Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Олимпиада алдындағы деңгей дәйектелді

Олимпиада алдындағы деңгей дәйектелді

Астана қаласында дзюдодан өткен «Grand Slam» турнирі аяқталды. Үш күнге ұласқан айтулы додаға әлемнің 84 елінен 450 спортшы қатысып, дода көрігін қыздырды. Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) былтыр төрт жылға келісімшарт жасасып, 2026 жылға дейін «Qazaqstan Barysy Grand Slam» турнирін өткізу мүмкіндігіне ие болды. Былтыр Астанада дүркіреген аламан биыл да өз биігінде өтті.

Олимпиада алдындағы деңгей дәйектелді

Жазғы Олимпия ойын­­дарының қарсаңындағы соңғы «Grand Slam» сериясындағы тар­тысқа рейтингтік ұпайын еселеу­ге ұмтылған кіл мықтылар жиналды. Сайыстың бірінші күнінде ерлер 60, 66 кг, әйелдер 48, 52 және 57 кг салмақта татамиге шық­қан. Ұлт­тық құраманың бас бап­кері Нұрбол Сүлейменов ел­ор­да төріндегі аламанға әр сал­мақта 4 балуаннан қосып, бір қайнауы кем жастардың да тә­жірибесін шыңдауына мүмкіндік туғызды. Бір апта мерзім бұ­рын Тәжікстанның Душанбе қала­сында өткен «Grand Slam» тур­нирінде күміс медаль олжалап, ме­рейімізді асырған Мағжан Шам­шадин іріктеу кезеңін тәуір бас­тағанымен, үшінші айналымда сүрінді. 60 килода белдесуге шық­қан Шерзод Давлатов, Дәу­рен Сүюкеновтің де қою шаң­ның арасында қалатынын көпшілік сезді. Жастар арасынан ересектер дуына жаңа қосылған жігіттерге әлемдік доданың аурасын сезінудің өзі олжа екені анық. Бұл салмақта әлем чемпионы, Жазғы Олим­пиада ойындарының екі дүркін жүл­дегері, тәжірибелі балуан Елдос Сметов қана абыройымызды асырып, медаль еншіледі. Ширек финалға дейінгі қарсыластарын айқын ұтқанымен, бейтарап спорт­шы ретінде қатысқан Ра­мазан Абдуллаевқа есе жібер­ді. Жұбаныш белдесуінде түрік­менстандық балуанды жығып, қола медаль үшін өткен тартыста Әзербайжан спортшысын жеңді.
«Астана төріндегі татамиде додаға түспегеніме 9 жылдың жүзі болыпты. 2015 жылы әлем чем­пионатын еліміз елордада өткізгенде чемпион атанып едім. Бұл жолы да барымды салып әзірлік жүргіздім. Ендігі меже – Париж Олимпиадасы. Қанжығамда әлем чемпионы атағы, Жазғы Олимпиада ойын­дарының күміс, қола медалі бар, жетпей тұрғаны – алтын жүлде. Жарақатымды емдетіп, үзілістен кейін жаттығуға қайта оралдым. Ұлттық құрама бапкерлері Париж аламанына 60 кг салмақта кімді қосатынын өздері шешеді. Сенім артса, барымды саламын», деді әлем чемпионы.
66 кг салмақ дәрежесінде әлем чем­пионатының күміс жүл­дегері, талай додаға тү­сіп ысылған тәжірибелі балуан Ғұс­ман Қырғызбаевтан көп­ші­лік жүлде күткен. Алай­да ірік­теуден аса алмады. Кері­сін­ше, Азия чем­пионатының қола жүлдегері жас балуан Жа­нарыс Рахметқали мінез көрсетті. Жеребенің оған қиын соққаны сондай, алғашқы айналымда жолы Олимпия ойын­дарының екі дүркін жүл­дегері оңтүстіккореялық Ан Баул­мен түйіскен. Жас қабылан қарсыластың абырой атағы­нан ыққан жоқ, тулақша лақтырып, ай­қын жеңді. Бірақ үшінші айналымда қар­сыласына есе жіберіп жарысты аяқтады.
73 кг салмақта Бақытжан А­б­­дырах­манов сенімді ақтады. Ши­рек финалға дейін сыралғы балуандарды ығыстырып, жартылай финалда бейтарап спортшы Данил Лаврентьевке (AIN) жол берді. Қола медаль үшін өткен бел­десуде ирлан­диялық Джошуа Гринді жеңді.
«Ересектер арасында мұндай маңыз­ды додаға тұңғыш рет қа­тыстым, әсері өзгеше болады екен. Бапкерімнің айтқан ақы­лын, тактикалық тапсырма­сын тың­ғылықты орындадым. Жеңіске жетуге ұмтылдым, бірақ тә­жірибенің кем соқ­қаны, қа­жыр-қай­ратымның әлі де толыс­пағаны аңғарылды», деді жас балуан.
81 кг салмақта Абылайхан Жұ­баназар швейцариялық Оре­льен Бонферрониді жығып, қола медаль алды. Ерлер дода­сында өзге салмақта белде­суге түскен ба­луандардың барлығы да іріктеу кезе­ңінде-ақ күйрей жеңілді. Абылайхан іріктеу кезеңінде «Grand Slam» додасында төрт мәрте топ жарып, чемпион атанған жапон Фудзиваро Сатароны, бейтарап спортшы ретінде аламанға қатысқан Рио Олимпиадасының чемпионы Хасан Халмурзаевты қапы қалдырды.
Қыздар додасында балуанда­рымыз бір алтын медаль олжала­ды. Жас­тар­дың басым көп­шілігі алғашқы айна­лымда күй­рей жеңілді. Тек 48 кг сал­мақ дә­режесінде құрама көш­бас­шылары­ның бірі Ғалия Тын­баева чемпион атанып, қазақ спортында «Grand Slam» турнирін ұтқан алғашқы балуан қыз ретінде есімін тарихқа қашады. Бұған дейін Моңғолиядан келген Галбадрах Отгонцецег «Grand Slam» сынды айтулы аламанда топ жарып, мерейімізді асырған еді. Қазақ спортшыларының да қарымды екенін Ғалия балуа­н паш етті. Іріктеу кезеңінде Тунис, Тайпей, Түр­кия спортшы­ларын жығып, жартылай финалда әлем чемпионатының кү­міс жүлдегері «Grand Slam» се­рия­сында талай мәрте топ жар­ған тә­жірибелі француз балуаны Ширин Бокулиден басым түсті. Ал финалдық тартыста бей­тарап спортшы есебінде қа­тысқан «Grand Slam», «Grand Prix» додаларының чемпионы Сабина Гилязованы сүріндірді. Ғалия елорда төріндегі додада не бел ке­тер, не белбеу кетер деп зор тә­уе­келге барғанын жет­кізді. Елі­мізде өткен әлемдік додада Ән­­ұра­­нымызды шырқатқан балуан қыз әр­бір белдесуі жеңіл соқ­пағанын атап өтті.
Жақсылық Үшкемпіров атын­­дағы Жекпе-жек сарайын дү­бірге бөлеген айтулы аламан да тарих қойнауына кетті. Ұлт­тық құраманың бас бапкері Нұр­бол Сүлейменов елімізде өт­кен додаға негізінен жастарды қосып шыңдап алуды көз­дегенін, тәжірибелі тісқаққан балуандармен күш сынасу арқылы ысылатынын айтты.
«Жігіттер де, қыздарымыз да барын салып күресті. Кем соқ­қан, қателік жібергендері де бар. Бірер күнде Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қала­сында әлем чемпионаты өтеді. Сол сыннан кейінгі меже – Па­риж Олим­пиадасы. Олим­пиадалық рейтингте таң­даулы 17 балуанның сапына қосылған қыз-жігіттерге осы екі бірдей ма­ңызды додада сенім артамыз», деді бас бапкер.
«Qazaqstan Barysy Grand Slam» турнирінде чемпион атанған балуанға – 1 000, күміс жүлде ие­геріне – 700, қола медаль олжа­лаған балуандарға 500 рейтингтік ұпай жазылды.
14 мамыр 2024 ж. 237 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930