Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Головкиннің келесі қарсыласы кім болады?

Головкиннің келесі қарсыласы кім болады?



Қазақстан мен әлем бокс жанкүйерлері Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы алыптар айқасын көруі тиіс болатын. Алайда мексикалық боксшының ағзасынан тыйым салынған дәрі табылып, оны Невада атлетикалық комиссиясы жарты жылға бокстан шеттеткен-ді. Дегенмен Головкиннің командасы дер кезінде «Канелоны» алмастыра алатын боксшыны іздеп, қаны армиян, бірақ АҚШ азаматтығы бар Ванес Мартиросянды тапты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Өздеріңіз көргендей АҚШ-тың Карсон қаласындағы StubHub Center аренасында өткен кездесуде отандасымыз жекпе-жекті ұзаққа созбай-ақ небары екінші раундта-ақ америкалық Ванес Мартиросянды нокаутпен жеңді. Бұл 36 жастағы қазақстандық боксшының кәсіпқой бокстағы 38-ші жеңісі болса, 32 жастағы Мартиросянның карьерасында төртінші жеңілісі.
Бұл кездесуде Геннадий Головкин өзінің WBA титулын 19-шы, WBC белдігін төртінші, IBF белбеуін бесінші және IBO титулын 17-ші рет қорғады. Тағы бір айта кететін жайт, Головкин осыдан дәл 12 жыл бұрын, яғни 6 мамыр күні Германияда өзінің кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін венгриялық боксшы Габор Балогқа қарсы өткізіп, бірінші раундта нокаутпен жеңген болатын. Головкин-Мартиросян жекпе-жегі туралы жазбамызды осы жерден тәмәмдап, отандасымыздың келесі қарсыласы кім болуы мүмкін деген сұраққа жауап іздеп көрсек.
Дәл қазір Головкинмен жекпе-жек өткізуі мүмкін болған нақты үш боксшының есімі белгілі. Олар: Сауль Альваерс (Мексика), Билли Джо Сондерс (Британия) және Сергей Деревянченко (Украина). Енді осы боксшыларға жеке-жеке тоқталып өтсек. Яғни, дәл Сіздің ойыңыздағы Головкин неге ол боксшымен шығуы керек және неге ол боксшымен шаршы алаңда неге жолықпағаны дұрыс деген сұраққа барынша түсінікті жауап беруге тырысып көрейік.
Неге Сауль Альваерспен жекпе-жек өткізуі керек?
Дәл қазіргі уақытта Головкин мен Альварес кәсіпқой бокстың орта салмағындағы үздіктер. Былайша айтқанда, атамандар. Головкинге Альварес орта салмақтағы нағыз чемпионды анықтау үшін керек. Екі алыптың арасындағы алғашқы кездесу тең нәтижемен аяқталғаны баршаңызға белгілі. Әлем жұртына да және өзара кім мықтыны анықтау мақсатында да Головкин-Альварес жекпе-жегі өтуі керек. Екіншіден, бұл кездесу Головкинге қаржылық жағынан өте тиімді. Ол бір жекпе-жек арқылы алдағы 4-5 кездесудің гонорарын алуы мүмкін. Сондықтан Головкин-Альварес жекпе-жегінің өткені отандасымызға атақ және қаржылай сыйақы үшін өте тиімді.
Головкин Альваерспен неге жұдырықтаспауы керек?
Баршаңызға белгілі, Головкин жыл өткен сайын қартайып жатса, Альварес керісінше қайратына, күшіне мініп келеді. Сауль алғашқы жекпе-жекте Головкиннен жеңілгенін мойындамаса да, іштей есе жібергенін біледі. Сондықтан ол көктемгі жекпе-жектен әдейі бас тартып, бар мәселені күзде шешкісі келеді. Және де ол Головкинді жекпе-жек өткізуге көндіре алатынына сенімді. Бір кездесуге екі немесе үш миллион доллар алып жүрген Геннадийге Сауль бірден 30 миллион доллар сыйақы ұсынса, отандасымыз бас тарта алмайтыны белгілі. Мексикалық боксшының мақсаты – отандасымызды қартайған уақытында жеңу.
Егер Головкин Альвареспен ақша үшін жұдырықтаспаса, барша жанкүйерлер алдында өзінің мықты екенін дәлелдеу үшін кездеспей-ақ қойғаны дұрыс. Өйткені отандасымыз мексикалық боксшыдан мықты екенін, оны жеңгенін алғашқы кездесуде-ақ дәлелдеп тастаған. Сондықтан Головкин үлкен тәуекелге бармай, күз мезгілінде Сондерспен шыққаны дұрыс.
Неге Билли Джо Сондерспен жекпе-жек өткізуі керек?
Британдық боксшы қазір WBO белдігінің иегері. Ал Головкинге орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атану үшін дәл осы белдік жетіспей тұр. Бір жылдан бері Головкиннен қашып жүрген ол күз мезгілінде тұтылуы мүмкін. Өйткені ол маусым ойының 23-і күні отандасымыздың бұрынғы қарсыласы Мартин Мюррейге қарсы WBO белдігін қорғайтын болды. Егер ол белдігін сәтті қорғайтын болса, Головкиннің командасы оған ары қарай қашатын себеп қалдырмай, жекпе-жек өткізуден бас тарта алмайтындай келісімшарт ұсыну керек. Себебі, Головкин биыл, яғни күзде орта салмақтың бүкіл белбеуін иелене алмайтын болса, жағдайы қиынға соғады. Тіпті белдіктердің басын біріктіремін деп жүргенде өзі барлық титулынан айырылып қалуы бек мүмкін. Сондықтан Головкин осы күзде Сондерспен арадағы барлық мәселені шешіп тастау керек. Ал бұл жерде Головкин Сондреспен неге жұдырықтаспауы керек деген сұрақтың өзі әбестік болар? Сол үшін Головкин-Сондерс жекпе-жегі осы күзде міндетті түрде өтуі тиіс.
Неге Деревянченкомен жекпе-жек өткізуі керек?
Головкин Мартиросянға қарсы жекпе-жекке өткізерден алдын Халықаралық бокс федерациясы (IBF) өздерінің белдігін Ванеске қарсы қорғауға қарсылық білдірген. Ұйымның айтуынша, қазақстандық боксшы міндетті қарсылас украиналық Сергей Деревянченкомен кездесуі керек болған. Алайда Геннадийдің командасы IBF ұйымынан белбеуді қорғау мерзімін кейінге шегеруге рұқсат сұрап, аталған ұйымға 20 мың доллар өтемақы төлеген. Дегенмен IBF украиндық боксшымен жекпе-жектің келісімшарты қағаз жүзінде 3 тамызға дейін жасалуы тиіс. Егер бұл шарт орындалмаса, Головкин IBF белбеуінен айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан Головкин Альварес және Сондерспен жұдырықтасқанға дейін Сергей Деревянченкомен кездесуі керек.
Головкин Деревянченкомен неге жұдырықтаспауы керек?
Бұған дейін Сергей Деревянченконың командасы Головкиннің промоутеріне бірнеше рет жекпе-жек өткізуге ұсыныс жасағанымен, оны Том Леффлер қайтарып тастады. Себебі, дәл қазіргі жағдайда Головкин үшін Деревянченко қаржылық жағынан, көрермен тарту мен билет сату жағынан және тағы басқа талаптар бойынша өте тиімсіз қарсылас.
Өздеріңіз білетіндей, кәсіпқой бокс спортқа қарағанда, көбірек бизнеске ұқсап бара жатыр. Бүгінде кімде қаржы көп болса соның сөзі өтімді және билік те сол боксшы жақта болады. Қазіргі жағдайда басқа боксшыларға қарағанда Головкиннің қаржы және абырой жағынан сөзі өтімді. Ал Деревянченкода күш пен тәжірибе болғанымен, әлемге танылған атағы да, жекпе-жектен жинаған мардымды қаржысы да жоқ.
Маман пікірі қандай?
Бокстан Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевтың пайымдауынша, Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы британиялық Билли Джо Сондерс болуы мүмкін. «Қазір Сондерсте Головкинге жетпей тұрған WBO белдігін бар. Сондықтан Головкинге алдағы уақытта британиялық боксшы қарсылас атануы мүмкін. Себебі, Сондерс Голвкинмен кездесетін болса, үлкен қаржыға кенелетіні анық. Дегенмен Билли Головкинмен кездескен жағдайда, ол отандасымызға аса қиындық туғыза қоймайды. Өйткені Сондерстің айтарлықтай жойқын соққысы жоқ. Сондықтан ол жекпе-жек бойы қашумен болады. Оның жеңіске жетуге мүмкіндігі бола қоймас», дейді Олимпиада чемпионы.
Спорт журналисі Абай Аймағамбеттің айтуынша, Головкин келесі жекпе-жегін британиялық боксшы Билли Джо Сондерспен өткізгені дұрыс. Өйткені отандасымыздың Альвареске қарсы өткізетін жекпе-жектің қызығы кетіп қалды. Яғни, бұл кездесу жанкүйерлерге қызық емес дейді.
«Меніңше, Головкин WBO белдігі бар Сондерспен кездесіп, орта салмақта барлық титулдары түгендегені абзал. Жанкүйерлер арасында Альвареске қарсы өткізетін жекпе-жектің қызығы кетіп қалды. Оның үстіне мексикалық боксшы 5 мамыр күнгі жекпе-жектен өзі бас тартқаны бар. Мұның бәрі бұл жекпе-жекке кері әсерін тигізді деп есептеймін. Күз мезгілінде Головкин-Альварес айқасы өткенімен, әлемдік боксқа серпіліс береді деп айта алмаймын. Ал Сондерспен шықса, жанкүйерлер арасында Головкинге деген өзгеше көзқарас туындап, көрермендер де тартысты жекпе-жектің куәсі болар еді. Сонымен қатар, отандасымыз Деревянченкомен кездесу өткізсе, сұрапыл айқастың куәсі болар едік. Өйткені украиналық боксшыны қазақ жанкүйерлеріне «Астана арландары» бокс клубы арқылы жақсы таныс», - дейді ол.
Ал отандасымыздың жаттықтырушысы мүлде басқа пікірде. Оның пайымдауынша, Головкин-Сондерс жекпе-жегі өтпеуі де мүмкін. Себебі, британиялық боксшы отандасымызбен жұдырықтасуы үшін өте ірі көлемдегі гонорар талап етуде.
«Сондерс Головкинмен ешқашан жекпе-жек өткізбейді. Өйткені ол өте көп сомада қаржы талап етуде. Мысалы үшін Сондерс Дэниэл Джейкобспен рингте кездесуі үшін жеті миллион доллар сұраған. Осыдан-ақ ойлай беріңіз, ол Головкинмен шығу үшін қанша қаражат сұрағанын. Сондықтан, біз WBO белдігін ала алмаймыз. Головкиннің өзіне де дәл қазір бұл белдік аса қажет те емес.
Головкиннің келесі қарсыласы кім болуы мүмкін деген сұраққа келсек, бізде бірнеше нұсқа бар. Олар: Мурата, Джейкобс, Чарло және Деревянченко. Сондай-ақ «Канеломен» қарымта кездесу өткізгіміз келеді. Бұл айқас біз үшін қаржылық жағынан емес, кім мықты анықтау үшін тиімді», - дейді Санчес.
Головкиннің ендігі таңдауы қалай болмақ?
Головкин бүгінгі жеңісінен кейін кез келген қарсыласпен шығуға дайын екенін айтып, «Канеломен» екінші рет кездесу өткізуге қарсы еместігін жеткізді. Отандасымыз бүгін ет қызумен барлығына дайын екенін айтқанымен, ол алдағы қадамын командасымен ақылдаса отырып жасағаны дұрыс.
Геннадий Головкин үшін қазіргі ең тиімді жоспар алдағы екі айдың көлемінде Деревянченкомен жекпе-жек өткізіп, 6-7 айдан соң Билли Джо Сондерспен орта салмақтағы абсолюті әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасқан тиімді сияқты. Британиялық боксшының өзі де бірнеше рет Головкинмен жұдырықтасуға қарсы емес екендігін айтып жүр.
Головкин Сондерсті жеңетін болса, онда еш ойланбастан Альвареспен өтетін жекпе-жектің уақытын белгілей беруге болады. Дегенмен бұл кездесу биыл емес, келесі жылы өтетін сияқты. Себебі Оскар Де Да Хойя өзінің «алтын баласын» алты айлық үзілістен соң Головкинге «талатып» қоймайтын шығар. Егер Генадий қатарынан аталған үш жекпе-жекте жеңіске жететін болса, кәсіпқой бокс тарихына енетіні анық. Және де осы абыройымен қолғабын шегеге ілсе де болады.
Сіздің пікіріңізше Головкин кіммен жұдырықтасқаны дұрыс?

Baq.kz
08 мамыр 2018 ж. 1 006 0