Шайкүреңді тақымдап жүзден жүйрік шықты. Көпшіліктің қиқуға қиқу қосып күткен аламан бәйгесінде Қарағанды облысының шабандозы Арыс Жанаров мінген Көкшақай алдына қара түсір­мей дара келді.
10 шілде 2024 ж. 107 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031