ЖАСА, ЖАСА, ЖАҚСЫЛЫҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ!
Күрестегі көп жастардың кумирі кім десеңіз, Жақсылық Үшкемпіров есімін естисіз. Әлбетте, спорттағы шың саналатын Олимпиаданың алтынын алған ардақты азаматқа кімнің болсын ұқсап бағуға таласы бар. Тек балуандардың ғана емес, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Мәскеу олимпиадасының чемпионы бұл құрметке тиісті жауап қайтаруға қашан да тырысады. Осы мақсатта дәстүрлі түрде жастар арасында халықаралық турнир өткізіп келеді. Грек-рим күресінің шеберлері шыңдалатын жарыс биыл Ақтау қаласында өтті. «Маңғыстау аренаның» күрес залында шет мемлекеттердің жас балуандары мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар белдесті.
Турнирдің құрметті қонақтары қатарында Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, әлем чемпионы Бақтияр Байсейітов, Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, әлем біріншілігінің жеңімпазы Әсет Иманбаев сияқты даңқты балуандар болды. Жарыстың ашылу салтанатына аймақ басшысы Ералы Тоғжанов қатысып, кеш шымылдығын ашты. «Маңғыстау жұртшылығы үшін қуанышты екі жаңалық болып отыр. Біріншісі – Үшкемпіров турнирінің облысымызда өтіп жатқаны болса, екіншісі – Спорт сарайының құрылысы басталғаны. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке ұқсағысы келетін, үлгі алатын жастардың саны артуы үшін осындай шаралар көптеп ұйымдастырылуы керек» дейді Ералы Лұқпанұлы.
Әзірбайжан, Грузия, Иран, Қырғызстан, Лтива, Ресей, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан және Қазақстан балуандары бозкілемде белдесулер өткізді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшерлері де көлемді. Алтын медаль иегеріне – 1000 АҚШ доллары, күміске – 700 АҚШ доллары және қола медаль үшін 500 АҚШ доллары берілді. Сонымен бірге, чемпионның жаттықтырушысына 500 доллар көлемінде сыйақы тағайындалған. Жыл сайын Жақсылық Үшкемпіровтың туған күні қарсаңында, мамырдың басында оңтүстікте өтетін шара биыл алғаш рет батыста ұйымдастырылып отыр.
Бүгінде ұлттық құрама сапында жүрген балуандардың басым көпшілігі осы турнирдің жеңімпазы болған еді. Өйткені бұл – «Қазақстанның спорт шебері» атағын беретін беделді жарыс ретінде ғана емес, үлкен спортқа жол ашатын трамплин десе де болады. Біріншіліктерге іріктеу барысында да осы турнирдің қорытындысы ескеріледі.
Турнирден тобықтай:
дерек пен дәйек
Биылғы турнир он салмақ дәрежесінде, «Біріккен күрес әлемі» бекіткен жаңа ереже бойынша өтті. 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 87, 97 және 130 келіде тартысты белдесулердің куәсі болдық.
Ең жеңіл салмақ 55 келіде 22 балуан белдесті. Оның ішінде Әзірбайжанның 2, Грузияның 1, Иранның 1, Қазақстанның 14, Қырғызстанның 2, Өзбекстанның 2 спортшысы бар. 60 келі – балуандар саны көп салмақ дәрежесі. 27 балуанның басы қосылып, алғашқы үштікке ену үшін тартысты. 19 отандасымыз, Әзірбайжан мен Қырғызстаннан қос-қостан, Өзбекстан, Литва, Иран, Грузиядан бір балуаннан қатысты. 63 келіде 18 спортшының таласы өтті. Оның ішінде 14-і – Қазақстаннан. Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Литвадан бір-бір спортшы қатысты. Келесі салмақ дәреже-
сі – 67 келі. Жалпы саны 20 балуанның басы қосылса, оның 15-і – отандастарымыз, Өзбекстаннан 2, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузиядан бір спортшы келді. 72 келіде 19 балуан белдесті: 12 қазақстандық, 3 тәжікстандық, бір-бірден әзірбайжандық, грузиялық, қырғызстандық, ресейлік балуандардың кездесуі өткен еді. 77 келіде 9 қазақстандық және әзірбайжандық, грузиялық, қырғызстандық, литвалық, украиналық спортшылар қатысты. Ең аз балуандар қатысқан салмақ – 82 және 130 келі. 82 келінің бесеуі – қазақстандық, қалғандары – әзірбайжандық, грузиялық, қырғызстандық атлеттер. 97 келіде 10 балуан қатысты: жетеуі – отандасымыз, қалғандары – Грузия, Иран, Қырғызстан спортшылары. Ең ауыр салмақта 8 балуан қатысты. Бұл салмақ дәрежесінде Қазақстаннан – 6, Иран мен Әзірбайжаннан бір спортшыдан белдесті.
Қорытындылай келе, қатысушылардың жалпы саны – 155. 107 қазақстандық, 10 әзірбайжандық және грузиялық, 4 ирандық, 11 қырғызстандық, 3 литвалық, тәжікстандық, 5 өзбекстандық және бір-бірден ресейлік және украиналық балуандар бас қосты.
Командалық есеп бойынша нәтижелермен таныстыра өтейік. 230 балмен Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленсе, Әзірбайжан 157 балмен екінші орынға, Грузия екі балл айырмашылықпен үшінші орынға табан тіреді. 115 ұпай еншілеген Қырғызстан командасы төртінші орынға, 50 ұпаймен Иран бесінші орынға ие болды. Өзге құрамалардың қорытындысы: Литва (35), Өзбекстан (30), Ресей (15), Тәжікстан (10), Украина (9).
55 келіде: Арслан Әбдурахман (Қазақстан) – бірінші, Олжас Сұлтан (Қазақстан) – екінші, Алмас Тұрсынов (Қазақстан) пен Зулфигар Алиев (Әзірбайжан) – үшінші орын.
60 келіде: Ғалым Қабдунасыр (Қазақстан) – бірінші, Заур Нуриев (Әзірбайжан) – екінші, Ақжол Тұяқов (Қазақстан) пен Нұрболат Темірбаев (Қазақстан) – үшінші орын.
63 келіде: Камран Мырзалиев (Әзірбайжан) – бірінші, Асаухат Мұхамадиев (Қазақстан) – екінші, Тілек Әсембаев (Қазақстан) пен Мадияр Малтекбаев (Қазақстан) – үшінші орын.
67 келіде: Алматбек Аманбек (Қазақ-стан) – бірінші, Мерей Бекенов (Қазақстан) – екінші, Джони Хетсурани (Грузия) мен Зелімхан Әлиев (Қазақстан) – үшінші орын.
72 келіде: Улви Ганизаде (Әзірбайжан) – бірінші, Дәулет Ларионов (Қазақстан) – екінші, Азат Садықов (Ресей) пен Диас Қален (Қазақстан) – үшінші орын.
77 келіде: Насир Хасанов (Әзірбайжан) – бірінші, Ели Магомадов (Қазақ-стан) – екінші, Титазс Керсевициус (Литва) пен Темірлан Бектурдиев (Қырғызстан) – үшінші орын.
82 келіде: Айвенго Рикадзе (Грузия) – бірінші, Умал Даудов (Қазақстан) – екінші, Еламан Аюп (Қазақстан) пен Азат Салидинов (Қырғызстан) – үшінші орын.
87 келіде: Санжар Темірбек (Қазақстан) – бірінші, Хасан Фороузандеходжанбейглоу (Иран) – екінші, Мағауия Хамзин (Қазақстан) мен Темури Чхуалидзе (Қазақстан) – үшінші орын.
97 келіде: Евгений Горбужняк (Қазақстан) – бірінші, Хамидреза Бадкан (Иран) – екінші, Данияр Шерімбеков (Қазақстан) пен Ника Ломидзе (Грузия) – үшінші орын.
130 келіде: Антон Савенко (Қазақстан) – бірінші, Бека Макаридзе (Грузия) – екінші, Константин Рахимов (Қазақстан) пен Әлібек Сәрсенғалиев (Қазақстан) – үшінші орын.
Жадыра АҚҚАЙЫР