Бүгін Сан-Мариноны жеңе аламыз ба? – футбол мамандары жауап берді
Бүгін футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысы аясында Қазақстан құрамасы Сан-Марино құрамасымен кездеседі. Ойын туралы спорт сарапшылары мен футболшылардың пікірін білдік.
Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі, спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, ұлттық құраманың дайындығы жоғары деңгейде.
«Ұлттық құрама кеше жаттығу жұмыстарын өткізді. Жарақат алған Бахтиёр Зайнутдинов пен Александр Зуевтен басқалары бүгінгі ойынға сақадай сай. Сонымен қатар шабуылшы Абат Айымбетов өткен жолы қызыл қағаз алғандықтан, бұл ойынға қатыспайды. Сан-Марино – Қазақстан ойынында букмекерлік кеңселер біздің құраманы фаворит санап отыр. Жалпы мамандар да солай ойлайды. Сондықтан фаворитпіз, жеңуіміз керек. Данияны жеңгеннен кейін біздің жігіттерде сенім пайда болғанын білесіздер. Қазір кез келген құраманы ұтуға болады деген ойдамыз», – дейді ол.
Мақтаарал футбол клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов те бұл ойында Қазақстан құрамасының жеңіске жететініне сенім білдірді.
«Бұл ойынның оңай болмайтынын ескеруіміз керек. Қазір Сан-Марино бұрынғы Сан-Марино емес. Біздегі секілді оларда да даму бар. Жалпы уақыт өткен сайын футболдың деңгейі өсіп жатыр. Сондықтан бүгін 3 ұпай аламыз деген ойдамын», – дейді ол.
Ал футболшы Ұлан Қонысбаев бүгінгі ойынның қандай есеппен аяқталатынына болжам жасады.
«Бүгінгі ойында қазақтың жігіттері ұтады деген сенімдемін. Өйткені Сан-Мариноны жеңбесек, қазақ футболына сын болады. Есеп 3:0 немесе 2:0 болатын секілді», – дейді футболшы.
Футбол комментаторы Ерсін Еріктің айтуынша, бүгін Қазақстан құрамасының жеңісіне сенсек те, бұл ойын оңай болмайды.
«Бұл ойында Қазақстан жеңеді деп ойлаймын. Өйткені Сан-Мариноның деңгейі біздікінен әлдеқайда төмен. Алайда біз көптеген еуропалық командалармен фаворит ретінде ойнамаймыз. Сондықтан Сан-Марино секілді командаға қарсы ойнаған кезде бірінші нөмірмен ойнаған бізге қиын болады. Өйткені біз басқа құрамалармен ойнаған кезде екінші нөмерде болып үйреніп қалдық. Даниямен де, Словакиямен де солай ойнадық. Оның үстіне сырт алаңдағы матч. Қанша дегенмен Қазақстан құрамасының жеңісіне сенсек те, бұл ойын оңай болмайды. Сан-Марино, Лихтенштейн, Люксембург, Гибралтар сияқты құрамалар бұрын әлсіз еді. Оларды Еуропаның топ құрамалары 5:0, 9:0 есебімен жеңетін. Қазір ондай есеп тіркелмейді. Өйткені олар да футболды үйреніп алды.
Біздің жігіттер қазір бабында. Оның үстіне Данияны ұтқаннан кейін бұл кездесуде минималды есеппен болса да, 3 ұпай алуы керек.
Абат Айымбетовтің жоқтығы құрамаға әсер етеді. Бірақ та оның жағдайы туралы бас бапкер кеше ғана білген жоқ. Оның ойнамайтыны Данияға қарсы ойында белгілі болған. Сол үшін де ұлттық құрамаға шақырту алған ойыншылардың ішінде өзгерістер болды.
Осы Сан-Маринодан құрамалардың көбі 6 ұпай аламыз деп есептейді. Қазақстанда да сондай жоспар бар. Менің ойымша, біздің құрама 2:0 есебімен жеңіске жететін секілді, бірақ ірі есептің тіркелуі екіталай», – дейді ол.
Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев матчтың алдында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген болатын.
«Біз қарсыласпен қалай ойнайтынымызды жоспарлаймыз. Үнемі жадымызда ұстайтын жоспарлы өзгерістер бар. Бірақ ойында әртүрлі жағдай болады. Сан-Мариномен ойыннан кейін біздің құрамда өзгерістер болуы мүмкін. Соны ойлап жүрмін. Ойынның жоспарын жасадық. Енді матчты күтейік. Кейбір ойыншыларға қатысты сұрақтар бар. Біз соңғы жаттығудан кейін екі позицияны шешеміз», – дейді ол.
Адиевтің айтуынша, Қазақстан құрамасына фаворит деген баға беріліп жатқанына қуануымыз керек. Бірақ ешқашан босаңсуға болмайды. Өйткені ол ештеңені білдірмейді. Фаворит болғаның үшін ұпай берілмейді. Барлығын жасыл алаңдағы ойын шешеді.
«Құрама командада бәсекелестік бар. Сондықтан оларға оңай емес. Мен командадағы ойыншылардың бәріне сенемін. Бірақ мүмкіндіктері қаншалықты екенін нақты білмеймін. Ойын барлығын көрсетеді. Кейде жоспардан тыс шешімдер қабылданады. Ойламаған футболшы алаңға шығатын жағдайлар да болады», – дейді бас жаттықтырушы.
Айта кетейік, екі құрама арасындағы матч Италияның Парма қаласындағы «Эннио Тардини» стадионында өтеді. Ойынның тікелей көрсетілімін «Qazsport» телеарнасы ұсынады. Кездесу Астана уақытымен 00:45-те басталады.
Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында 3 ұпай бар. Команда Н тобында үшінші орында келеді. Ал Сан-Марино әзірге ұпай еншілемей, топта соңғы орында тұр.