Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАНИЯРДЫҢ КЕЛЕСІ ҚАРСЫЛАСЫ КІМ?

ДАНИЯРДЫҢ КЕЛЕСІ ҚАРСЫЛАСЫ КІМ?


Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің менеджері Зия Алиев келесі жекпе-жек туралы айтты. Оның сөзінше, Елеусінов келесі кездесуін алтыншы маусымда Лондонда өткізбек.
–Біз қарсылас таңдау кезінде қателескен жоқпыз. Дегенмен Даниярдың оны жеңетінін білдік. Келесі қарсылас та әлсіз болмайды. Мықтырақ. Тәжірибесі де баршылық. Бірақ Данияр оны да жеңуі тиіс. Ертең Флоридаға аттанып, дайындықты бастап кетеміз. Үш апта жаттығу жасағаннан кейін, төртінші аптада Лондонға барамыз. Себебі, сол жақтың климатына бейімделу керек. Сағат айырмашылығы да басқаша. Бәрі жақсы болады деген сенімдемін, – деді ол.
Еске салсақ, 27 жастағы қазақстандық олимпиада чемпионы Нью-Йоркте өткізген дебюттік кездесуінде америкалық қарсыласы Ноа Киддті нокаутқа түсірген. Жекпе-жек техникалық нокаутпен үшінші раундта аяқталды.
–Дебют сәтті өтті. Данияр өзін жақсы сезінуде. Ол біз күткен нәрсені толық орындады. Америкалықтарша айтқанда, ол «шоуды ұрлап» кетті. Яғни, оның кездесуі көрермендер үшін Джейкобстың жекпе-жегінен де қызығырақ болды. Мұны америкалық ресми басылымдар да жазып жатыр», – дейді менеджер.
Бокс кешінің басты жекпе-жегі америкалық Дэниэл Джейкобс пен поляк Мацей Сулецки арасында өрбіген. Төрешілердің бірауыздан шешімімен кездесуде америкалық боксшы жеңіске жетті.
Белгілі ресейлік промоутер Владимир Хрюнов Головкинге қарағанда Даниярдың жолы жеңілірек болады деп санайды.
–Оның кәсіпқой бокс әлемінде ең биік жетістікке жетеріне еш күмәнданбаймын. Ең бастысы, оның бойында боксшыға керек қасиеттер бар. Деңгейі – өте жоғары. Головкин өз карьерасын бастаған кезде өте көп күш жұмсады, күресті. Себебі, оның алғашқы промоутерлік ұжымы оған тиісті назарды бөлген жоқ.  Ал Данияр мықты менеджерлердің ортасына түсті. Эдди Хирн мен Зия Алиев – әлемдегі ең кәсіби, талантты мамандар. Даниярды да халық жақсы көреді, көпшілікке сүйкімі бар жігіт. Бокстың өнер екенін ол дәлелдей алды. Енді келесі жекпе-жегін асыға күтемін, – дейді ресейлік маман.
Елеусіновтің өзі осыған дейін промоутері Эдди Хирнмен жолы қалай түйіскенін айтып берген еді.
–Менің промоутерлерім Эддиге мен туралы айтқан. Ол да сұрастыра бастайды. Ұлыбританиядағы командада бапкерлер де, боксшылар да мен жайлы біледі. Олар мені Хирнге айтқан.  Бізде жақсы боксшылар көп болды. Олимпиада чемпиондары да. Бірақ оларда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Геннадий Головкин біздің кәсіпқой бокста да жоғары жетістікке жете алатынымызды дәлелдеп берді. Әзірге жекпе-жектерім Нью-Йорк, Лондон және Монако да өтеді. Алайда Астана қаласында да жекпе-жек ұйымдастыру жоспарда бар. Әуесқой бокста мені контрпанчер деп атайтын. Біз онда ұпай алуға әрекеттенеміз де, нокаутқа жіберуге құмартпаймыз. Қолғаптары да басқаша. Кәсіпқой бокста өз стиліңді қалыптастыру керек. Мен мұнда мүлде басқа бокс көрсетемін, – деді Данияр.
«Эдди Хирннің еңбегінің арқасында Энтони Джошуа әлемге танылды. Мен де дәл осындай жолмен жүргім келеді. Сол себепті, біз Хирнді таңдадық. Ол мен үшін әлемдегі нөмірі бірінші промоутер» деп атап өтті қазақстандық боксшы.
 
Абай Аймағамбет
30 сәуір 2018 ж. 884 0